Владимир Путин Украинаға шабуыл жасаған кезде Батыс жауап береді деп күтпеді, бірақ бұл ойымен жаңылысты. АҚШ президенті Джо Байден халыққа жасаған үндеуінде осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, Путин "өзін не күтіп тұрғанын білмейді". Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

АҚШ президенті Путиннің шабуылына қарсы экономикалық шаралар қолданатынына уәде беріп: "Ол өзін не күтіп тұрғанын білмейді", - деді. 

"Алты күн бұрын Путин еркін әлемнің негізін әлсіреткісі келді. Осылайша тәуелсіз әлем ол төндірген қатердің алдында иіледі деп ойлады. Бірақ қатты жаңылысты. 

Украинаға кірсем, әлем төңкеріліп кетеді деп ойлады. Алайда оның орнына өзі де елестете алмаған мықты қорған - украин халқы оны қарсы алды", - деді Байден. 

АҚШ президентінің айтуынша, Путин бастаған соғыс алдын ала ойластырылған және бұл соғысты бастауға оны ешкім арандатқан жоқ. 

"Ол бір емес, бірнеше рет жасалған дипломатиялық талпыныстарды кері қайтарды. Батыс пен НАТО жауап бермейді, осылайша бізді ажырата аламын деп ойлады. Путин қателесті. Ал біз дайын болдық", - деді Джо Байден. 

Америкалықтардың басшысы АҚШ "НАТО-ның әр дюймін қорғауға дайын" екенін, бірақ Украина жерінде соғыспайтынын ашық айтты. 

"Нақты айтуға рұқсат беріңіздер: біздің күштер Украина мен ресейлік әскерилердің ұрысына араласпайды. Біздің әскерилер Украинада соғысу үшін Еуропаға бармайды, бірақ біздің НАТО-дағы одақтастарымызды қорғайды", - деді Байден. 

Оның сөзінше, АҚШ өз одақтастарын, оның ішінде Польша, Румыния, Латвия мен Эстонияны қорғау үшін жер үсті, теңіз және әуе күштерін жұмылдырады. 

Байденнің айтуынша, АҚШ пен оның одақтастары Украинаға басып кіруі мүмкін Ресейдің шабуылына тыңғылықты дайындалған. 

"Біздің еуропалық одақтастарымызды біріктіру үшін сансыз сағаттарды өткіздім. Одақтастарымызбен бірге біз қазіргі уақытта мықты экономикалық санкцияларды енгізудеміз. Одақтастарымызбен бірге еркіндік үшін күрескен украиналықтарға қолдау білдіріп жатырмыз. Әскери көмек. Экономикалық көмек. Гуманитарлық көмек. Украинаға 1 млрд доллар көлемінде тікелей көмек жіберудеміз", - деді Байден. 

АҚШ көшбасшысының айтуынша, Украина мәселесіне келгенде мемлекет басшыларының бірлігі байқалады.

"Қазір Еуропаның, Батыстың біртұтастығын байқап отырмыз", - деді ол. 

Қарсы жауап ретінде Байден АҚШ ресейлік ұшақтар үшін әуе кеңістігін жабатынын мәлімдеді. Дәл осындай шектеуге Канада мен Еуропа елдері басшылығы енгізген еді. 

Америка басшысы шектеу Ресейде тіркелген, қолданыстағы және сертификатталған барлық ұшақтарға, оның ішінде чартерлік рейстерге қатысты екенін атап өтті. 

Ал бұл аралықта Конгресстегі екі партия өкілдері Ақ үйдің антиресейлік санкцияларды қатаңдата түсуіне, оның ішінде ресейлік мұнайды импорттауға шектеу қоюйына барын салуда.