Бақтыгүл Ауданова

Әңгіме

КВОТА

 Көк пакетті қатты қысып ұстаған Сәрсен қарт банктің есігінен шыға жан-жағына көз тастап, баласын іздей бастады. Көк қасқасы анау қатар тізілген көліктердің шетінде тұр екен, өзі де сірә, соның ішінде отырған болар. Сәрсен шал тура көлікке тартты. Жүрегі өрекпіп жан-жағына қарап қояды. Оңай деймісің, қолында бір пакет ақша. Бір миллионнан аса теңге. Көптен күткен квотасын алғаны жаңа.

Баласы күтіп-ақ отыр екен. Әкесі отырғаннан ескі жигули «гүж-ж» етіп бір-екі ышқынды да, жүріп кетті.

– Әке, ақшаны не істейміз? – деді жолай шыдамсыздана.

– Көреміз, балам. – Сәрсен шал жолдан көз алмаған күйі жауап берді. – Жартысын анау көші-қонға беру керек. Оларда да ынсап жоқ. Өкіметтің оралмандарға беріп отқан ақшасына қол салып. Он пайыз, жиырма пайыз алса мейлі ғой, елу пайыз дейді, шіркіндер.

Сәрсен шал кіжініп сөйлеп келеді. Баласы үнсіз. Күнде естіп, үйреніп қалған қыжыл ғой. Оралмандардың бәрінің айтатыны осы.

– Шерманның әкесін танимын дейсіз ғой. «Әкеңнің көзін көргенмін, жиырма-отызын берейін» деп айтып көрмедіңіз бе?

– Оны айттым ғой. Айтқанымнан не пайды, қазір әкеңнің танысы емес, ақша рөл ойнайтын заман.

– Бермей қойсақ қайтеді?

– Білмеймін, балам. Сендерге кесірі тиіп кетіп жүрмесе...

– Не істер дейсің, әке? Қолдарынан не келеді?

– Қой, балам, тыныштық керек. Маңдай термен тапқан мал емес. Өкіметтің берген тегін ақшасы, берсек берейік. Жартысы да жетер. Осыны бермегенде қайтер ек?

– Не деген тоймайтын адамдар? Өкіметтен жегені аздай, халықты да тонап жатыр. Бір миллионнан бес жүз елу мыңды қолына санап береміз бе?

– Санап бересің! Әйтпесе, квота дегеннен күдер үзе бер.

Баласы да Сәрсен шал да үнсіз қалды.

Үйде төрт көзі түгел балалары күтіп отыр екен. Келіні сап-сары бауырсақты дастарханға үйіп, ет асып қойыпты.

– Алдыңыз ба? – десті жамырап бұлар үйге кіріп жайғасқан соң.

– Алдық, алдық. – Сәрсен шал жамбасындағы көк пакетті дастархан шетіне аударды. – Мә, қолға алып, ұстап көріңдер. Миллионды да ұстадық қой, шүкір. Жұғысты болсын, ал ұстағандарың миллион болсын!

Балалары, келіндері, тіпті немерелеріне дейін бір бір бума ақшаны қолдарына алып, ұстап көріп жатты.

– Енді не тірлік жасаймыз? – деп ортаға ой тастады үлкен ұлы ертеңнің қамын жасап.

– Соны сендер айтыңдар. Не ойлағандарың бар?

– Жартысын беретін шығарсыз?

– Бермесек болмас, ләбіз жасап қойдық қой. «Көппен көрген ұлы той» дейді қазақ.

– ақыры беретін болған соң бірденберіп келмедіңіз бе?

– Сөйтсем де болар еді, бірақ, аз ақша емес. Бір күн үйімде түнесін дедім. Берекесі үйде қалсын. Ертең Нүкетай екеуіміз зыр-р етіп барып келеміз ғой.

– Дұрыс істегенсіз, әке. Қалғанын қайтеміз. Мына заманда күнделікті тиын-тебен түсетін бірдеме болмаса, бір айлыққа қараған қиын екен. Саудаға салсақ қайтеді?

Ортаншы ұлы өз ойын айтты.

– Сауда деймісің? – деді Сәрсен шал аз-кем ойланып. – Өзім айналысып көрмеген соң, оның тілін біле бермеуші едім, балам.

– Қой, саудасы құрысын. «Оборот» қыламын деп, «Наборот» кетіп жатқандар қаншама. Одан да әке, біз өзімізге үлкен үй салуымыз керек, соған...

Үлкен ұлының не айтпағы белгілі болды.

– Мені тыңдасаңдар... – деп қарт өз ойын ортаға сала бергені сол еді сырттан дабырласқан дауыс естілді. Дастархандағы ақшаны жиып ала қойды. Қарындасы екен.

– Ал, құтты болсын! Берекесін берсін, – деп кірді қарындасы қуанышын жасыра алмай.

– Кел, төрлет.

– Квотасын алды дегенді естіп... Алдыңдар ма? Қанша шығыпты? Көпшіліксіңдер ғой. Миллионнан асқан шығар?

– Барына шүкір, бұйырғанын алдық, – деді шал сабырлы қалпы.

– Ал, енді Нүкетайды аяқтандырып қоятын шығарсың? – Қарындасы әзілдей тіл қатты.

– Е, Нүкетай үйленем десе қой демейміз ғой. Бірақ, әлі үйленуге ерте. Мектеп бітіргені биыл ғана. Әскерге барамын дейді.

– Онда миллионыңды қайда жұмсайсың, нағашы? Әлде, өзіңе бір келіншек тауып берейік пе? – деп күлді шешесіне ере келген жиені.

– Әй, Жанәділ-ай, сен сияқты қылшылдаған жігіт тұрғанда, келіншек мен сияқты шалды не қылсын? Маған келіншек қарағанша, өзіңе қыз ізде. Осы сені аяқтандырып қояйық. Мына Салиқа да соңғы парызынан құтылсын.

– Миллионыңды берсең ертең-ақ әкелейін.

– Ой, ертең кеш қаласың, әкелсең бүгін әкел. Ертең бұл миллионның жартысы иесін тауып кетеді, – деп күлді жеңгелері.

– Елу пайызын бересіңдер ме? – деп күмілжіді Салиқа кемпір.

– Береміз. Бермесек болмайды ғой.

Үй ішін үнсіздік биледі.

– Елдің бәрінен елу пайыздан алып Шерман ендігі шіріп кеткен шығар.

Салиқа баяғы бала Шерманды көз алдына елестетті.

– Е, Шерманда не билік бар дейсің? Ол бір жүрген қуыршақ қой. Оны алғызып отырған жоғарыдағылар. Солардың бәрі Шерманның қолымен от көсеп отырмаса не қылсын? Байғұс балаға обал.

– Не жеп қатырадыдейсің, Шерман? Бес-он теңге көрер, көп болса. Бірақ, елден алып жатқан қарғысы қаншама. Кім соншалықты ақшаны разылықпен берер дейсің?..

Ел тарқап дастархан жиылған соң Сәрсен шал пакеттегі ақшаны сандыққа салып, кілтіне жіп өткізіп, беліне байлап алды.

Бұл ауылда миллион ұстаған жалғыз бұл емес. Талайлар миллионды алып, тең жартысын санап беріп жатыр. Сол үшін бе алғашқыда іші онша аши қойған жоқ. Түнімен ақша салған сандығын сыртынан сипалап қойып жатты. Ұйқы келер емес. Күнделікті жастыққа басы тиер-тимес қор-р етіп алатын құс ұйқысы болушы еді, бүгін ол да қашқандай. Сыртқа шыққысы келді. Есік алдындағы құманын ала бергені сол еді, әлдекімнің күректей алақаны мұрнын басып үлгерді. Қышқылтым өткір иіс қолқасын қауып, естен тандыра бастады. Одан кейінгісі есінде жоқ. Жүзін жуған судан селк етіп оянды. Үсті-басы малмандай су. Біреу тағы бір шелек суды үстіне құйып жібергені.

– Есін жиды, – деді тағы бір бөтен дауыс.

Әлгі екеу қолтығынан көтеріп, сүйрей жөнелді. Келіні мен баласын екі бұрышқа байлап, отырғызып қойыпты. Екеуі де қорқыныштан қалш-қалш етеді. Сәрсен шал әлі де не болғанын түсіне алмай әлек.

– Ақша қайда? – Бет-жүзін тұмшалап алған жігіт гүж-ж етті.

Шал енді түсінді. Ақшаға келген қарақшылар екен ғой. Шал үнсіз орнынан көтеріліп бөлмесіне қарай жүрді. Сандықтың аузы айқара ашық. Беліне қол салған. Орамалы тұр, кілт жоқ. Сылқ етіп отыра кетті.

– Ақша қайда деймін, сасыған шал?! Арт жағынан тиген тепкі ыңқ еткізді.

– Кілт жоқ. Ақша да жоқ. Сендерден басқа ешкім келген жоқ, – деді қалшылдай.

– Не дейсің? Сен бізді ұрыға санап тұрсың ба? «Доля» қайда? «Доляны» бер, басқасымен жұмысымыз жоқ, тып-тыныш кетеміз.

– Мен сыртқа шыққанымды білемін, әлдекім арт жағымнан келіп аузымды басты. Содан кейін өздерің емес пе есімді жиғызған. Сонда кім болуы мүмкін? – деді Сәрсен шал жыларман хәлде.

– Онда кім?

Шалдың айтқанына сенді ме, әлде түк шықпасын білді ме, біреуі телефонын алып тере бастады. Арғы жақтағы күтіп отқан болуы керек, тұтқаны тез көтере қойды.

– Алло, басеке, алма жоқ. Баққа біреулер ұрлыққа түскенге ұқсайды. Шалды аулада естен танып жатқан жерінен тауып алдық.

Аржақтағы адамның не дегенін кім білсін, телефонды тез сөндірді.

– «Алмай қайтпаңдар»деді, – деп қосып қойды.

– Кім алуы мүмкін? Бұл жайлы кім білуші еді? – деді шалға төне түсіп.

– Білмеймін ғой, балам. Ауылдың бәрі біледі ғой, естиді ғой, әйтеуір.

– Үш күн мұрсат, ақшаны тауып алып барып бересіңдер. Әйтпесе, үш күннен кейін қайта келеміз. Ал, егер полицияға берсең, оңбайсың!

Сәрсен шал әкіреңдеген төртеуден әрең құтылды.

Бір сәттік ләззатқа бөлеп жоқ болған миллионға іштері ащыса да, ешқайсысы тіс жарып ол жайлы сөз қозғамайтын болды. Тек анда-санда Нүкетай ғана сандықтың сыртын бір сипалап қоятын. Аппақ иномарка мінсем деген арманы бар еді.

Айтылмай жатып іште өлді. Сәрсен шал онша езіле қойған жоқ. Еңбекпен тапқанға жетпейтінін біледі. Желмен келді, желмен кетті деген осы. Бұл кезге дейін оңай жолмен ақша тауып көрмепті. Әйтеуір, не істесе де адал ақы, маңдай термен тауып келеді. Балаларын да соған үйреткен. Шүкір, жаман емес. Елге оралғанда да өкіметке алақан жаймай, өз шаруасының қамын өзі күйттеді. Жағдайын айтып ешкімнің алдына алақан жайып бармады. Біреулер сияқты тіленбеді, сұранбады. Сол еңбегінің арқасында екі ұлын үйлендірді. Екі ұлына жер алып, екі бөлмелі қоржын там салып берді де, бөлек қойды. Шүкір, олар да жаман емес. Өз арбаларын өздері сүйреп келеді. Әйтеуір, квота аласың ба деп өздері айтқан соң, өкіметтің көмегі ғой деп бас тартпаған. Алған күні Нүкетай әскерге барып келгенге дейін деп мына қолындағы келін-баласына бір үй салып берсем деп еді. Оның да ақыры мынау болды. Мейлі ғой, бас аман болсын...

Миллионның жоғалғаны басқаларға да оңай тиген жоқ. Ауыл ішінде түрлі әңгімелер өрбіп, біреулер тіпті квота алуға қорқып қалды. Әсіресе, Салиқа қарындасы квота алмай жатып қара аспанды төндіріп тастады.

– Квотасы құрысын. Алмай-ақ қояйық. Ойбүй, әлі де аман қалғаныңа шүкір. Төбеңнен бір қойып өлітіріп кетсе, қайтер едік?..

Осылай миллионның жыры ұмытылайын деген. Сәрсен шалдың балаларының іштегі балдай тәтті армандарының бәрі іштей солып, бәрі қайта өз тіршіліктеріне кіріскен. Нүкетай да қала мен ауылдың арасын жалғап, баяғысындай такси қызметін атқарып жүрген. Сол күні түс ауа әкесі мен Салиқа апасын нағашыларының жылдық асына апармақ ниетте ерте қайтты. Алдымен Салиқа апасына соқты. Әкесінен гөрі, апасының жиналуы қиын. Дегенмен, әйел заты емес пе, сипанып, орамалын он түзеп, шығамын дегенше талай уақыт өтері анық. Білгендей-ақ, апасы сүт қосқан шайды баптап ішіп отыр екен.

– Кел, Нүкетай, кел, – деп қалбалақтап қалды мұны көре сала. Бұл да апасының қасына қонжия кетті. Салиқаның осы бір сүт қосқан шәйінан тәтті шәйді ішіп көрмепті осы күнге дейін. Өзі де бабына келтіріп демдейді. Екі-үш кесесін сіміріп алсаң болды, сусын түгілі тамақтың өзін қажет етпейсің.

– Әлі жиналмағансыз ба, апа? – деді ыстық шәйдан ұрттап жатып.

– Кешірек барамыз ба десем. Бүгін кезегің емес пе еді? Ерте келіпсің ғой.

– Кезегім ғой. Бірақ, кешкісін жүруге көлігім жарамайды. Жарығы жоқ. Ескі көлік болған соң...

Апасы киініп болғанша нағашы жеңгесі алып келген бір кесе көжені сіміріп алды. Сүт шәйға тойған қарнын сипап болған соң, қабырғада ілулі тұрған айнаға

қарап шашын ұйпалай бастады. Мектеп бітіргелі ағасының ескі қасқасын астына басып, қаламен екі ортада адам тасимын деп айнаға қарауды да ұмытып барады екен. Шашын түзегендей болды. Айна шетіне газеттің тілімдей қиындысын бүктеп-бүктеп қыстырып қойыпты. «Не екен?» деген оймен бүктеуін жазып көрді. Сүйірленіп жыртылған газеттің қиындысы көзіне ыстық көрінді. Қиындыны алған күйі үйіне қарай жүгірді. Миллион жоғалған күннен бері құлыпсыз қалған қара сандықтың ішін ақтарды. Жаңылмапты. Дәл өзі. Әкесінің аяқ асты болмасын деп сандыққа салып қойған дін жайындағы газеті. Бір-біріне сай келіп тұр. Газеттің қиығын алған күйі сыртқа беттеді.

 

– Ах, Жанәділ, сен екенсің ғой! – деді кіжініп.

– Жанәділ қайда? – деп сұрады апасының ауласына кіре сала алдынан шыға келген жеңгесінен.

– Үйдің жанында. Жер аударып жатыр.

Жанына жетіп барды. Жиен ағасы мықшыңдап жер аударып жатыр екен. «Осында тыққан екенсің ғой» деді іштей. Қазір мына газеттің қиындысын көрсетіп, ақшасын сұраса не боларын көз алдына елестетті. Әкесі... Салиқа апасы... елдің әңгімесі...

– Қалай жиен? – деді газет қиындысын умаждап қалтасына салып жатып. – Қолыңа күрек ұстапсың, жаңалық қой.

– Күзгі жауынмен жерді тынықсын дегенім ғой. «Жерді айдасаң күзде айда, күзде айдамасаң жүз айда» дейді өзбектер.

– Дұрыс айтасың. Мына біздің іргені де аударып берсең.

– Өзіңнен артылар жер емес қой, нағашы, – деді жиені де әзілдегенсіп. – Мейлі, жүз грамм қойсаң аударып берейін.

– Сенен аяғанды ит жесін. Қашан десең де дайынмын. – Нүкетайға да керегі осы еді.

– Әкелетін болсаң, бүгін әкел. Ана апаң жоқта бір жүзіп қалайын.

Нүкетай болды дегендей ишара берді.

– Әй, Нүкетай, жүр. Мен дайынмын, – деген Салиқа апасының даусы естілген соң Нүкетай кетуге мәжбүр болды.

Жалғасы бар...