Әлібек  Шегебай

Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы, Сүткент ауылында дүниеге келген. Республикалық «Жалын» журналында жарық көрген өлеңдер топтамасына Т.Айбергенов атындағы сыйлық берілді. 2002 жылғы Астана қаласында өткен Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Шығармашылықтағы жетістіктері үшін 2004 жылы Қазақстан Жастар одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты атанды. 2002 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Бірнеше жыр жинақтарына өлеңдері енген. «Алакеуім», «Әйнекке түскен Ай сәуле», «Ақ қауырсын» атты жыр кітаптарының авторы.

 

 

Жасырып қайтем жарамды,
Асырып қайтем бағамды.
Ауылдан ұзап көрмеген
Көшіріп алдым Анамды.

Ауылым қалды аңырап,
Айдыным қалды жамырап.
Қонысым болған қырық жыл
Шаңырақ қалды қаңырап.

Жанарым жасқа тұнғанда,
Мұң тұрды мұздай - мұржамда.
Шырылдап кетті-ау жүрегім
Қақпаны жауып тұрғанда.

Мойныма таққан тұмарым,
Кешегі қайда жыр, әнім,
Есіме түсіп көп жайлар
Егіліп тұрып жыладым.

Солай ғой.., 
Солай, 
Сол-ақ мұң,
Мен енді саған қонақпын.
Сағымға орап сақтаған
Сағынышымды жоғалттым.

Тағдырға бар ма амалым,
Соңғы рет тағы қарадым.
Арманмен кеткен ақын ем,
Ауылға кім боп барамын?!

Сағыныш атты сыр – кептер,
Жүрекке қаттап жыр бүктер.
Күндерге сонау сүйрейді
Санада қалған суреттер.

Өсіп ек сенде жамырап,
Кетіп ек сенен тамыр ап.
Әкемнің болған көзіндей
Қайран да қара шаңырақ
Қалдың ба, солай, қаңырап!



Жеті сан. Жетім мұң

 



Ата-бабам аңсап өткен азат күн, 

Басымызда тұр ғой бәрі ғажаптың. 

Жетесіздің демесін – деп, баласы 

Жеті санын қадір тұтқан қазақпын.

 



Жұт та жетеу, құт та жетеу, жеті күн, 

Жеті дыбыс, жеті байлық, жеті мұң. 

Жел ығымен жетілер – деп, 

Бұл қазақ 

Жылатпаған жесірін де жетімін.

 



Жақсылығын жеті жұртқа қаратып, 

Жеті атасын сәбиіне санатып. 

Отырады әруаққа бағыштап 

Жұма сайын жеті нанын таратып.

 



Кешсе дағы бастан талай мұңды азап, 

Тәуба деумен күтті мынау күнді азат. 

Анасынан алтау болып туса да 

Өле-өле жетеу болған бұл қазақ.

 



Содан бері қанша көктем көктеді,

Содан бері қанша нөсер төкпеді.., 

Жаныма кеп жантаяды жетім мұң, 

Жетінші жыл, Әкем менің кеткелі.