Бақтыгүл Ауданова

(Хикаят)

Мәңгі құмда қалғандар

Қарашаның суық желі шөп біткеннің басын дірілдетіп тұрған. Күндегідейден ерте тұрған Садықбек киіз үйдің сықырлауық есігін ашып сыртқа беттеді. Күн әлі көтерілмепті. Күншығыс жақ жаңа ғана қызарып келеді. Күзгі суық денеді қариды. «Малды енді қораға қамау керек екен-ау» деп ойлады іштей Садықбек. Асанбай да тонып қалған шығар-ау. Үй артынан Асанбайдың жөтелген даусы шықты. Сәл күн суытса осы жөтелі ұстайды. Өкпесі кеткен болар. Қысымен күрк-күрк жөтелден өзбекі шапаны селкілдеп жүреді.

– Асанбай тонып қалған жоқсың ба? – деді Садықбек үй айналып.

– Ә, суық түсіп келеді. Қыс жақындады ғой.

– Ескі жөтелің тағы бастапты ғой. Өкпең сау ма?

– Дәрігерге көрінбесек ол жағын қайдан білейік. Не болса да Құдайға аян.

Садықбек өзінен бақандай бес-алты жас кіші жігіттің өзін қартайып біткен шалдай ұстағанына кейде ызасы келеді. Жасы қырықтан енді асса да сұрақ белгісі сияқты ілмиіп жүретіні Садықбектің кейде жынына тиеді. Болашақтан мүлде үміті жоқ адамдай әне тағы ілбіп басып қойдың ізінде кетіп барады. «Мал иесіне тартады» дегені рас шығар сірә. Мінген аты да өзі секілді басы салбырап ілби басады.

Түс кезі болатын. Садықбек кешегі бес бармақтан қалған суыған етті жеп болып, тісін шұқылап отырған. Асанбай суыт келді.

– Садаға, – деді асығыс есіктен имене кіріп.

– Не болды? Мал аман ба? – Садықбек малдарына әлдене тиді ме деп ойлады.

– Мал түгел аман Садаға. Тек...

– Не тек?

– Малды бүгін түстік жаққа жайып ем. Отардың алды әлденеден үркіп іркілді. Барып қарасам... адам... адам өліп жатыр. Содан малды қайырып сайға түсірдім де, сізге жеткенін...

Садықбек көлігіне қонды. Асанбайдың айтқаны рас екен. Өлгеніне көп болған-ау, исі шығып, болбырап кетіпті. Түрін танып болмайды. Шаш-сақалы, қасы-көзі қап-қара, отыздан асыңқырап қалған жігіт-ау шамасы. Қазаққа ұқсамайды. Кім де болса иесіз біреу шығар. Адасып өлді ме, әлде біреулер өлтіріп әкеп тастады ма ол жағы тағы белгісіз.

Бүкіл әлем бағынған заң мен сотқа бағынбайтын бұл далада мұндай хабарды жеткізіп оны тергеп, зерттейтін орган қайдан болсын.

Садықбек көлігінің артына сала салған қос күректі шығарды. Асанбай үнсіз түсініп шағыл құмға күрек салды.

Марқұмды жерлеп болған соң Садықбек дауыстап құран оқыды. Тамыры құмға тігілген шөп атаулының басы құран әуенімен тербеліп, құмның күйін тербеп тұрғандай.

Садықбек бетін сипап болып орнынан тұрды. Асанбай қозғалар емес. Еңкіш денесі тіпті шөгіп жерге кіріп кетердей бүкшиіп алыпты. Екі иығы селкілдеп отырғандай көрінді Садықбекке.

– Асанбай жылап отырсың ба? Танысың ба еді.

– Жоқ, Садаға, жәй әншейін. Марқұмның қатал тағдырына таң қалып отырмын. Қайда туғаны белгісіз. Құмда өлді. Біз болмасақ сүйегі не болар еді. Туған-туыстары бар ма? Бар болса қайда?

Асанбайдың даусы қатқыл шықты.

– Әй, Асанбай не болды саған? – Садықбек момын шопанның тосын мінезіне таң қалды.

– Мен де осылай өлі құмда өліп кетем бе деп қорқамын, Садаға.

– Сені мұнда кім байлап отыр Асанбай. Кетемін десең рұқсатымды беремін. Талай жылдан бері малымды адал бақтың, арамдық жасамадың. Өзің ашылып айтпаған соң сұрамай жүр едім. Сен осы неғылған жансың? Қайдан жүрсің? Ең алғаш сұрағанымда әке-шешем жоқ тұл жетіммін, қарақалпақтанмын деп ең, осы сөзңе иландым. Арғы жағын сұрамадым. Ал, енді бүгінде бір-бірімізді жақсы білдік. Енді өзің жайлы түгел айтшы. Қолымнан келсе ауырыңды жеңілдетермін.

Асанбай аз-кем үнсіз отырды.

– Садаға, - деді аздан соң. – Мен өзім жайлы айтсам, сіздің не ойлайтыныңызды білмеймін. Құтылуға асығатын шығарсыз. Мейлі, не болса еңсемді езіп жүрген жәйттерден арылсам болды. Мен қылмыскермін. Мына таяқ ұстаған қолдарым қанға боялған.

Асанбайдың қолары дірілдеп кетті. Садықбек әлденеден сескенгендей іштей жиырылып қалды.

– Әжептеуір ауылда беделі бар үйлі-жайлы жігіт ем, ағасы. Әйелім, бір ұл, бір қызым бар еді. Электрик болып жұмыс істеуші едім. Ауылдың анау-мынау тірлігіне жарап тіршілігімді тербетіп жүргенмін. Астымда «жигулиім» болды. Әкемнен қалған болатын. Сол көлікпен кейде аудан орталығына адам тасып та шайпұл табатынмын. Бірде орталықта тұратын жалғыз әпкем қонаққа шақырды. Келіншегім Баршын жұмыстан босай алмай, ұлым мен қызымды алып орталыққа тартып тұрдым. Қонаққа барған соң белгілі ғой, құда балалар қоймай бір екі стакан босаттық. Әпкемнің қонып кет дегеніне қарамай екі баламды алып үйге беттедім. Ондағы ойым Баршын жалғыз қалмасын дегенім ғой. Орталықтан аман-есен шықтық. Ауылға жете бере қарсы алдымыздан келе жатқан көліктің жүрісі тым суыт көрінді. «Біссімілла» деп үлгергенім сол арғы жағы не болғанын білмей есімді ауруханада жидым. Екі баламды сұраймын. Жақсы, олар да ауруханада жатыр дейді басымда отырған әпкем мен жездем Хамит. Олар аман болған соң көңілім тоқ еді. Баршын ауруханаға келмеді. Балалардың қасында болар деп ойладым. Кеудем тірі болғанмен екі аяғымда жан жоқ. Үйге келдім. Келген соң ғана екі бірдей құлынымнан айрылғанымды білдім.

– Екі баланың басын жұтқанша сен неге өлмедің? – деп кеудемді тоқпақтап жылаған Баршынды қалай жұбаттарымды білмедім. Мені неге алмадың деп құдайға нала қылдым.

– Жанымды қайғы жеп қоларбада жеті-сегіз ай отырдым. Жүріп кетем деген ой мүлде болмады. Қайта ажалымды күттім. Баршын екеуіміздің арамыз мүлде суыған. Тамағымды істеп, кірімді жуғаны болмаса, ерлі-зайыпты адамдар секілді сөйлеспейміз де.

– Баршын, - дедім бірде оны жаныма шақырып. – Өмірдің осындай да ойыны бар деп кім ойлапты. Отыр

рахмет, осы уақытқа дейін бақтың, қақтың. Ендігі жерде басың бос, рұқсатымды бердім. Ажырасайық. Мені мүгедектер үйіне өткізсең болғаны, – дедім.

– Жоқ, олай ете алмаймын, - деді Баршын көзіне жас алып. – Сен ауруханадан келген күні түсіме марқұм әкем кіріпті. «Екі балаң менің жанымда. Оларға алаң болма. Күйеуіңді күт. Оның жағдайын жасамасаң саған риза болмаймын», - деді.

– Ойланып қалдым. Марқұм қайын атам өте жақсы адам еді.

– Асанбай, ақыры әңгімені ашық бастап отырсың ғой. Мені де түсін. Әкемнің аруағы үшін де сенен ажыраса алмаймын. Бар жағдайыңды жасайын, тек мені дұрыс түсін. Мен де әйелмін ғой.

– Не айтар балсаң да ашып айт Баршын. Бұлай болуын мен де қалаған емеспін. Тағдырдың ісі екен. Бұдан кейінгісін де көрермін. Егер көңілің қалаған адамың болса жолың ашық, тосқауыл болмаймын.

Баршын жылап шығып кетті. Мен оны аядым. Осындай адал жарымның барына қуандым. Өзімді бақытты адамдай сезініп кеттім. Бірақ менің бақытым ұзаққа созылмады. Баршынның мінезі, жүріс-тұрысы күннен-күнге өзгеріп бара жатты. Орамалды тастап, қолаң шашын біресе өріп артқа тастап, біресе төбеге түйіп жүрді. Күннен күнге түрлі киініп, құлпырып кеткендей. Отырған жерімде оған қызыға қарап қаламын. Күні бойы жолын тосып, кешті батыра алмай әлек боламын. Жұмысы да қауырт болып кеткендей. Бұрынғыдай түсте келмейді. Түскі тамағымды столдың үстіне дайындап қойып кетеді. Сондағысы қайнатылған үш жұмыртқа, немесе қуырылған колбаса, түннен қалған тамақ. Кешкісін де кеш келеді.

Шын жаны ашып, іздеп келетін жалғыз туысым – әпкем ғана. Сол күні де келіп ыстық тамақ беріп, кір-қонымды тазартты.

– Баршын неге кешікті? Қас қарайды әлі жоқ. Тыныштық па екен, аман ба екен? – деп отыр әпкем.

– Қазір келіп қалады, - деймін жайбарақат.

– Күніге осылай келе ме?

– Жоқ, бүгін тексеру келіпті. Сол үшін кешіккен ғой, – деймін әпкеме білдірмеуге тырысып. Күздің күні қысқа ғой. Жатып қалдық. Әлден соң есік сылдырлады. Баршын екені белгілі. Кілтін салып есікті аша алмай жатыр. Әпкемнің «Баршын сен бе?» деген даусы естілді.

– «Ия», – деген қарлығыңқы масаңдау дауыс естілді. Жүрегім шымыр етті.

– Баршын ішкенсің бе? Не болды саған? – деген әпкемнің ренішті дауысын анық естідім.

– Ештеңе болған жоқ. Жәй іштім, болмай ма?

– Баршын-ау, сен әйелсің ғой...

– Сіздің ініңізге ішуге болады. Ішіп алып менің екі баламды өлтіруге болады ғой, ә. Себебі, ол еркек. Мен әйелмін. Несі бар коллективпен іштік.

Баршынның мына сөздері мен масаң үнін естіп тұла бойым шымырлап кетті. Тіпті, жансыз аяқтарым да шымырлап өтті. Еркектік жыным қозып отыр, бірақ қолдан келер амал жоқ. Әпкем мені естімеді деді ме, түк болмағандай жатып қалды. Уақыт өте берді. Баршын күннен-күнге өзгеріп, енді үйге қонбайтынды да шығарды.

Бірде түнгі тасыр-тұсырдан оянып кеттім. Әлдекім есікті қағатын сияқты. Баршын тұрып есікті ашты. Дәліздегі сыбыр естіліп тұр. Түн ішінде кім болды екен деп ойладым. Әлігі сыбыр үнсіз тынды да, біздің жатын бөлменің есігінің жабылғаны естілді. Жүрегім бір жамандықты сезгендей атқақтай соғып кетті. Бір суып, бір ысынамын. Тірідей өлдім. Намыстан тамырларым бүлкілдеп қоларбаны мыжып жіберердей сығымдап тұрмын. Қолымнан келсе екеуін де буындырып өлтірер халдемін. Орнымнан тұрғанымды білемін. Ия, аяқтарым қозғалар емес, не де болса жетуім керек деймін іштей. Екеуін де қуып саламын. Ақ төсегімді, өз шаңырағымда былғатпаймын.

Гүрс етіп еденге құладым. Анандай жерде қоларбам тұр. Соған қарағанда бір-екі қадам тастаған шығармын.

Баршынның қонағы әр күні түнде келетін болды. Әр күні намыстан өлемін. Ал, ол түк болмағандай жүре береді. Бірдеңе дейін десем өзім рұқсат бергенмін, тілім қысқа.

Түгелдей жүріп кетпесем де қоларбаға сүйеніп тұра алатын болдым. Осыған да шүкір.

Күндіз қолтығыма қысып сүйенетін балдақ ыстым. Соған сүйеніп жүруге талпындым.

Күндіз ұйықтап алған соң ба түн баласы ұйқы жоқ. Ал, Баршын мені ұйықтап жатыр деп ойлай ма түнімен білгенін істейді. Жатын бөлмедегі диван да ескіріпті. Сықырлаған дауысы анық естілетін болды. Душ та менің тереземнің түбінде. Олардың әр бір сыбысына дейін естіліп тұрады.

Сол күні де менің аппақ төсегімді былғап болған екеуі сыбырласа дәлізге шықты. Енді Баршын мені әбден басынғандай. Бұрынғыдай аяқтарын аңдап басу жоқ. Тіпті, еркін қимылдайды. Қолынан не келер дейсің дейтін шығар. Алдын ала бұл күнге жақсылап дайындалып жүргенімді қайдан білсін?..

– Сен түсе бер, мен қазір, - деген Баршынның сөзін анық естідім. Балдағыма сүйеніп терезеге жақындадым. Толған айдың сәулесі маңайды сүттей жарытып тұр. Жүзін анық танымағаныммен қорбаңдаған денесі, «тезірек болшы жаным» деген даусы ауылымыздың бас дәрігері Фархатқа ұқсайды. Аппақ сүлгісі қолында желбіреген Баршыным түнгі көйлегі ағараңдап душқа кіріп кетті. Айдың жарығы душты қымтап қойған ақ бөздің ішіндегі екеуді ап-анық көрсетіп тұр. Әне, бір қолымен төбедегі бөшкенің құлағын бұрап тұрған Фархаттың мойнына асылды Баршын. Фархат ашкөздене менің әйелімнің етегін жоғары көтерді. Екі дене айқасып кетті. Балдаққа сүйенген күйі есікке дейін жүрдім. Ары қарай шамам жетпеді, құлаған күйі өксіп жыладым. Бірақ, Баршын бұдан бейхабар.

Бір күні бес-алты айдан бері алынбай жиналып қалған зейнетақымды алып әпкем келді. Мен балдаққа сүйеніп алдынан шықтым.

– Асан, жаным-ау жүретін болдың ба? Тіл-аузым тасқа. Шүкір Алла, - деп көзіне жас алып жылап жатыр.

– Ия, әпке жүремін. Тек Баршын әлі білмейді. Білмей-ақ қойсын. Айтушы болма, жарай ма? – дедім.

Ішкі есебім өзімде. Іштей өз жоспарымды құрып қойдым. Киелі шаңырағымды таптап, тіпті өз үйіндей кіріп-шығып жүрген Фархатта кегім бар еді. Соны алмақпын. Әпкем Құдайға мың шүкір айтып ол жүр. Мен өз жоспарымды жүзеге асыруға кірістім. Солай еттім де. Бұл кезде балдақты тастап таяққа сүйеніп жүретін-ақ болғанмын. Кешкісін күткенімдей Фархад келді. Алдын-ала дайындап қойған өткір балтамды қолыма алдым. Қолым қаншалықты жамандыққа бармай тұрса да, екеуінің естен танған даусы мен диванның сықыры есімді шығарды. Балтамды көтеріп кіріп бардым. Аппақ төсегімнің айранын шығарып, әйелімнің үстінде жатқан Фархатқа сілтеп үлгердім. Астында жатқан әйелім шыңғырып басын көтерді. Бет-жүзі шашыраған қан. Оны да аяған жоқпын. Екеуін мылжалап, жіліктеп болған соң ғана есімді жидым. Сөйттім д,е алдын ала дайындап қойған дорбам мен арбамды көтеріп үйден шығып кеттім. Ауыл сыртындағы үлкен каналды бойлай арбамен жүрдім. Сөйттім де, қан, киімдерімді суға тастап, арбамды жағаға қалдырдым да өзім үлкен жолға бет алдым. Бар ойым шетел асып кету. Сөйтіп, Қазақстаннан бір-ақ шықтым. Алдымен құрылыста анау-мынау жұмыстарды істеп жүрдім. Денсаулығым сыр берген соң оған да жарамай қалдым. Сөйтіп, адасып жүріп сізге кездестім. Одан кейінгі өмірім өзіңізге аян, Садаға.

Асанбай жер шұқып отырып әңгімесін аяқтады. Садық оның айтқандарын көз алдына елестетіп денесі түршігіп кетті.

– Мені әбден іздеген шығар. Бәрінен де әпкемнің жайын білгім келеді. Не істеп жүр екен? Әйтеуір, оған зияным тимеді ме екен?

– Іздеп-іздеп ендігі қойған шығар. Қаласаң еліңе барып кел..

– Жоқ, қазір бара алмаймын, аға оншақты жыл өтсін.

– Өзің білесің, – деді Садықбек.

– Өткеніңмен ісім жоқ, ендігі жерде маған залымдық жасамасаң, інімдей көріп жүрейін.

– Рахмет, Садаға. Сізден жаманшылық көрмедім.

– Айтпақшы Сапаркүл келмей кетті. – Садықбек оның қашып кеткен әйелін еске салды.

– Әй, қойыңызшы соны. Келмегені жақсы. Қайсы бір жақсы көріп алды дейсіз. Тек құл түзде іш пыспасын деп. Балаларына обал болды.

– Балаларын ойламайтын не деген әйел десеңші.

– Ия, жатырында менің де балам кетті. Ендігі босанған шығар. Балам не күйде екен?

– Кім білер дейсің? Сенім жоқ оған, - деді Садағаң күзгі аспанға қарап.

– Садаға сізге бір өтініш айтсам деп едім.

– Ия, Асанбай, айта бер. Қолымнан келгенше орындаймын.

– Сапаркүлді табайық аға. Баланы алып, мен одан ажырасып, талақ берейін.

– Неге? Баланы өзің қалай өсірмексің?

– Аға бір жақсы жар тауып берсеңіз. Ендігі жерде тек құл болмай, ел секілді түтін түтетіп, үй болсам. Қойыңызды бағармын, жұмысыңызды істермін. Тек отбасым болса деп армандаймын. Жас та кетіп бара жатыр ғой.

Садықбек үнсіз қалды.

– Маған сенбей тұрсыз ба аға, - деді Асанбай.

– Жоқ, Асанбай саған сенемін, тек қандай қыз бар еді ауылда деп ойланып тұрмын, - деді күле қарап.

Ұзақ жоғалған екеудің бұрынғы қожайын мен шопандай емес, жақын туыстардай болып келгенін көрген Халима таң қалды.

Қанша жерді іздегенімен Асанбайға келіншек табылмады. Көп жалғызбасты келіншектер шопанға әйел болып қой баққаннан, кейбір еркекке көңілдес болғанды жөн көреді-ау. Әйтеуір, сәті түспеді. Тағы жыл өтіп, жаз келді. Асанбай шыдамады-ау деймін Садықбектен еліне барып қайтуға рұқсат алды.

– Аға, маған рұқсат беріңіз, елге барып келсем, - деді Асанбай.

– Әрине тек қайтып келетін бол.

– Келемін Садаға, тек әпкемді бір көріп келсем болды.

– Барғаның дұрыс. Сені ойлап іздеп жатқан болар.

– Бару үшін маған басқа төлқұжат жасап берсеңіз. Сізден өтінішім сол.

– Көреміз. Қолдан келсе жасаймыз ғой.

Төлқұжаттың әуресімен жүргенде жаз да өтті. Тағы күз келді. Асанбай төлқұжат болмады ғой деп ойлады. Садықбектен сұрауға да батылы бармай жүген. Тек барып суретке түскені болмаса, басқасына жүгірмеген соң тілі қысқа.

– Мә, Асанбай. Қазақ болғаныңмен құтықтаймын, – деді бірде көк кітапшаны алдына тастаған Садықбек.

Қолы дірілдей құжатын ашып көрді. «Биманов Жанкелді Төреханұлы», «ұлты қазақ» депті. Қуанып кетті. Рахмет деп ағасына қайта-қайта алғысын білдіріп жатты.

– Енді біраз күнде қырқым аяқталады. Содан кейін рұқсат. Тек екі аптаға, – деді Садықбек.

Асан басын изеді.

Жалғасы бар...