Бишімбаев ісіне қатысатын алқа билерді сатып алуға жол берілмейді. Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев қазақстандық алқа билер тізіміндегі азаматтардың адалдығына сенім білдіретінін мәлімдеді- деп хабарлайды  el24.kz тілшісі, КТК телеарнасына сілтеме жасап. Жауапты міндетті мойнына алғандар әділетсіздікке жол берсе, заң алдында жауап береді деп кесіп айтты.


Мәжіліс қабырғасында алқа билердің құзіреті кеңінен түсіндіріле бастаған тұста олардың атқарылған жұмысына алатын ақысы да ашық айтылды.

Өзінің ай сайын алып жүрген жалақысы сақтала отырып, билерге 30 күн еңбегіне 180 мың төленеді. Сонымен алқа билердің міндеті қандай? Елімізде алқа билер соты 2007 жылдан бастап жұмыс істейді. Билер алқасына артылған жүк те ауыр.

Сот процесінің басынан үкім шыққанға дейін басы-қасында жүретін бұл азаматтар айыпталушының кінәлі, не кінәсіз екенін шешеді. Дегенмен түпкілікті шешімді тек судья шығарады. Қоғамда үлкен резонанс туғызған «экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісін алқа билер қарайтын болды» дегелі, халықтан маза қашқан. Дегенмен Президент құзырлы органдар басшыларына бақылауға алуды тапсырған істе Мәжіліс төрағасы да соттың әділ өтуін қадағалаймыз деп отыр.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: — Бұл қоғамда үлкен резонанс туғызған, шынында жантүршігерлік оқиға. Қоғамның ерекше бақылауында деп айтамын. Президент осы іс бойынша тергеуді дұрыс жүргізуге тапсырма беріп, өз бақылауында ұстап отыр. Алқа билер сотына 25 жасқа толған, мойнында жаза мерзімі жоқ, судья я күш құрылымдарында қызмет етпеген кез келген азамат қатыса алады.

Әр өңірде мұндай талапқа сай келетін резервте 300 адам қарастырылған. Сайдың тасындай тізілгендердің ішінен жеребе арқылы 25 адам таңдалып алынады. Ең қызығы, негізгі сот отырысында қос тараптың таңдауымен осы 25-тен негізгі 10 алқа би мен екі қосалқы қатысушы таңдалады. Залға ілі-шала кіре сала, тек адал үкім шығаруға ат салысамыз деп ант берген алқа билердің уәдесінен тайқитындай басы екеу емес дейді мәжілісмен Абзал Құспан.

Абзал Құспан, Мәжіліс депутаты: —Алқа билер дегеніміз олар да қоғамның бір өкілі. Бұл жерде кәсіби судья қатысады. Қандай да бір сыбайлас жемқорлыққа апарып соқтырмай ма, яғни оны қандай да бір жолмен сатып алмай ма деген сөзді айтып отырсыз.

Енді қараңыздар, бір адамды сатып алған оңай ма, 10 адамды сатып алған оңай ма?! Қарапайым сұрақ. Сонда кім үкім шығарады, біз бір судьяға сенбесек, алқа билер сотына да сенбесек?! Сондықтан құрығы ұзын тараптың алқа билерді сатып алу мүмкіндігі бар деген нұсқаны мүлдем қаперлеріңізге алмаңыздар дейді Бас прокуратура.

Ал өз заманында ең жас министр атанған Бишімбаевқа сот залында ерекше жағдай жасалған ба дегенге прокурордың жауабы осындай. Әсет Шыңдалиев, Бас прокурордың орынбасары: — Бишімбаев қамауда отырған адам.

Қарауылшы жасақ отырған адамды соттан осылай алып кетеді. Сотта ең алдымен тәртіп қамтылады. Сот телешоу немесе ток-шоу емес. Бұған дейін алқа билердің қатысуымен қаралған есте қалған екі іс бар. Ол 2016 жылы Астанада өлтірілген студент Ерасыл Әубәкіровтің ісі мен танымал продюсер Баян Мақсатқызының экс-күйеуі Бақытбек Есентаевқа қатысты қылмыстық іс.

Ал қамауға алынған күннен алып-қашпа әңгімелерге толы Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша негізгі сот 27 наурызда басталады.