«Азаттық радиосы» (Азат Еуропа/Азаттық радиосы, RFE/RL) — АҚШ үкіметі қаржыландыратын халықаралық коммерциялық емес хабар тарату ұйымы. Оның мақсаты — баспасөз бостандығы шектелген елдерде демократиялық құндылықтар мен институттарды алға жылжыту.

2024 жылы "Азаттық радиосы" Қазақстандағы орыс тіліндегі редакциясын жабу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Орталық Азиядағы ресурстарды тиімді пайдалану және қайталанатын ақпараттарды қысқарту мақсатында жасалды. Осылайша, орыс тіліндегі хабар тарату өңірлік деңгейде біріктіріліп, жоғары сапалы журналистикаға қосымша инвестиция бағытталды.

2025 жылдың наурыз айында АҚШ президенті Дональд Трамп жеті федералдық агенттікте қысқарту жүргізуді көздейтін жарлыққа қол қойды. Олардың қатарында "Азат Еуропа/Азаттық радиосы" медиакорпорациясына жетекшілік жасайтын АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі (USAGM) де бар. Бұл шешім «Америка дауысы» радиостанциясының хабар таратуын тоқтатып, 1300-ден астам қызметкердің демалысқа жіберілуіне әкелді.

Дегенмен, "Азаттық радиосының" Қазақстандағы бөлімшесі өз жұмысын жалғастыруда-деп хабарлайды el24.kz тілшісі.

Қазақстандағы қызмет басшысы Торокул Доровтың айтуынша, агенттік қаржыландырудың тоқтатылуына қарамастан, шынайы ақпарат пен демократиялық құндылықтарды тарату миссиясын орындауды жалғастырады.

Сонымен қатар, "Азаттық радиосы" қызметін тоқтатса, Қазақстанның жоғалтатыны өте көп екенін қазақстандық саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт атап өтті. Оның пікірінше, бұл жағдай елдегі саяси тұтқындардың шарасыз күйін бүкіл қазақ қоғамы кешуі мүмкін дегенді білдіреді.

Қазіргі уақытта "Азаттық радиосы" Қазақстанда және Орталық Азияның басқа да елдерінде өз қызметін жалғастырып, тәуелсіз және бейтарап ақпарат таратуды қамтамасыз етуде.