Татуаждың  ағзаға зияны бар ма?Бұл жөнінде"Zamana.kz "не дейді?Біле жүріңіз.

– Әй, қыз, қасыңды қаншаға жасаттың?!

Жалт қарадым. Бетіме қайта-қайта қарағыштап тұрған әйелдің татуаж туралы айтып тұрғанын бірден білдім.

– Жасатқан жоқпын. Өзімнің қасым...

– Әй, қумашы-ей!..

– ..?

Жат адамның жақыным секілденіп қалай болса солай сөйлеуі таңдандырғаны соншалық, айтарға жауап таппай қалдым. Байқасам, әлгі әйелдің сенбейтініндей бар екен, қайда қарасам да – қастарын қиылдырып алған қыздар. Айналама қарап, жаңағы кісінің татуаж жасатпаған жандарды «қуып кеткен» деп түсінуі де орынды ма деген ойға баттым. Бір уақ өзімді заманымнан қалыс қалып қойғандардың қатарында сезініп те кеттім.

 

Бүгінде татуаждың не екенін білмейтін адам жоқ та шығар. Сонда да айта кетейік, татуаж – әдемі пішін беру мақсатында қас, көз, ерін айналасындағы бет терісіне инемен бояу енгізе отырып жасалатын косметологиялық рәсімдердің бірі. Бірақ  оның зиянды тұстары туралы көбісі бас қатыра бермейді. Шынында да татуаж жасату – сәнге айналған үрдіс болды.

 

Ал, жалпы, сұлулық қажет десек те ол үшін денсаулықты құрбан ету дұрыс па? Осындай сауалдарға жауап табу үшін маман кеңесіне жүгінуді жөн көрдік. Осы мақсатта Шымкенттегі «Классика» эстетикалық косметология орталығының дәрігер-косметологы Әсел Нұрғалиқызымен сұхбаттасқан едік.

 

– Әсел, бүгінгі күні татуажға деген сұраныс қаншалықты жоғары?

 

– Оған сұраныс өте көп. Татуажбен жүргендерді өзіңіз де көп көретін шығарсыз. Сұраныс көбейген сайын сұранысты орындайтын адамдар да көбейеді. Бұрын татуажды көп адам «жасанды» деп аса жақтыра бермейтін. Он жыл шамасы алдын татуажға тек қана үлкен жастағы әйелдер келетін болса, қазір қыз-келіншектер де көптеп келеді. Себебі бүгінгі күні татуаждың жасау техникалары өзгерген, бұрын­ғыға қарағанда өте жеңіл жасалады.

 

–  Татуаж жасатуға қыз-келіншектер неге құмар?

 

– Оның ең бірінші кереметі – әйел адамдардың уақытын үнемдейді. Ұйқыдан тұрғанда дайын мейкаппен оянады, яғни қас та, көз де, ерін де боялған қалыпта тұра береді. Осылай бір-екі жыл қатарынан сумен жанасса да өз қалпын жоғалтпайды. Екіншісі – бетке әдемілік, сұлулық сыйлайды. Қазіргі татуаждар бір-екі жыл ғана сақталады. Бұл – осы уақыт өткен соң қастың түсін, пішінін тағы да өзгертуге мүмкіндік бар деген сөз.

 

– Татуаждың түрлеріне тоқталып кетсеңіз...

 

– Татуаждың түрі көп, оның ішінде ерін, көз, қас татуаждары бар. Сонымен қатар қас татуажы да микроблейдинг, «теневая растушевка» секілді жасалу техникасына қарай бөліне береді.

 

– Оның бағасы шамамен қай көлемде?

 

– Татуаждың бағасы салондарда 7 – 25 мың теңге аралығын шамалайды. Егер бағасы арзан тұрса, онда пайдаланылатын материалдары да арзан деген сөз. Себебі жақсы материалдар да, жақсы аппараттар да төмен бағада тұрмайды. Әр татуаж жасаушы материалдарының сапасына қарай өз жұмысының бағасын қояды.

 

– Татуаждың зиянды жақтары жоқ па?

 

– Дұрыс жасалған татуаждың еш зияны жоқ. Ал егер дұрыс жасалмаса, оның адам денсаулығына зиянды жақтары өте көп. Бұл жерде менің берер кеңесім – татуаж жасауда өз ісінің шеберін таңдау маңызды. Біліктілігін әрдайым жоғарылатып тұратын маман қателіктерге жол бермейді.

 

Біріншіден, татуаж өте терең жасалмауы керек. Терең жасалатын болса, ол қас орнында түрлі тыртықтар қалдырады. Екіншіден, егер маман арнайы татуажға арналған бояу­ларды емес, татуировкаға қолданылатын арзан бояуларды қолданатын болса, ондай бояудың құрамында көптеген химиялық қоспалар болады. Уақыт өте келе ультракүлгін сәулелердің әсерінен осы қоспалардың құрамы өзгеріп, қас күлгін немесе көкшіл түске өзгеріп кетеді. Бұл адамның эстетикалық сұлулығына әсер етеді. Үшіншіден, татуаж дұрыс жасалмаса, оны кетіру үшін лазерлі жою жасайды. Ал лазер сәулесі рак клеткаларының туындауына себебін тигізеді. Жасырмаймыз, бір татуаж жасатам деп көптеген келеңсіздікке душар болып жатқан адамдар жетерлік. Маман өз ісін білмей, пішінін дұрыс салмаған кезде оны қалпына келтіру өте қиын іс. Ол үшін алдымен ескі татуажды жою керек. Ал ол бір жасағаннан нәтиже бермейтін, үш-төрт айға созылатын шаруа. Қазір тіпті лазермен, ремуверлермен тек қастың ғана емес, көздің де татуажын кетіріп жүргендер бар. Көз терісі жұқа әрі нәзік болып келетіндіктен оны кетіру процесінде дақтар мен тыртықтар қалып кетіп жататын да жайы бар. Төртіншіден, инемен жұмыс жасалатындықтан ине де, қалпақшалар мен бояу құйылатын сақиналар да бәрі бір реттік болуы керек. Бұл құралдардың барлығы дерлік клиенттің көзінше жаңадан ашылуы тиіс. Әйтпесе гепатит секілді қан арқылы жұғатын жұқпалы аурулардың пайда болу қаупін туғызады. Бесіншіден, клиенттің анес­тезияға аллергиясы бар-жоғын анықтап алмаса, процедура барысында татуаж адамға үлкен қауіп туғызуы мүмкін.  Татуаж жасаушының да, клиенттің де сақтығы үшін бұған мұқият болу керек. Сондықтан адам кейін өзі зардабын тартпас үшін татуаж жасатарда тек өз ісінің шеберін ғана таңдағаны дұрыс болады деп айтар едім.   

   

– Татуажға пайдаланатын бояудың өзі адамға қаншалықты зиян?

 

– Негізінен бояу өздігінен ауру туғызбайды. Дегенмен татуаждың сапасында бірден-бір роль атқаратын негізгі нәрсе – бояу. Зиянды бояулар сертификаттаудан өтпейді, демек, ондай бояулармен жұмыс істеуге рұқсат етілмейді деген сөз. Десек те, өкінішке орай, сертификатталмаған бояулармен жұмыс істейтін адамдар бізде көп. Ондай бояулардың сапасына ешкім кепілдік бере алмайды. Арнайы рұқсат берілген, сертификатталған бояулармен жұмыс істейтін мамандарда мұндай келеңсіздіктер туындамайды, өйткені олар қолданатын бояудың құрамдары зерттелген. Бояу құрамына сынап, қорғасын, мышьяк және де сол секілді басқа да ауыр металл тұздары кіреді. Егер бұл қоспалар өте аз мөлшерде болса, онда оның еш зияны жоқ. Ал арзан, сапасыз бояу­лардың құрамы дұрыс емес, жоғарыда атап өткен металл тұздары көп болатын болса, ондай бояулар зиян әкелуі мүмкін.

 

– «Татуаждың зияны 5-10 жылдан кейін байқалады» деген сөз қаншалықты рас?

 

– Оны қате ақпарат деп айта аламын. Себебі қазіргі татуаждар бұрынғылар секілді емес, 1 миллиметрден ары тереңдікте жасалмайды, терінің тек беткі қабатына ғана жасалынады. Сондықтан жуынғанда, тері түлегенде бояу жайлап кете бастайды. Қазіргі татуаждардың бір-екі жыл тұратын себебі де сол. Ал бұрынғы татуаждар 8-9 жыл тұратын, себебі бояу өте терең қабаттарға дейін баратын. Сол тереңге кеткен бояулар жылдар өте өзінің қасиет-құрамын өзгертуінің арқасында зардабы болуы да мүмкін еді. Ол соған қатысты айтылған болар. Ал негізі дұрыс тереңдікте жасалған татуаж ешқандай зиян келтірмейді.

 

– Татуаж жасайтын шеберлер оның зияны туралы келген клиент­терге ескертуі тиіс пе?

 

– Әрине, татуаж жасау үрдісінің алдындағы кеңес беру кезінде маман бояулары мен аппараты жайында татуаж жасаушыға барлық ақпаратты беруі тиіс. Бұл салада ережеге сай жұмыс жасауы керек, яғни клиенттерге дұрыс кеңес берілуы тиіс. Сонда ешқандай зардабы болмайды.

 

– Биотатуаж, яғни қынамен жасалатын татуаж татуаждың ең зиянсыз түрі дейді. Сол рас па?

 

– Қынамен жасалатын татуаж мүлдем татуаж түріне жатпайды. Себебі ол инемен жасалынбайды. Татуаж дегеніміздің өзі – пигментті инемен тері астына енгізу ғой. Ал биотатуаж – қас пішіні бойынша қына жағылатын татуажға ұқсайтын ғана түрі. Сондықтан да оны «биотатуаж» деп атайды. Ал негізі қына аллергиялық реакцияларды шақыра бермейтіндіктен зиянсыз деп айтуға әбден болады. 

 

...Косметолог-маманнан біз осындай жайлар жөнінде білдік. Дегенмен, біздіңше, Құдайдың берген табиғи сұлулығына ештеңе де жетпейді. Күндердің күнінде бетіне бояу тимеген аруларымызды мүлде жоғалтып аламыз ба деп қорқамын. Сол үшін де  жасандылыққа көп жүгіне бермейікші, қыздар!

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

                                                                    Zamana.kz