Атырауда жол қозғалысын реттеп тұрған полицейді көлік қағып кетіп, полиция бірнеше дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.
 
Бұл жәйт 30- шы қыркүйек, кешкісін болған- деп хабарлайды el24.kz тілшісі Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  
 
«Кешкі сағат 18:40 шамасында Toyota Corolla автокөлігінің жүргізушісі Атырау қаласындағы Қ.Сатпаев-Ерниязов көшелерінің қиылысында патрульдік полиция батальонының қызметкерін қағып құлатқан. Сол сәтте полиция қызметкері жол қозғалысын реттеп тұрған. Түрлі дене жарақатын алған полиция қызметкері облыстық ауруханаға жеткізілді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
 
Қазір жол-көлік оқиғасына қатысты тиісті іс-құжаттар жинақталды. Сараптамалар қорытындысына сәйкес шешім қабылдау үшін сотқа жолданатын болады. «Жол-көлік оқиғасына себепкер болған көлік жүргізушісі көзі күнге шағылысқандықтан, патрульдік полиция қызметкерін көрмей қалғанын айтады. Бірақ, бұл жауапкершіліктен құтқармайды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.