Бір кездері мен жұмыс таппай қиналып жүрген кезімде көршім Митя ағай мені өзі істейтін мәйітханаға күзетші етіп орналастырған еді. Алғашында үйрену қиындау болды, әрине. Дегенмен адам нан табу керек болған соң бәріне төзеді екен.

Мәйтхананың қолқа қаптырар иісі, жантүршігерлік жағдайда қайтыс болған адамдардың мүрдесі күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Бірақ уақыт өте келе кеудемдегі қорқыныш басылып, күнделікті жұмысыма үйреніп кеттім.

Бірде Митя ағай күндізгі күзетшілігінен шығар кезде мен түнгі ауысымға келдім. Сонда ол кісі маған қарап тұрып: Балам, бүгінгі түн біртүрлі жайсыздау болайын деп тұр. Сен бөлмеңнің есігін іштен іліп ал деп ескертті. Әншейінде аузы ішімдіктен құрғамайтын Митя ағай бұл сөзді кәдімгідей салмақты кейіпте айтты. Мен бірақ оның сөзіне аса мән бере қоймадым, қайта: «Ой, қойыңызшы, ағасы, мен бүгін бірінші рет күзетке түсіп отыр дейсіз бе »дедім. Ол кісі маған қарап тұрды да: "Өзің білесің, мен әншейін ескерткенім ғой" деді де кетті.

Түннің бір уағына дейін сыртта отырдым. Айнала тып-тыныш, үп еткен жел де жоқ, әншейінде ағылып жататын көліктердің дыбысы да естілмейді. Сәлден кейін әдеттегідей мәйітхананы бір тексеріп келдім де, бөлмемдегі ағаш төсекке қисайып жатып кітап оқыдым. Сөйтіп жатқанда көзім ілініп кетіпті. Бір уақытта есіктің сыртынан тысырлаған дыбыс естілді. Орнымнан атып тұрып есікке жақындадым. Жақындасам біреу жүрген секілді, бірақ адамның демі естілмейді. Бір кезде тарсылдаған дыбыс күшейе түсті. Есіктің тұтқасын біреу жұлмалағандай болды, мен сасқанымнан есіктің тұтқасын өзіме қарай тарттым. Есікті арғы жағынан жұлмалаған сайын бергі жақтағы ілгіші селк-селк етеді. Есік пен босағаның арасындағы болмашы ғана тесіктен қарасам қараңдаған біреудің көлеңкесі тұрған секілді. Зәрем зәр түбіне жетті. Бір кезде есікті біреу тырмалағандай болды. Есікті ашуға батылым жетпеді. Есіктіің тұтқасына жабысып қанша тұрғанымды білмеймін, бір қарасам, терезеден жарық түсіп, таң атып келеді екен. Таң ата дәліздегі шу да басылды, есікті тырмалауын да қойды. Мен болсам, түнімен менің зәремді ұшырған жайт өңім бе, түсім бе екенін білмей әлі тұрмын. Есеңгіреп тұрғанымда сыртқы есіктің қоңырауы шырылдап жатыр екен.

   Сол уақытта өз өзіме келіп бірінші бөлмемнің есігін ілгішінен ашып жіберіп, бірден ұзын дәлізге көз тастадым. Айналаның бәрі жым-жырт. Дереу сыртқы есікті барып аштым. Сол кезде арғы жақтан әріптесімнің: "Сонша ұйықтағаның не, қоңырауды басып тұрғаныма біраз болды ғой" деді.

Ал мен болсам түнімен болған жағдайды қалай айтарымды да білмедім. Үйге кететін уақытым болса да сол жерде айналшықтап, қайта-қайта темекі шегіп жүре беріппін. Түндегі түсім болса екен деп қоямын ішімнен. Сөйтіп тұрғанымда жаңадан келген практикант жігіт шығып менімен бірге темекі шегіп тұрды да: "Бүгін бір қызық жағдай болды. Екі күн бұрын суға кетіп қайтыс болған адамның денесін кестім. Сонда байқағаным, оның тырнағының асты кеуіп қалған ақ бояуға толып қалыпты. Осыдан бірнеше күн бұрын қайтыс болған адамның тырнағындағы жара бүгін пайда болғандай қанап, қанталап кетіпті" деді. Әлгі сөзді естігеннен кейін ешкімге білдірмей күзетшілер отыратын, кеше түнде өзім қонып шыққан бөлменің есігіне барсам, ақ бояумен боялған есіктің сырты сырылып-сырылып қалыпты. Осы жағдайдан кейін мәйітханадағы жұмысымнан шығып кеттім.Әлі күнге, сол күнгі жәйтті түсіне алмай жүрмін.Өлгендердің рухы ма?Немесе кездейсоқтық па?