Көкшетауда қолындағы тамырын кесіп, өзін-өзі өлтірмекші болған ер адамды полиция қызметкері құтқарып қалды.

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, келеңсіз жағдай 23 шілде күні тапа-тал түсте Көкшетау қаласының орталық алаңында болған.

Алаңды патрульдеу кезінде патрульдік полиция батальонының қызметкері, аға лейтенант Серікбай Қазбеков «Cinema Alem» кинотеатрының жанында бейтаныс ер адамның өз қолының тамырын кесіп жатқанын көрген. Полиция қызметкері бірден көмекке ұмтылған. 

«Тәртіп сақшысы ер адамды сөзге тартып, оның мұндай әрекетке баруына жеке сипаттағы мәселе екенін анықтады. Артынша дереу жақын маңдағы стационарлық полиция бекетіне жеткізіп, білегіне жгут салды және жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Қазіргі уақытта ер адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ, ол дәрігерлердің бақылауында», - деді ведомстводан.