2024 жылдың 4 қазанында Талғарда 16 жастағы Шерзат Болаттың қайғылы қазасы орын алды. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып,әділдік іздеген отбасы мен қоғам белсенділерінің назарында болды.
2025 жылдың наурыз айында Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов адвокаттарынан бас тартқаны туралы ақпарат тарады,- деп хабарлайды el24.kz тілшісі.
Алайда,бұл мәселе бойынша әртүрлі мәліметтер бар. Айтбек Амангелді бастаған адвокаттар тобының мүшесі Ерлан Адаевтың айтуынша,Қаржаубай Нұрымов оларға сенімхаттарды қайтарып алатынын хабарлаған. Ол бұл шешімнің себебін нақты түсіндірмегенін атап өтті.
Дегенмен, Шерзаттың әпкесі Перизат Нұрымова бұл ақпаратты жоққа шығарып, отбасының тек Айтбек Амангелдімен жұмысын тоқтатқанын, ал басқа адвокаттармен жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Айтбек Амангелдінің анасына дөрекі сөйлегені және артық әрекеттері бұл шешімге себеп болған.
Қазіргі уақытта Шерзаттың отбасы жаңа адвокаттармен жұмыс істеуде. Бұл жағдай істің әрі қарайғы барысына қалай әсер ететіні белгісіз. Қоғам бұл істің әділ шешімін күтіп отыр.