Дәурен Тлеуханұлы-Ақтөбе облысы ,Әйтеке би ауданы ,Көрпе ауылында 2000жылы 28қазанда дүниеге келген.Бірнеше Республикалық,облыстық жыр мүшайралардың жеңімпазы."Жауқазын","Жас өркен"кітаптарына өлеңдері енді.

 

Іздеймін...

 

Табар ма екен пенделер,қалағанын?

Таусылғандай күй кешем бар амалым.

Жаһан кезіп кетсем бе Фарабидей,

Зар мұңынан жырақтап замананың?

 

Қайдан іздеп табамын керегімді?

Неге өмір өксиді, неге мұңды?

Келер күннен ғажайып күтем ылғи,

Өрге сүйреп өлермен өлеңімді.

 

Қорқамын,сөнген шырақ жанбай ма деп,

Қорқамын,басқа бағым қонбай ма деп.

Тамшыдай ізгіліктің тапшылығы,

Таудай қайғы орнатты маңдайға кеп.

 

Содан бері қалмады ғаламда мән,

Жыртқыштай жауын көріп жалаңдаған,

Адамға адам кезеніп қаруларын,

Қалай ғана өлтірді адамды адам?

 

Білмеймін біздің жайды кім ұққанын,

Содан бері шаршадым,құрып хәлім.

Шытынаған әйнектей әлем жатыр,

Жинай алмай сезімнің сынықтарын.

 

Күндер зулап,жыл ақты жылғалардан,

Жеткізер ме алыста тұрған арман?

Жерұйығын іздесе Асан қайғы,

Мен мейірім іздеймін бұл ғаламнан,

Мен мейірім іздеймін бұл ғаламнан...

 


Сенің көзің...

 

Өмір неге өксіген,өрекпіген?

Өзіңсіз-ақ жетуде дерек кілең.

Сенің көзің-жүректің жұлдыздары,

Сенің көзің-маған да керек,білем...

 

Есте жоқ...Пішін бе еді, мүсін бе еді?

Мен құмартқан қыз ба еді ол түсімдегі?

Қараңғы әлем тартады түнегіне,

Мойыл қара көздердің ішіндегі.

 

Кітаптардан бейнеңді көрдім бүгін,

Көрдім бүгін көзіңнің мөлдірлігін.

Мөлдір көзден мейірім таба алмасам,

Мен кетермін арқалап сордың жүгін.

 

Мақпал түнде мекендеп жыр сарайын,

Сынық Аймен сырласып,мұң шағайын.

Бар төзімді түгесіп кетер,бәлкім,

Сенің көзің-нұрланып тұрса дәйім.

 

Теңіз болып толқыдым-тасынудан,

Қайғың үшін жанардың жасы құрбан.

Сенің сұлу, кіршіксіз кірпігіңде,

Бар ғаламның бақыты жасырынған.

 

Еркелесең жанымды емдегенің,

Жанарыңа әлемді тең көремін.

Көздеріңмен сөйлескім келе берді,

Көздеріме қарашы сен де менің...

 


Егіз тау...

 

Көрдіңдер ме?

Бар еді ғой кеше олар...

Ал бүгін ше? Тек кітап бар,көше бар,

Сырларым бар,іште жатқан үміт бар,

Өткен күнде кеткен талай есе бар...

 

Есіңде ме?

Биік еді-ау олар да...

Ал бүгін ше?Орындары толар ма!

Таулар сиреп,қалғасын тек төбелер,

Қырандарың шың таппай жүр қонарға.

 

Жалаң ойдан жадымдағы жатталған,

Жалықтым мен мақтаудан да даттаудан.

Таулар қайда?

Бүтіндігі бұзылмас,

Тектіліктің тұмарындай сақталған.

 

Тамам елдің атқан кезде таңы айқын,

Қара өлеңді қасиетке балайтын.

Ұлылығым ұмыт қалмау үшін де,

Таулар керек тапжылмастан қарайтын...

 

Төңірегін нұрландырып, жоса ғып,

Тағдыр салған тар тұсаудан босанып,

Кең даланың рухын көкке көтерген,

Біздің жақта бар болатын қос алып.

 

Мен туған жер...

Жыр толқытқан арман бел,

Құдіретіме таңырқады, таңданды ел,

Мен туған жер...

Тахауидың табан ізі тамған жер,

Қуандықтың қырда өлеңі қалған жер!

 


АҢСАР

 

Мүсін бар,бірақ сол жан табылар ма?

Тұрады солғын тартқан сағым алда.

Адамнан ең аяулы айырмайтын,

Ажалдан арашалар дәрі бар ма?

 

Сағындым сол әжемді,бүгін тағы,

Қу тірлік пенделерді құбылтады.

Әлсін-әлсін елес боп еніп келсең ,

Өзгелер ертегі деп ұғынтады.

 

Сен барда мен бала боп еркеледім,

Бүгінде өлең дейтін өлкедемін.

Өр кеменің ішінен өзіңді іздеп ,

Сағыныштың отына өртенемін.

 

Есімде күздің сол бір суық таңы,

Ешкім мені бөлмеге жуытпады.

Сол суық таң әжемді алып барып,

Табыттай тар қуысқа құлыптады.

 

Қазасы жандарына батты дағы,

Жанарын жасқа малып жатты бәрі.

Сол күні,жерге түскен жапырақ боп,

Мен үшін үзілгендей шаттық әні.

 

Жыл өтті,күндер көшті көрінбестен,

Қайқы өлім талай жанның жолын кескен.

Ал бүгін кейуананың құлпытасы,

Гүлге  ұқсайды бейіттің төрінде өскен.

 

Ие боп ардақтайтын бір есімге,

Жер астынан жымыйып,күлесің бе?

Шаң басып тұрғанменен суреттерің ,

Сол бейнең тап-таза боп тұр есімде.

 

Әз ана келмейді ғой қайтып енді,

Ол  жоқта Күн күлмеді,Ай түнерді.

Көп жылдың қуанышын қиып тастап,

Айтыңдарш(ы),әжем осы қайтіп өлді?

 

Солса да сонау күзде гүл әлемің,

Саған құран бағыштап  тұрады елің.

Алтын балық қолыма түсе қалса,

Өзіңді тірілтуін сұрар едім,

Мәңгілік өлмейтіндей қылар едім...