Әсел Оспан

Сағынба мені,
                   қайтесің енді сағынып, 
Жайымды менің
              жүрсің бе енді жаңа ұғып.
Жылдарда қалды
                көнеріп кетті көмескі із,
Бұйырды  тағдыр
                өзгенің сені жары ғып.

Сағынба мені,

            шағала сезім  кетті ұшып,
Сезімдер тұнып,
          мөлдіреп тұрып төкті шық.
Оятып кеткен
              таңдарға  жалғап үмітті,
Айналып жырға  
       кеткенмін бірге  көкке ұшып.

Сағынба мені,
                 арада  жылдар өтсе де,
Басымнан бұлттай 
                  Алатау асып көшсе де.
Көктемім кеп,
                орнаса жанға жазым да,
Жаңбырлы  күздің   
                 ызғары  сүйіп өпсе де.

Сағынба мені,
              әппақ қар басса даланы,
Ұлпаға бөгіп,
              тұрса да мүлгіп қаланы.
Сен жүрген жолдың 
              іздерін басып ақ шынар,
Сағынған жүрек
              қарсыз да үсіп тоңады.

Сағынба мені,
               сағынғым сені келмейді,
Тіршілік бар да
                   үмітім ешбір  өлмейді.
Таңымда көрген
                 ғажайып түсім сиякты,
Түсімде ғана
              бүршігін жарып гүлдейді.
Сағынба  мені,
                сағынғым сені келмейді...

                         ***
                Хабарсыз кеттің
Хабарсыз кеттің, шыдамнан қалдырмай түк,
Сол түнгідей жаумады жаңбыр  қайтып.
Биік едім,  шөгіп барам, тозды жан,
Мұнар-мұнар мұңымды тағдырға айтып.

Хабарсыз кеттің, хабарың маған жүр жетпей,
Сенсіз тағы қырларда гүлдер гүлдеп кей.
Іргеме бақыт  байлар деп күткен үмітім,
Талай  жылдардан жүр  кетпей...

Хабарсыз кеттің, армандар бірге  кетті өліп,
Кете де алмай жақсы да көріп, жек көріп.
Алқымға келген ащы  жас тағы  іркілді,
Тұншықтым  тағы кептеліп...

Хабарсыз кеттің,  ұзатып мені  жылдарға,
Тастадың ба екенсің жүректі жұлып құздарға.
Тірліктің ғана  желігі басып еңсеңді,
Қалды ма бәрі, қалды ма жайда ізгі-арман....