Бақтыгүл Ауданова

(әңгіме)

 Қар жапалақтап жауып тұр. Жатақханадағы жаңа жылдық би кеші қайнап жатыр. Шетелдің ырың-жырың әуеніне қосылған жастардың жарқын үні сырттағы тып-тыныш әлемнің әлек-шәлегін шығарғысы келетіндей.

Осы айқай-шудың ішінде ол ғана көңілсіз. Онымен танысқаннан бергі көтеріңкі көңіл-күйі дәл бүгін, жаңа жыл қарсаңында түспей-ақ қойса қайтер еді. Бірінші қабаттағы қызықты кеш еліктіріп-ақ тұр, бірақ, аяғы құрғыр тартар емес. Бірге тұратын құрбыларынан да қалып қойған. Би кешіне келіп алып кетер деп ойлаған. Келмеді.

Оның даусы дәлізде естілгеннен айнаға қарап бойын түзеп алады, келер деп жүзіне қуаныш нұры  үйіріледі. Бірақ, ол келмеді, есігін бір қақпады. Неге? Ойы әр саққа жүгіреді. Әсіресе, құрбыларының сөздерін еске алғанда көңіл-күйі шыңырауға құлайды.

Құрбылары сыланып-таранып «кеттік» дегенде, «Әскен келсін» деп қалып қойған. Ал, Гүлім «ол келмейді» деді. Бұл теріс бұрылып кеткен. «Егер оны күтсең таңға дейін күтуің мүмкін. Себебі, ол неше қызбен жүргенін білмейсің ғой. Әзірге соңғысы сен. Сол себепті де, сені құттықтаудың кезегі ең соңында, – деп түйреп өтті. – Бәлкім, ол келесі кезекті ғашығымен билеп те жүрген болар».

Ол жайлы әркімнен әрқилы алып-қашпа әңгімелер естігенде де бұлай көңіліне алмаған еді. Ал, Гүлімнің жаңағы сөзі жүрегіне оқтай қадалған. Тіпті, жүрегінің «зырқ» ете қалғаны ше.

Артық шыдамы жетпеген Ләззат сыртқа беттеді. Дәліз тып-тыныш, тек текпешектен көтеріліп келе жатқан әлдекімнің аяқ дыбысы естіледі.

Әне, сұңғақ бойлы әдемі қыз бері қарай бұрылды.

Шет тілдер факультетінде оқитын таныс қыз. Жұрттың бәрі Әскеннің ғашығы болған деп әлдеқашан сырттай таныстырып қойған. Екеуі бетпе-бет Әскеннің бөлмесінің тұсына келгенде іштен естілген өрескел дауыстан селк еткен.

– Өй, мен оны сындырып болғанмын, ха-ха-ха...

Екеуі де жазбай таныды. Әскен!

– Қой-ей! Оның әкесі кім екенін білесің бе? Білсе сені жоқ қылып жіберер...

– Білмейді.

– Неге?

– Себебі, Гүлнәр айтпайды.

– Сенен қорқады дейсің бе?

– Ол қарабет болудан қорқады. Кез-келген қызды сындыру үшін оның жанды жерін біліп алу керек.

Қарсы алдында тұрған қыз екі қолымен бетін басқан күйі жүгіре жөнелді. Ләззат бар пәрменімен есікті ашқанда бір бөтелкені бөлісіп отырған үшеу орындарынан ұшып тұра жаздады.

– Ләззат, жаным кел, – деді көкіп отырған Әскен түк болмағандай.

– Оңбаған! Айуан!

Ызадан булығып тұрған Ләззат бар ашуын стол үстіндегі бөтелке мен стаканнан алардай қолымен қағып жіберді.

Қых жүгірген бойы сыртқа беттеді. Ләззат шаңы төбеге көтерілген би залынан әркімге бір соқтығысып жүріп Гүлімді тауып, қыздың ізінен сыртқа жүгірді.

Алқынып жүгірген екеудің ыстық демі суықтап бұрқырап жоғары будақтайды. Ал, аппақ қар тынымсыз қалбалақтап тұр. Жолжиекте кетіп бара жатқан

жаңағы сұңғақ қыздың сұлбасы машиналардың жарығы жанап өткен сайын бір көрініп жоқ болады.

Бұл екеуі жете бергенде қыз такси тоқтатып шофердің жанына отырды. Бұл екеуі артқы орындыққа сүңги салды.

Көлік қаланың шет жағындағы коттедждердің біріне тоқтады. Орталықтан алыс жатқан осы кішкентай қаладағы заманауи алғашқы коттедждер осы бес-алты үй. Тағы да құрылып жатқан екі-үш коттедж.

Қыз түсті. Бұл екеуі де таксиден түсе беріп еді, шофер:

– Сіздер ақы төлемейсіздер ме? – деді. Гүлім шарасыз жанарын Ләззатқа бұрды.

– Ақшамыз жоқ еді.

Гүлнәр қалтасынан  тағы бір екіжүздікті алды да шопырдың қолына ұстата салды. Екеуіне таңданыс кейіпте қарады да бұрылып кете берді.

– Сендер неге келдіңдер? – деді артына қайта бұрылып.

– Жәй... сені қорқа ма деп. – Не үшін келгенін білмей Ләззаттың өзі де дал. Осы қылығы біртүрлі өзіне күлкілі көрінді. Неге келді өзі?..

– Неден қорқуым керек? Өзімнің қалам, өзімнің көшем, таныс адамдар. – Гүлнәр қалбалақтап жауып тұрған аппақ қарға аппақ жүзін тосып таңдана сөйледі. – Ал, сендер ше? Қалай қайтасыңдар?

Екеуі үнсіз қалды. Бірі спорттық киімде, екіншісі қысқа қара көйлекте тұрған екеудің үстіне, шамның жарығымен жылтырап тұрған шаштарына ақ ұлпа қар қалбалақтап қонып жатыр, қонып жатыр.

– Жарайды, жүріңдер біздің үйге.

Гүлнәр үлкен темір қақпаның кішкентай қоңырауын басты.

Ханның сарайындай үлкен үйдің екінші қабатына көтерілген бұлар жан-жақтарына алақтаумен болды. Гүлнәрдің жатын бөлмесі кең әрі әдемі екен. Бір жақ қабырғасыны кітаптар жиналыпты. Өңшең қазақтың таңдаулы ақын-жазушыларының кітаптары. Танымы жоғары екендігі көрініп-ақ тұр.  

–  Қыздар, төрлете беріңдер. – Гүлнәр киімін ауыстырып жатып оң қапталда қойылған қос креслоны нұсқады. Ләззат кітап жиналған сөреге жақындады.

– Мынаны қара, - деген Гүлімнің оқыс даусы шықты. Жүрек пішіндес әдемі ашықхатқа желімделген Гүлнәр мен Әскеннің фотосуреті. Ләззаттың тұла бойын әлдене шарпып өткендей болды. Ашуы бұрқ етті.

– Таң атсыншы көрсетемін оған, – деді іштей күбірлеп. – Оңбаған.

– Біз айтсақ сенбейсің, енді көзің жеткен болар.

Гүлім бұлқан-талқан. Талай рет Әскеннің «махаббат романын» естіп келіп, осылай бұлқан-талқан болушы еді. Ал, Ләззат сенбейтін. Енді ғана құрбысының сөзінің растығына сенгендей. Жанарына жас толып қалды. Көрсетпейін дегендей терезеге үңілді.

– Қыздар, жүріңдер шәй ішейік, – деген Гүлнәр бұл ыңғайсыздықтан құтқарғандай. Гүлнәр дастарханды қонақ күтердей етіп жайнатып тастапты. Үшеуара үнсіздікті Гүлнәр бұзды. 

– Кешіріңдер, кеш те болса танысып алайық.

Үшеуі де бұл сөзге күліп жіберді. Ия, әлі таныспаған екен ғой.

– Гүлнәр.

– Ләззат.

– Гүлім.

Үш қыз көздері ұйқыға кеткенше әңгімелесіп жатты. Гүлнәр анда-санда үнсіз қалады. Мұндайда Гүлім мен Ләззат демдерін іштеріне жұтады. Гүлнәр үнсіз күрсінеді.

Мына үнсіздікке шыдай алмаған Ләззат орнынан ұшып тұрып Гүлнәрдың жанына жайғасты.

 – Гүлнәр, өзіңді өзің қинама. Әскен сенің бір түйір көз жасыңа тұрмайды. Мен де оны жек көремін.

Гүлнәр өксіп жылап жатыр. Оны жұбату да мүмкін емес.

Ләззат көзін ашқанда дала аппақ қарға көмілген екен. Гүлнәр төсектен тұрып кетіпті. Гүлім әлі ұйқыда. Бұл Гүлімді жұлқып оятты. Шошып оянған Гүлім алғашқыда есін жия алмай қалғандай.

– Мә, біз қайдамыз? Өлә, біз қайда жатырмыз?  Оянғым келмейді.

Ол ханшаның төсегіндей жұмсақ диванда еркеленіп бір-екі аунап алды.

– Мынадай үйде тұратындардың арманы жоқ шығар?..

– Байлық барлық кезде де бақыт әкеле бермейді. – Терезеге қарап телміріп отырған Ләззат бұл сөздердің аузынан қалай шығып кеткенін өзі де білмей қалды.

– Дұрыс айтасың. – Гүлнәрдің оқыс әрі жарғақтана шыққан даусынан екеуі де селк ете қалды. Оның қашан кіріп келгенін екеуі де сезбей қалған ба?..

– Байлық барлық кезде де бақыт әкеле бермейді... Мен бұл сөзі неге бұрын білмегенмін? Неге? Әлде мына шат өмірде мәңгі шалқып жүре беремін деп ойладым ба? Өмір менің бетімнен қақпай өсірді. Жамандық дегеннің не екенін білмей өстім. Ата-анамның да, басқалардың да маған деген ықыласы ерекше еді. Мен барлық адамдардың жаны тек жақсылықтан құралған деп ойлаппын. Сөйтсем, олай емес екен. Мүлде...

Гүлнәр мөлдіреген жанарымен сыртқа көз тастады. Ал, аппақ қар қарабет жердің бетін жабайын дегендей әлі жауып тұр еді.

*          *         *

Жаңа жылдық демалыс аяқталып Ләззат жатақханаға келгенде Әскен түк болмағандай қарсы алды.

– Сағындым ғой,  – дейді ұялмастан.

– Мен де, - деді Ләззат мысқыл үнмен. Бұрынғыдай емес, жек көріп кетті. «Ұятсыз, – деді іштей. – Әлі бәрі үшін жауап бересің».

Ләззат Гүлнәрді өзі іздеп барды. Әлі көңілсіз.

– Неге көңілсізсің? – деді Ләззат құрбысының сырын ақтарғысы келіп.

– Мен Әскенді шын сүйдім. Оның бұл опасыздығын көтере алмаймын. Сол үшін кетуге шешім қылдым.

– Қайда кетпексің?

– Басқа қалаға, басқа оқу орнына ауысамын.

– Әскенге бола ма?

– Мен оны ұмытуым керек.

– Бәлкім сенікі де дұрыс шығар, - деді Ләззат құрбысын қимай.

Сессия аяқталып, бұлар соны жуып жатқан. Бөлменің есігі жай ғана ашылды. Гүлнәр екен.

– Кел, кел, - десті бұлар құшақ жая қарсы алып.

– Гүлнәр өзің бір тост сөйлеп жіберші, – деді Ләззат құрбысын курстастарымен таныстырып болып.

– Танысқаныма қуаныштымын. Сессиядан аман-есен өту бәріміз үшін үлкен мереке ғой. Әр сессиядан осылай сүрінбей өтулеріңді тілеймін.

– О! – десті жігіттер жағы шу ете түсіп. – Айтқаныңыз келсін қарындас. Ал, кәне алайық!

Ертеңіне түске таяу әрең төсектен бас көтерген Ләззат бетін жуа салып, ауылына    жиналды. Екі апта демалыста мына жатақхананың шулы өмірін сағынып қалатын шығар. Ол киімдерін жиып болып Гүлнәрға телефон соғу үшін коммендант апайдың бөлмесіне барды. Тұтқаны көтерген қызметші әйел Гүлнәрдің жолға шыққанын хабарлады. Ләззат автовокзалға қарай зулады. Бұл барғанда Гүлнәр ата-анасымен қоштасып тұр екен. Әкесі әлденені түсіндіріп, қызының маңдайынан сүйді. Гүлнәр көзінің жасын көрсетпейін дегендей әкесінен жүзін алып қаша берді.

– Ауылыңа қайтпадың ба? – деп сұрады мұны көрген сәтте.

– Менімен қоштаспай қалай кетіп қалмақ болдың? – Ләззат Гүлнәрға өкпелей һәм еркелей тіл қатты.

– Саған осыншама азабымды арқалатқаным да жетер. Тағы да жаныңды ауыртқым келмеді. Дұрысы, өзімнің жүрегімді ауыртқым келмеді. Құрбыларымның ешқайсысы білмейді. Себебі, сендермен қалай қоштасамын?.. Гүлнәрдің жанарына мөлдір тамшы үйірілді.

Автобус орнынан ыңырана қозғалды. Гүлнәр жанарындағы жасты тыя алмаған қалпы кете барды.

Ләззат жатақханаға келгенде барлығы мұны күтіп отыр екен.

– Қайда жоғалып кеттің? – деді Гүлім. – Жатақханадағылардың бәрінен сұрап шықтым, ешкім білмейді. Таңертеңнен бері күтіп отырмыз.

– Бәріңнің жиналып отырғандарыңа қарағанда қатты қорыққансыңдар-ау,-деді Ләззат.

– Әрине, біреу алып   қашып кетті ме деп қатты қорықтым ғой, – деді Әскен.

– Ол Алматыға кетті, – деді бұл самарқау.

– Кім?

– Гүлнәр.

– Сейфуллин көшесіндегі тағы қыздар біреуге көбейетін болды ғой, – деді Әскен тауып айтқандай мырс етіп.

Ләззат пен Гүлім оның жиіркенішті бейнесіне тыжырына бір қарап сыртқа шығып кетті.

*        *        *

Көптен күткен көктем де келді. Махаббат маусымы. Жатақханада күнде той, күнде думан. Әсіресе, Әскен көп ішетін болған. Екі рет қыздарға орынсыз тиісіп, ескерту алғаны бар. Бұл Ләззатқа кек алудың көзі болып табылды. Бұл күткендей-ақ жатақханаға сегізінші наурыздың құрметіне кеш өткізілді.  Дәлізде кездескен мұны құшағына ала кетті. Ләззат оның құшағынан босай алмай әлек.

– Әскен, жібер деймін. Тентек болып қалғансың ба?

– Жібермесем не істейсің? Ал, жібермеймін. Ал, қайтесің?!

Әскен бетер қыса түсті.

– Жібер! – деп Ләззат жігіттің бетіне шапалақпан салып қалды. Күтпеген жерден тиген таяқтан Әскен есін жиып алғандай болды да өршеленіп кетті.

– Ей! – деді ашуы бұрқ етіп. – Сен кімсің мені ұратын?!

Ләззатты жұлқы итеріп жіберді. Жігіттің соққысынан қабырғаға соғылған қыз алғашқыда не істерін білмей қалды. Дегенмен, есін тез жиып алды.

– Мені әлі еш қыз бұлай қайтармаған. Сонда сен кім болдың? Кісісіңба не? – деді Әскен жындана жаздап.

– Кім екенімді енді танисың, - деді Ләззат. Мен саған жүріп тастап кететін қыздарыңнан емеспін, біліп қой. Басқа қыздарға істегеніңді маған істей алмайсың!

Ләззат бұрылып кетті.

– Тоқта, - деп айқайлады Әскен ізінен жетіп барып. Мына айғайды естіген коммендант апай да жетіп келді.

– Әскен тоқта, - деді ол жігітті тоқтатпақ болып. Әскен болса өршелене коммендантты жұдырығымен салып қалды. Абайсызда тиген соққыдан апайдың мұрны қанап кетті. Қыздардың бәрі шулап кетті. Бұл жағдай ертесіне деканатқа жетіп барды. Оның үстіне сабақ жағынан да, тәрбие жағынан да талай ескерту алған Әскеннің ішімдік ішкенін ректор көтере алмады. Бір күнде оқудан шығарып жіберді.

– Кешір, мен мас едім, - деді Әскен жатақханадан кетерінде Ләззатқа келіп.

– Менен емес, көз жасына қалған қыздарыңнан сұра кешіріміңді, - деді Ләззат та қаймықпай. Әскен үнсіз қалды.

– Әскен, - деді Ләззат бір сәт оған жаны ашып. – Сенің де қарындасың бар шығар. Соншама қыздың сезімімен ойнағанда не ұттың?

 Әскен үндемеді.

– Арақ ішіп, жаман жолға түскенің жігіт басыңа жараспайды. Міне, оқудан да шығып қалдың. Енді не істейсің? Бірақ, әлі де кеш емес, бәлкім ойланарсың.

Әскен үнсіз бұрылып кете барды.

           *          *            *

Бұлар сол жылы оқуды аяқтап, жан-жаққа ұшып кетті. Міне, одан бері де үш жыл өтіпті. Күлімдеген үш көктем, жалындаған үш жаз, күңіренген үш күз. Міне, дәл сол жылғыдай аппақ қары қалбалақтаған үш қыс. Аспаны да дәл сол жылғыдай бұлыңғыр. Тек қала ғана көркейген, бұрыңғысынан көркемделе түскен.

Үш жылдан бері бұл қалаға Ләззаттың жолы енді түсті. «жаңа қалашыққа» деді ол таксидің артқы орындығына отыра беріп, өздері бұрыннан-ақ «жаңа қалашық» деп атап кеткен қалталылардың котедждері сап түзеген шығыс бетті нұсқап. Самұрқтай жүйткіген такси әп-сәтте-ақ бірімен бірі бой таластырған сәнді үйлері сап түзеген көшеге жетіп келді. Ләззат Гүлнәрдің үйін жазбай таныды. Сол қалпы. Оюлы қара қақпа, кіп-кішкентай жанды түйме. Саусақтары дірілдеп түймені ұзақ басты. Ешкім шықпады. Тағы басты. Үйден еріне басып қызметші әйел шықты.

– Кім керек? – деді сұраулы жүзбен.

– Гүлнәр бар ма? – деп сұрады бұл.

– Ол  тұрмысқа шығып кеткен, Алматыда, - деді жылы жымиып. Жақсы қыз еді, бақытын тапты.

Ләззат қуанып кетті. Осы сәт есіне Әскен түсті. Ішіп кетіпті деп естіген. Ол қайтадан такси ұстап орталыққа тартты. Көлік кептелісіне тура келген көлік біраз тұрып қалды. Ләззат сыртқа көз тастаған. Жол жиегінде отырған бес алты жігіт беріліп карта ойнап отыр. Қыза-қыза дауыстары қатты шығып кеткенін өздері де аңғармайтындай. Орталарында бір бөтелке. Әнебір қияқ мұрттысы көзіне таныс көрінді. «Әскен» деді санасында бір дауыс. Таныды. Әскен екен. Бір кездері талай қыздың арманы болған жігіттің осыншама төмендеп кеткеніне жаны ашыды.