Гүнай Текин

Севги. Атымның өзінен сезімді аңғарасыз. Алайда, сезімдер қалай тез  лаулап жанса, солай  тез сөнбей ме?  Мен өзім білмеймін. Мен қандай сезімнен жаралдым. Əкем кім? Анам кім? Мен ешқашан жан баласына сыр айтып көрмеппін. Айтқым келмейді емес, айта алмаймын. Сəби кезімде əр туған күнім де туған ата-анам келсе деп, есік алдын күзететінмін. Тəрбиешілерден жиі-жиі мені іздеп келген жандардың болып-болмағанын сұрай беретін едім. Күн ұзақ аузыма ас алмай, асылдарымды тосатынмын. Қанша жыл күттім. Судай ағып кетті жылдар, мені ешкім іздеп келмеді...

Кешірім мен мейірім!... Бұл екеуін бір өмір жетім жүрек іздеумен  сабылады, тыңдарға дос, тілекші болар  жан таппай тəңірге ғана шағынады.  Анасы мен əкесі бар адам - ең бақытты жан. Мейірімге шөліркемейді, біреуді аңсап бір ғұмыр күтпейді.

Жылаймын десе, жылайды. Жұбатар жан қасынан табылады. Бізге жылауға да болмайтын. Жылай қалсақ, жазаланатынбыз.  Сағыныштың ащы дəмін сəбилік шақтан сезуден асқан азап жоқ. Сағына-сағына өмірдің түсі де сарғыш тартады, ес біле бастаған соң өмір саған ауыр жүктерін артады. Өзіңді іздейсің... Өз-өзіңе сұрақ қоясың. Жауабы жоқ сауалдар  алдыңнан шығады. Түсінгің келеді. Түсіне алмайсың... Кешіргің келеді. Кейде, жүрек кешірімін сана қаламайды. Сана- өткенді ұмыта алмайды.  Сол бір екі жан... Саған өмір сыйлаған жандарды көргің келеді. Алайда, іштей қажеті жоқ дейсің. Қажеті жоқ...

 Жетімдік - рухыңды тағдырдың алдында сындырмау, жұрт алдында ешқашан жанарға жас алмау. Рухсыз болсаң, тағдыр сені аямайды. Тағдыр - əлсіздік пен жігерсіздікті қаламайды. Сол үшін жыламайтын болдым жəне ешбір адамнан көмек сұрамайтын болдым. Адам болып, аяқтан тұрғым келді. Адам болып, өмір сүргім келді.

Балалар үйінде тəрбиеленгенімді  ешқашан жасырмаймын. Тағдыр жасыруға келмейді. Ішкі мені биік адам жетістікке жетеді. Құлайды, қайта тұрады.  Оқу оқыдым. Адам болу үшін ілім керек екенін түсіндім.

Жетімдік - санасы төмен адамның  ауыр сөздерін есту жəне соны кешіру. Əрбір өмір парағын ашқанымда алдымнан ойсыз адамдар шықты. Тілдеді."Көргенсіз хəм тексіз" -деді.  Иə, жиі есіттім. Досымнан да, қасымнан да,таныстан да, бейтаныстанда...

Оқушы  кезімде сол сөзді есіткен шақ ауа жетпей қысылып қалушы едім. Əлі де солай.

Тəңір ісіне шара жоқ. Десе де, ешбір сəби тірі жетім атанбаса ғой.... Тілеймін. Жəне жетім жүректерді ойсыз жандар ренжітпесе екен.

Жетімнің  жанын ауыртып, көз жасын төгіп, сенімін лайлап бақытқа жеткен пенде жоқ . Болмаған. Болмайды да. Ондайлар еш оңбайды да.

Тəңір əркез арлыға жар болады. Осыны ұмытпаса екен...

Түрік тілінен аударған Мейірхан Мейрамбекұлы