Сиқыр немесе дуа деген не? Сиқырдың (дуа) Исламдағы алар орны қаншалықты? Сиқырға арбалған жан не істеуі керек?
Әһл-и сүннет сенімі бойынша сиқырдың (не дуаның) бар екендігі рас. Имам Бұхари мен имам Мүсілімнің сахих хадис топтамаларында пайғамбарымыз Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) де дұшпандарының сиқыр жасамақ болғаны айтылады. Тіпті дуалаушылардың көздеген арам пиғылы бос кетпей, аздап та болса Пайғамбарымызға сиқыр әсер еткен. Бірақ Құдайдың көмегімен артынша дуаның беті қайтқан. Белгілі бір хикметке сай Аллаһ тағаланың рұқсат етуімен орын алған бұл оқиғадан шығатын қорытынды, сиқырдың растығы.
Құранда да Харут пен Марут атты екі періштенің адамдарға сиқыр үйретумен айналысқандығы айтылған.
Бүгінгі ғылым мен техника жан-жақты дамыған заманда физикалық әлемге сырттай ықпал ететін басқа да көзге көрінбейтін күштер туралы айтыла бастады. Соның бірі қазіргі әлем жұртшылығының назарын өзіне аудартып отырған – парапсихология саласы. Парапсихология қалыпты табиғат заңдары бойынша түсіндіруге келмейтін оқиғаларды, яғни тылсым дүниелердің жаратылысқа әсерін зерттейді.
Бұқаралық ақпарат құралдарында жиі тілге тиек етіп жүрген медиумдар мәселесіне келсек, бұл жындардың әрекеті болуы мүмкін. Өйткені жындардың әлемі біз үшін тылсым жұмбақ. Адам бойында жаратылысынан бар келеңсіздікке қарсы тұру қуатын дұрыс пайдаға асырмағандықтан, осындай осалдықты тиімді пайдаланып жүргендердің әрекеті сиқырмен (дуамен) шатастырылып жатқан болуы да мүмкін. Қалай дегенмен сиқырдың (дуаның) бар екендігі және оның тылсым күш екендігі – ақиқат.
Алайда соңғы кездері адамдар арасындағы рухани тоқыраудың әсерімен не болса соны сиқырға балап, илану көбейіп барады. Ерлі-зайыптылардың сөзге келіп қалуы, еркектің белсіздігі, сәтсіздіктен көз ашпау, жас келіннің бала көтере алмауы секілді үлкенді-кішілі келеңсіз жайттардың барлығын сиқырдан көру (дуадан) жиілеуде. Ал байыптап қарайтын болсақ, бұлардың кейбірі талапсыздықтан туындаса, енді біреулері денсаулықтың кінәратынан туындайтын келеңсіздіктер. Мұндай келеңсіз жағдайлардың себептері мен шешімін сол саланың мамандарынан іздеу анағұрлым жөн. Мысалы, ерлі-зайыптылар арасында туындаған дауды шешу үшін жұбайлар өзара түсіністікке жол іздесе, керек болған жағдайда араға төрешілер араласса және бір перзентке зар болып жүргендер медициналық көмекке жүгіне отырып, себептерін анықтап өзара ем қабылдаса, бәлкім бұл мәселелер өздігінен-ақ шешілген болар еді. Өкінішке орай, замандастарымыз арасында мәселені байыбына бармай жатып қит етсе болды «дуалап тастаған ғой» деп тон пішіп, балгер, тәуіп, емші жағалағыштар жоқ емес.
Алдымен мұндай жағдайларда ә дегеннен «маған дуа жасалды» деп илану адамның жеңіліске даяр тұратын жігерсіздігін көрсетеді. Бұндай адамдар рухтың күрескерлік күшін қолдана алмайды. Қайта үмітсіздікке салынып рухты жасытады. Мұндай жағдайда ең дұрысы – рухани сілкініп, Аллаһпен қарым-қатынасты нығайтуға ұмтылу. Сонда ғана рух қайраттанып, тәнді басқаратын дәрежеге жетеді.
Дуалаудың бар екендігі ақиқат, алайда барлық нәрсені дуаға сілтей берген де дұрыс емес. Бұлай етудің соңы Аллаһқа ортақ қосу секілді кешірілмейтін үлкен күнәға дейін апарады. Жоғарыда берілген оқиғалардың астарында дуалау кездессе де, одан құтылудың жолы әсте көріпкел-емшілерге жүгіну емес. Пайғамбарымыз хазрет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзіне сырттай дуа жасалғанын сезген сәтте, (сахабалардың айтуынша, Аллаһ елшісінің бойынан сол кезде дуаның кейбір белгілері көрінген), «муаууизатайн» деп аталатын «Фәлақ» пен «Нас» сүрелерін оқып, Аллаһқа сыйынған. Осы сүрелерді оқыған сайын сиқырдың әсері азайып, тынысы кеңейе бастаған. Ендеше, біз де мұндай жағдайға душар болсақ, «Фәлақ», «Нас» сүрелерімен қоса «Фатиха» сүресін, «Аятул-Күрсіні» және хазрет Мұхаммедтен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп жеткен қосымша дұғаларды оқып, Аллаһқа сыйынғанымыз жөн.
Алайда сиқырға арбалған (дуаланған) адам қажетті дұғаларды оқи отырып, өзінің құлан-таза айығып кететіндігіне шын көңілден сенуі керек. Егер жүрегіндегі иманы көмескі әрі Аллаһтың шипалық құдіретіне деген сенімі әлсіз болса, қанша оқығанмен, жалынып жалбарынғанымен, қасиетті дұғаларды қайталағанымен еш пайдасы тимеуі де мүмкін. Біз Аллаһтың бар нәрсеге құдіреті жететіндігіне шын жүректен сенеміз. Тап болған келеңсіз жағдайдан арылу үшін әлдебір көріпкелдің немесе тәуіптің көмегін тілегенше, құдіреті күшті Раббымызға неге жалбарынбасқа?
Бір кездері бойымдағы Жаратушыға деген шексіз сенімнің әсерімен былай дегенім бар: «Кімде кім Аллаһтың қайтаруға күші жетпейтіндей (Осы сөзім үшін Аллаһтан мың мәртебе кешірім тілеймін), тек көріпкелдер, тәуіптер ғана бетін қайтара алатындай сиқыр білетін болса, мені жүз рет, тіпті мың рет дуаласын!».
Аллаһтың құдіреті жетпейтін ештеңе жоқ, тек Оның қалауы мен құлдың ғибадат-құлшылығы арқылы Жаратушыға жақындығы болсын!
Сондай-ақ ел аралап, жатпай-тұрмай дуаның бетін қайтаратын, үшкіріп пайда табуды әдетке айналдырған адамдарды сабыла іздеп, олардың құрықтарына ілігудің зияны дуалаудың зиян-шығынынан көп болмаса аз емес. Шипа тауып, ем қонудың бірден-бір шарты – адамның рухани жағынан қуатты болуы. Ал рухани қуаты жоғалған адамның сілкініп есін жинауы, өз-өзіне келуі өте қиын.
Сонымен қатар, аузы дуалы жандардан бата алу да дуадан тазаланып, шипа табу жолдарының бірі екенін есте ұстаған абзал. Халық арасында сыйлы, дінге берік, жан дүниесі пәк тақуа адамдардың батасын алу қашан да игі дәстүр саналған.