Желіде 51809 әскери бөлімінде ант қабылдаған сарбаздың  видеосы тарады, - деп хабарлайды el24.kz тілшісі, Massaget.kz ке сілтеме жасап.

Бейнероликтің кейіпкері - әскери қызметші Александр Землянкин. Ол 1 маусымда әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының 51809 әскери бөлімінде ант қабылдаған. Өкінішке қарай, туыстары салтанатты шараға келе алмапты. Майордың сұрағына сарбаз әскери тәртіппен жауап берді.

Александр - Щучинск қаласының тумасы. Мерзімді әскери қызметін Маңғыстау облысында атқарады.

Жергілікті басылым тілшілері сарбаздың анасымен сөйлескен. Ол ұлын жалғыз тәрбиелеп өсіргені белгілі болды. Александрдан басқа кәмелетке толмаған екі қызын тәрбиелеп отыр. Жалғыз әйел отбасын асырау үшін жұмыс істеп, Ақтауға жете алмаған. 

Александрдың анасы ұлының Көкшетауда аспазшы болып оқығанын, бірақ биыл әскерге баруға шешім қабылдағанын айтқан.

Әйел ұлын өзін қорғай алатын сабырлы жігіт ретінде сипаттады. Ол бала кезінен спортпен айналысқан. Соңғы уақытта ол жекпе-жекпен, атап айтқанда кикбоксингпен шұғылданған. Анасы Александр лайықты және қауіпсіз қызмет етеді деп үміттенеді.

Жас жігіттің видеосы Тик-токта тарап кетті. Екі миллионнан астам қаралым жинаған, 10 мыңға жуық пікір жинаған.