Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Қарағандының Костенко шахтасындағы апаттан қаза тапқан адамдардың саны 46-ға жеткенін мәлім етті- деп хабарлайды el24.kz тілшісі.


«Бүгінгі күні іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 45 кеншінің денесі және алдын-ала болжам бойынша 46-шы қаза тапқан адамның дене бөлшектері табылды.

Қайтыс болған 40 адамның жеке басы анықталды, алтауы әлі белгісіз. Оларды сәйкестендіру үшін тиісті сараптама жүргізіледі. Іздеу жұмыстары электр энергиясының болмауымен, тау-кен қазбаларының ұзындығымен, көптеген бұзылған механизмдердің болуымен қиындады. Су басқан жекелеген тау-кен қазбаларында жұмыс жасау қиынға түсті», — деді министр.

Сондай-ақ, ол шахтаның қызметін қалпына келтіру үшін тау-кен қазбаларын зерттеу және жекелеген учаскелерде су сору жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

«Аварияның себептерін тергеп-тексеру шеңберінде Үкіметтік комиссия мүшелерімен бірге шахтаға түстім. Біз өте маңызды бұзылуларды анықтадық. Тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткен. 15-тен астам оқшаулағыш бөгеттер мен желдету құрылыстары қираған», — деді Сырым Шәріпханов.