Махачкала мен Дербентте содырлардың шабуылына байланысты Дағыстан аумағында үш күн аза тұту жарияланды.

«24, 25 және 26 маусым күндері Дағыстанда аза тұту күні деп жарияланды. Бүкіл республика бойынша аза тұту күндері мемлекеттік тулар жартылай төмен түсіріледі. Өңірде орналасқан мәдениет мекемелері мен телерадиокомпаниялар барлық ойын-сауық шаралары мен хабарларын тоқтатады. «Дағыстан Республикасының үкіметіне қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету үшін тиісті шараларды қабылдау тапсырылды», - деп атап өтті билік өкілдері.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентіне көңіл айтты.
 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дағыстандағы православие шіркеуі мен синагогаға лаңкестік әрекеттер жасалып, соның салдарынан дін және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қаза болуына байланысты Ресей Президенті Владимир Путинге көңіл айтты.
 
«Қазақстан Президенті құқық қорғау жүйесі арқылы жедел-іздестіру шараларын жүргізуде көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді», — деп жазды Ақорданың ресми сайты.
 
Мемлекет басшысы адамзатқа қарсы жасалған мұндай әрекетті үзілді-кесілді айыптайды, сондай-ақ, БҰҰ, ШЫҰ және басқа да беделді халықаралық ұйымдар аясында лаңкестікпен күресу үшін көпжақты ынтымақтастықты дамытуды қолдайды. Айта кетейік, кеше Дағыстанда белгісіз біреулер православ шіркеуі мен синагогаға шабуыл жасаған.