Бақтыгүл Ауданова

(Хикаят)

Мәңгі құмда қалғандар

Асанбайды Садықбек көлігімен аудан орталығына әкелді де автобусқа салып жіберді. Туып өскен ауылы «Қойлыққа» екі күнде жетті. Бұрынғыдан да тозып кетіпті. Әктелмеген дуалдардың көленкесінде ойнап жүрген балалар бұған таңырқай қарайды. Өзі тұрған көшеге бұрылды. Өз үйін көрді де жүрегі шымырлап кетті.

Үйінің есік терезелері жоқ, есекқора болып кеткендей. Көше бойлап жүре берді. Бейтаныс қонақтың кім екенін білгісі келгендей адамдар үйлерінен шығып тесіле қарайды. Әбірей болғанда қара көзілдірікті мұны ешкім танымаған сынайлы. Бұл көбісін танып келеді. Анау есек арбамен шөп алып келе жатқан Йулдаш ақсақал. Әлі тірі екен.

Ал мынау, төбесіне сәлі орап алған Седеп ақсақалдың кемпірі. Анау Саида жеңгесі. Ақсары жүзіне әжім түсіп, қартайыпты. Олар мұны танымады. Шалғайдағы азап-тозған ауылдан аудан орталығына келді. Енді кішкене жеңілдейін дегендей. Себебі мұнда біреу-міреу танып қалады-ау деп қысылмай еркін жүрді. Дегенмен, сақтықты ұмытпады.

Әпкесінің үйіне келді. Үй сырты адам көргісіз болып кетіпті. Не болды екен деп ойлады Асанбай іштей. Әпкесі пысық, таза болатын. Бұрын бұл үй айнадай жарқырап тұрушы еді. Не болды екен? Әлде мұның күйігіне шыдамай әпкесі ауырып қалды ма екен? Балалары қайда жүр? Осылай ішке кіріп баруға батылы жетпей тұрғанда көрші үйдің қақпасы сықырлап ашылды да ішінен қолында шелегі бар қараторы әйел көрінді.

– Кімді іздедіңіз? – деп сұрады әйел.

– Хамит деген кісінің үйі қайсы? – деді бұл өтірік білмегенсіп.

– Ия, осы үй, - деді әйел тыжырынып.

– Қазір үйінде ме екен? Балалары бар ма?

– Ішіп жатса үйінде шығар, болмаса оны ана көше басындағы дүңгіршектен табасың, - деген әйел ішке кіруге ыңғайланды. – Қайдағы бала, қаңғыған алқаш бала-шағаларын тентіретіп жіберді ғой, - деп сөйлеп бара жатты.

Асанбай әлде не болғанын іштей топшылады да дүкенге қарай жол алды.

Дүнгіршектің өзі көрінбей жатып, айғайлаған сатушының даусы естілді.

– О, қақпас, алқаштар. Күнде қарызға арақты қайдан табамын сендерге. Кет, аулақ жүр, - деген сатушы келіншек екі алқаштың ит терісін басына қаптап тұр екен.

– Ия, қарындас, алқаштардан арыла алмай тұрсыз ба? – деді бұл келіншекті әңгімеге тартып.

– Үй-й, оңбағандар! Қалталарында көк тиыны жоқ, арақ ішкен не теңі? Одан да қатын-баласына бармай ма? – деп сатушы келіншек әңгіменің басын қылтитты.

– Қатын-баласы бар ма өзінің? Бар болса неге жинап алып, жөнге салмайды? – деді Асанбай жын қуған бақсыдай теңселіп отырған жездесін танып.

– Сорлы, ел қызығатын отбасы бар еді. Әйелінің інісі өзінің әйелін өлтіріпті. Соған бола «інің қылмыскер, сен де сондайсың» деп бала-шағасымен қуып салып, енді өзі ішіп жүр ғой.

– Әйелі қазір қайда? – деп сұрады Асанбай шыдамый. Сатушы «сен кімсің өзі» дегендей бұған барлай қарады.

– Менен біраз ақша қарыз еді. Әйелінен сұрамасам, өзінің тауып беретін шамасы жоқ қой, – деді бұл темекісін тұтатып.

– Әйелі қайдан тауып берсін. Бала-шағасын әрең бағып, біреудің үйінде отыр. Берген өзің, өзінен ал, бишара жесірге зорлық жасайын дедің бе?! Аулақ кет! – деді келіншек сап-сары түрін тыржитып.

Асанбай дүңгіршектің алдында көп тұрды. Әпкесін сұрастырайын десе, сезік тудырып аламын ба деп қорықты. Дүңгіршекке қайта келіп бір қорап темекі алды.

– Ия, неге кете алмай жүрсің? – деді келіншектің жүзіне күлкі жүгіріп.

– Сіздің қасыңыздан кетудің өзі қиын екен. Осындай сұлу келіншекті тастап қалай кетемін деп қимай тұрмын. – Асанбай жымиды.

– Қарақалпақсың ба? Қайда тұрасың? Бұл жерден бұрын соңды көрмегенмін сізді, - деп сызылды келіншек.

– Қарақалпақ емеспін. Бірақ осында туып, өскенмін. Қазақпын. Қазір Қазақстанда тұрамын, – деді Асанбай.

– О, Қазақстан! Айтыңызшы ол қандай жер? Күшті ме?!

– Ия, тамаша, - деді Асанбай. Өзі құмнан басқа ештеңе көрмесе де.

– Сіз шынымен де Қазақстанда тұрасыз ба? Қарақалпақша сөйлеп тұрсыз ғой.

– Осында туылдым дедім ғой. Мектеп бітірер жылы көшіп кеткенбіз.

– Ә, солай ма? Хамиттің әйелін не қыласыз?

– Ақшамды алып кетсем деп едім. Қайта-қайта келе алмаймын ғой.

– Олар қазір бұрынғы нан зауыты жақтан пәтер жалдап тұрып жатыр. Сонда барып сұрастырсаңыз тауып аласыз. Көп ақша ма еді, алашағыңыз? Әй, оларда көп ақша жоқ-ау.

Асанбай келіншектің кейінгі сөздеріне көп мән бермеді. Әпкесінің мекен-жайын білгеніне қуанды да, сонда тартты.

– Бұрындағы орталықты түгел нанмен қамтамасыз етіп тұратын зауыттың тек қаңқасы ғана қалыпты. Қаланың шеті болған соң қорқынышты. Бар жері қирап, бұзылып кеткен.

Шаңы шығып жатқан көшеде ағаш атаулы қалмапты. Сондықтан да үйлердің ауласы көшеден өткен адамға анық көрініп тұрады. Асанбай өзім табармын дегендей жан-жағындағыларға жіті көз тастап жүре берді. Анандай жерде тандырға будақтатып от салып жатқан әйел анасын еске түсіргендей. Тіпті, орамал тартқанына дейін ұқсайды. Ия, әпкесі болса керек-ті. Асанбай қуанып кетті. Көзіне жас толып қалды. Көзін алма-кезек қос қолымен сүртіп бұлдыраған әлемге тағы қарады. Үй жанындағы көлеңкеде бозбала велосипед жөндеп отыр. Жанында тағы бір бала бар. Шамасы бес-алтыншы сынып оқитын шығар. Асанбай таныды. Жиендері ғой. Үлкені, Алибай, кішісі Талипбай. Асанбай тез-тез басып үйге кіріп кетті. Әпкесі тандырымен болып байқамады. Қастарынан асығыс адымдап үйге кіріп кеткен мұны көрген екі жиені алғашында аңтарылып қалды.

– Әй, қайда барасың? – деп доқ көрсетті үлкені. Кішісі анасына жүгірді.

– Ауыз бөлмеге кіре-беріс жердегі дастархан үстінде нан жасап отырған қызды көрді.

– Рано, - деді көзіне жас толып.

– Сіз кімсіз?- деді қыз қорқып.

– Мен, мен.. – көзілдірігін алды. Осы сәт улап-шулап үшеуі келді.

– Кім ол? Кімсің? Шық үйден!

– Әпке, - деді бұл.

– Хасанбай... Хасанбай бұл сен бе?

Әпкесі құлап бара жатты.

– Су, су әкел...

Шашын қос бұрым етіп өріп алған қыз шара кесемен су әкелді. Әпкесінің бетіне су шашып жүріп есін жидырды. Екеуі де ағыл-тегіл жыласын кеп.

– Қайда жүрсің бауырым. Аман-есенсің ғой... Бар екенсің ғой...

– Бармын әпке.

Екеуі құшақтасып ұзақ жылады. Үш баласы аң-таң. Үлкен жиені Алибай мен Рано танығандай болып «таға» деп құшақтады.

– Хасанбай-ау, қайда жүрсің? Сені өлді деп жаназаңды шығарып, жылыңды өткіздік қой. Өлігіңді қанша іздедік десеңші. Не суда жоқсың, не жерде жоқсың. Аспанға ұшып кеткен адамдай із-түзсіз жоқ болдың ғой. Қайда жүрсің? Айтпақшы, Баршын байғұсты өлтіріп кетті. Сен де сол күні жоқ болдың. Алғашында бәрі сенен көрді. Екі аяқтан тұра алмайтын адам қалай өлтіреді деймін. Сен жоқсың. Қоларбаңды ауыл сыртындағы үлкен каналдын тапты. Сенің сүйегіңді таппады.

– Қойшы бәрін. Өзіңнің жағдайың қалай әпке?

– Жағдайым міне осы. Жездең Хамит ішіп кетті. Баршынның өлімін сенен көрді. Сені қашып кетті дейді. Күнде тергеу. Мені шақырады. Хамитті тергейді. Білесіңдер дейді. Мен болсам сені қайғырып жүрмін. Сені де өлтіріп суға тастап кеткен десем сенбейді ғой маған.

– Жездемнен мен үшін ажырастың ба?

– Қойшы соны. Сондай бір қиын-қыстау кезде сүйеніш бола алмаған адамды қайтемін. Маған қорған болудың орнына тергеуге шыдамай ажырасамын деп тұрып алды.

– Дұрыс болмаған екен.

– Қой, шәй іш. Кейін әңгімелесе жатармыз.

– Сонымен сот немен бітті? - деп сұрады Асанбай шәйден соң.

– Қылмыскер табылмаған соң, ешкім қамалған жоқ. Содан бері ешқандай сыбыс жоқ қой. Қазір ешкім келіп мазалап жүрген жоқ. Өздері де ұмытып кеткен шығар.

– Солай болса болар еді. Әпке көршілерің осы жағдайды біле ме?

– Біледі ғой.

– Онда мені інім деме. Қазақстаннан келген қазақ де. Мақтаға терімші, қой бағатын адам іздеп жүр екен деп айт, жарай ма?

– Жарайды. өзің қайда жүрсің? Қазақстанда ма?

– Ия, сонда бір байдың қойын бағамын.

– Жағдайын жақсы ма? Жақсы қарайды ма?

– Ия, жақсы адамдар.

– Онда адамдарды құл сияқты жұмсайды дейді ғой...

– Әпке бәрі адамның өзіне байланысты ғой. Жақсы болсаң жақсылық көрерсің.

– Дұрыс айтасың.

– Хасанбай шыныңды айтшы бәрі қалай болды? Қалай жүріп кеттің?

– Әпке айту оңай ма? Баршынды білесің ғой. Жүрісі сұйыла бастады. Намысым қозды. Өз шаңырағымды көшедегі көк атты ақ төсегімді былғап, әйеліме қол салып жүрсе, қалай намысым өртенбесін. Осы намыс аяқ басып жүруіме себеп болды. Бірақ, оны Баршын білмейтін. Арын сатқан арам әйелден өлтіріп құтылғым келді, әпке, қолымның қалай барғанын білмеймін, бірақ өлтірдім. Кейін жолға шықтым.

– Сені таппаған соң өлді деп ойладым. Әлім жеткенше жаназа оқытып, құран бағыштап жүрдім. Құдайға шүкір тірі екенсің. Өмірде жалғыз қалдым деп жүр едім.

– Әпке жұмыс жоқ, көріп отырмын. Қалай күн көріп отырсың?

– Е, несін сұрайсың. Несібедегі болып жатыр. Нан сатамын, сөйтіп жан сақтап отырмыз. Алушылар аз, білесің ғой бәрі өзі пісіріп жейді.

– Әпке менімен бірге жүр, кетейік.

– Қайда?

– Қазақстанға. Онда шалқып жүрмесең де, әйтеуір қарның тоқ болады. Әрі екеуміз де бірге боламыз.

– Сені осында қала ма десем.

– Жоқ, әпке, қала алмаймын. Мен енді қазақпын.

– Не дейді?

– Міне көр.

Асанбай төс қалтасынан алып төлқұжатын ұсынды.

– Аты-жөніңді де өзгерткенсің бе?

– Ия, сөйтпесем бұл жақтарға келе алмас едім. Қожайыным бәрін өзі жасап берді. Жақсы адам. Әпке жүр, сені де алып кетейін. Мұнда да жетісіп жүргенің жоқ қой.

– Ол жақта не істеймін?

– Мен қой бағамын. Сен сиыр сауасың, тезек илейсің. Өзіміздің кірді жуып, тамағымызды істейсің.

– Жоқ-жоқ. Мен қашанғы сенің кіріңді жуамын. Одан да біреуді тауып үйлен.

– Үйленемін. Сол үшін өзіміздің қарақалпақтан қыз алып кетейін деп келдім, әпке. Жақсы, иманды қыз тауып берсеңіз.

– Әрине, әрине, тауып берейін.

Асанбай елінде үш-ақ күн жатты. Әке-шешесінің басына барғаны болмаса, басқа кезде үйден шыққан жоқ. Осы үш күнде қыз да табылды. Қыз емес, өзі қатарлы бір балалы келіншек. Жалғыз баласы мен жалғыз түйншегінен басқа дүниесі де, туысы да жоқ келіншек төртінші күні мұның ізінен ілесіп кете барды.

– Әпке, ойлан. Мақұл десең келіп алып кетейін, - деді Асанбай кетерінде қимай.

– Жарайды ойланайын. Көктемде кел, барамын, - деді әпкесі көзіне жас алып. Асанбай келіншегі екеуі туған жер мен туған елін тастап өзінің жаңа отанына жол алды. «Адамның басы – Алланың добы» дегені осы шығар да. Қайда қарай лақтырса солай қарай дөңгелей жөнелесің. Асанбай да енді тағдырының жазуымен қызылдың құмын бетке алды.

Соңы...