Батыс Қазақстан облысы, Оралда қызғаныштан күйеуінің интимдік суретін таратқан әйел 3- жылға сотталды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы Прокуратурасының баспасөз қызметі мәлім етті.
«Н» деген әйел қызғаныштан күйеуінің интимдік суретін «WhatsApp» мобильді мессенджері арқылы таратқан.
Орал қалалық сотының үкімімен ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 147-бабы (Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу)
Сол сияқты, «И» есімді азамат әйелінің жеке суретін таратқаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкімдер заңды күшіне енді, - делінген хабарламада.
Мәселенің өзектілігін ескере отырып, Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы барлық азаматтар мен заңды тұлғаларды заңды сақтауға және басқа адамдардың құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеуге шақырады. Жеке өмірге қол сұғылмаушылық материалдарын келісімсіз тарату ауыр моральдық зиян келтіріп қана қоймай, 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруға қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Сонымен қатар министрлік цифрлық қауіпсіздіктің маңыздылығын еске салды. Интернетте қандай материалдармен және кіммен бөлісетініңізге мұқият болу керек.