2020 жылғы 6 қыркүйекте тіркелген коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмония бойынша ресми ақпарат жарияланды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ coronavirus2020.kz сайтына сілтеме жасап.

"Өткен тәулікте коронавирус белгілері бар пневмониямен ауырған 423 адам және 3 өлім жағдайы тіркелді. Оған қоса 83 адам емделіп шықты", -делінген денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.

Сондай-ақ, пневмонияға қатысты 1 тамыздан бергі статистика жария етілді: Ауырған науқастар - 27 623, өлім жағдайы - 313, ал жазылып шыққандар саны 5 957-ге жетті.

Соңғы мәлімет бойынша, елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 76 адам тіркелді. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 106 301-ге жетіп отыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін отандық ғалымдардың коронавирусқа қарсы үшінші баламалы вакцина жасағаны хабарланды. Сондай-ақ, вице-премьер Ералы Тоғжанов онлайн брифинг барысында қазақстандықтар күзде кезекті локдаунға дайындалу қажет пе деген сұраққа жауап берді.