Таразда психикалық диспансерден қашып кетті деген ер адам автобус жүргізушісін пышақтап тастаған. Ол 2010 жылдан бері облыстық психикалық денсаулық орталығында тіркеуде тұрған. Жарақат алған азаматқа шұғыл ота жасалды.

Автобус жүргізушісі ер адамнан жол ақысын сұраған екен. Сол кезде науқас оның иық тұсына пышақ сұғып, қашып кеткен. Жарақат алған автобус жүргізушісіне шұғыл ота жасалды. Қолында суық қаруы бар 33 жастағы күдіктіні полицейлер жеті күннен бері таппай жатыр.

Полицияның мәліметінше, күдікті ер адам 2010 жылдан бері облыстық психикалық денсаулық орталығында тіркеуде тұрған. Алайда ондағы мамандар оның жеке бас дерегін жариялай алмайтындарын жеткізді. Іздеудегі азаматтың мекенжайын айтқан адамға Ішкі Істер органы қызметкерлерінің қаржылай сыйақысы бар. Полицейлер ол табылғанша тұрғындарды барынша сақ болуға шақырады.

«Полиция қызметкерлері қылмысқа қатысты күдікті 33 жастағы Байзақ ауданының тұрғыны екенін анықтады. Қазіргі таңда күдіктіні іздестіру іс-шаралары жалғасып жатыр», – деді Жамбыл облысы ПД ресми өкілі.