Атырау облысының Махамбет ауданында тұратын ер мен әйел бір күн бұрын мал іздеуге шығып, қайта оралмаған. Құтқарушылар жоғалған екі адамды бүгін тапты- деп хабарлайды el24.kz тілшісі  КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының ақпаратына қарағанда, екі адам 24 наурызда «Нива» көлігімен жылқы іздеуге шыққан. 

Алайда, кері оралмай, хабар-ошарсыз кеткен. Бұл туралы туыстары хабар берген. «25 наурызда сағат 08:20-да Махамбет ауданындағы №11 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары 1977 жылғы азамат пен 1983 жылы туған әйелді іздестіру жұмысын бастады.

Құтқарушылар Махамбет ауылынан 9 шақырым қашықтықтағы «Сейтек» шайханасына қарай далалық аумақтан іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді. Алайда, аталған маңнан жоғалған екі адам табылған жоқ. Жоғалғандарды іздестіру одан әрі жалғастырылып, Құтқарушылар қырға қарай іздестіру-құтқару жұмыстары 46 шақырым қашықтағы «Әбен қыстағы» учаскесіне дейін жалғасты. Дәл осы қыстақтың маңында батпаққа батқан «Нива» көлігі мен ер мен әйел табылды. Олардың жағдайы қалыпты, медициналық көмекті қажет етпеді», - деп хабарлады қоғаммен байланыс тобы.

Жылқы іздеуге шығып, далада түнеген екі адамды іздестіру жұмысына №11 өрт сөндіру бөлімінен 4 қызметкері, 1 техника тартылды. Төтеншеліктерге Махамбет аудандық полиция бөлімінің 5 қызметкері 2 техникамен, ауыл тұрғындарынан 3 адам көмек берген.