Мықтыбек Оразтайұлы

 

Тағдырынан тәлкек көрген едәуір,

Мұңын шақты бір келіншек, жолы ауыр.

— Жастық шағым тіптен бөтен өзіме,

Бақытыма бола алмадым қарауыл...

 

Жігер-күшім болғанменен өте нық,

Жүре алам ба қиындықты көтеріп?

Шалыс басып, адасқандар көп шығар,

Ал менікі орны толмас қателік...

 

Суық еді мен аттаған босаға,

Бақытым да қалып кетті тасада.

Арманымнан, мақсатымнан адастым, —

Осылай деп ақтарылды жас ана.

 

...Таныс мұң ғой, басында бар талайдың,

Бірақ, оған қалай селқос қараймын?

Жұлым-жұлым жүрегіңді жұбатып,

Көңіліңді қайтіп жасқап-жамаймын?..

 

Жан ауыртып ойласам да қамыңды,

Жадырата аламын ба жаныңды?

Төтеп беру үшін мына тағдырға,

Болу керек шығар, мүмкін сабырлы...

 

Батпан-батпан салмағы бар сансыз жүк,

Кейде солай жібереді әлсіз қып.

Арпалысы таусылмайтын өмірде,

Еш пендеге жараспайды қамсыздық.

 

Тағдырыңнан мейлі қорған, қорғанба,

Жете алмай да қалсаң тіпті, арманға,

Мойымау да керек шығар ешқашан,

«Әр нәрсенің қайыры бар» жалғанда.

 

Бәлкім, алда шығар нағыз жеңісің?

Өзгертерсің өміріңнің желісін.

Өз ғұмырың өзіңдікі ғана ғой,

Ешкім келіп күреспейді сен үшін...

* * *

Жігер берер сөз бен ақыл күткенмен,

Мұның бірін айтқан жоқпын, тіптен мен.

...Көп ұзамай хабарласты жас ана,

Бір өзгеше көңіл-күймен тіктелген.

 

— Тағдырыма кеткен шығар бір есем,

Әлсіздігім болар соған жүдесем.

Басқаларға міндетімді артпаймын,

Перзенттерім үшін талмай күресем!

 

...Менің ішкі ойымды оқып қойғандай,

Өз жолымен кете барды ойланбай!

Бақытына талпынғаны дұрыс қой,

Өтер-кетер қиындыққа алданбай...