Мәнерлеп сырғанаудан 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен Пхенчхандағы доданы қысқа бағдарламадан кейін-ақ аяқтады. Отандасымыз 30 қатысушының ішінде финалдық кезеңге өтетін 24 спортшы қатарына қосыла алмады деп жазады Vesti.kz.

Жарақатынан жаңа айығып жүрген қазақстандық спортшы үшін Пхенчхандағы ақ Олимпиада сәтсіз өтті.

Қысқа бағдарламада Денис 70,12 ұпай жинап, нәтижесі төмен болды. 30 спортшы ішінде 27 орынға табан тіреді.

Соңғы рет Оңтүстік Корея жерінде жарақат алып, балдақ және гипспен қайтқанын айтқан қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Олимпиадаға барын сала дайындалғанын жасырмады.

"Спорт құрбандықты талап етеді, бірақ мен ақталуды қаламаймын. Мен расымен де, турнирге барынша дайындалдым. Қанша күш салып, дайындалсаң да үмітіңнің ақталмағаны жаман. Бірақ бұл өмір ғой.
Сәтсіз өнер көрсеткенімен қарамастан алда мені және бүкіл Қазақстан құрамасын тамаша жетістіктер күтуде деп білемін. Ал үшінші Олимпиада қатысқаныма қуаныштымын, соңғысы емес деп ойлаймын, - деді спортшы.

Қысқа бағдарлама бойынша жапон Юдзуру Ханю көш бастады. Ол 111,68 ұпайға ие болды. Екінші орында испан Хавьер Фернандес келеді. Оның өнерін төрешілер 107,58 ұпаймен бағалады. Үздік үштікті тағы бір жапон мәнерлеп сырғанаушысы Шома Уно (104,17 ұпай) түйіндеп тұр.