Дәулеткерей Кәпұлы 1977- жылы 9- тамызда Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы,Баяннуур елдімекенінде дүниеге келген. 
Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың филология факультетін, (1995-1999) Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің магистратурасын (2000-2002) бітірген. Аталмыш университеттің PhD доктаранты. Халықаралық, республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпазы. 2000 жылы «Жұлдыз» жұрналы жариялаған А.Ыбыраев атындағы республикалық жазба ақындар мүшәйрасының бас жүлдесін, III-ші халықаралық Шығармашыл жастардың Шабыт фестивалінің поэзия номинациясы бойынша гран-приді иеленген.

«Жыр тәңірі», «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», «Жас ақындар жырларының антологиясы», «Байбесік тұмалары», «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы», «Шабыт», «Жидебай», «Жанартау», «Азаттық таңындағы азат жыр» т.б. қазақ ақындарының біріккен жыр жинақтарында өлең-жырлары жарияланған. «Сүтті іңір»,(2007), «Бүлдірген ағып түскенше» (2011) атты жеке жыр жинақтары жарық көрген. Түркияның Адана (Тарсус) қаласында өткен түркітектес халықтардың Қаражолан атындағы сегізінші еларалық поэзия фестивалінің лауреаты. Дарын Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты. Екі дүркін Мемлекеттік стипендия иегері. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

 

 

Мен Алтайдан аққан Қобдамын, 
Арнама асып толғамын. 
Дастан да қылған тарихын, 
Тастан табылған олжамын. 
Алтайдың алтын тасынан, 
Бесбоғданың басынан , 
Қауырсын қанат қомдадым. 
Айтқан да сайын ағылған, 
Табанынан жарылған, 
Тайпалған тарлан жорғамын. 
Қаламы қатқан уық ем, 
Шаңырағына шаншылдым, 
Атажұрт- Алтын орданың. 
Мен- қаяқая шапқан қарагер, 
Шапқан да сайын өрлеген. 
Тарланға тарлау жұлдырып, 
Шашасын шыққа жудырып, 
Тізгінді қағып, делбеген. 
Мен- Жәнібек мінген көк дөнен. 
Жоңғармен жойқын ұрыста, 
Абылай ханның алдына 
Тартылған кесе көлденең. 
Мен- Күлтегін бабамның, 
Моласының тасы едім. 
Қазақ деген халқымның, 
Тарихының басы едім, 
Мың жылдан кейін сөйлеген!

Мен- құранды ердің қапталы ем, 
Қайыңнан қақтай шабылған. 
Жүгеннің күміс жақтауы ем, 
Арғымақ атқа тағылған. 
Мен- боз бураның ботасы ем, 
Бұйырғынын сағынған. 
Аруана жұртым ар жақта, 
Тағдырым қаққа жарылған. 
Табанына тарланның, 
Мен- қағылған ай таға, 
Көшпенділікпен жұқарған. 
Мен- сексеуілдің шоғыры ем, 
Тағдыр балтаға бұталған. 
Солай да сүргін көрсем де, 
Рухым жоқ-ты мұқалған. 
Күдірге шапқан күлікпін, 
Түбірге тұяқ қақпаған 
Дүбірге қозған ақтабан! 
Алтай мен Қобда арасы, 
Абаққа құтты төр еді. 
Кеңесін құрған келелі, 
Күлтегін, Білге, Тоныкөк, 
Бабалар жатқан жер еді. 
Ежелгі елдің дерегі, 
Орхон да менен Енесай, 
Керулен, Толы кемері. 
Үлесін беріп нөкерден, 
Шыңғысты хан ғып көтерген, 
Тарихтың тылсым тереңі. 
Тұғырыл ханым ту тіккен, 
Толайым жауын үркіткен, 
Аруақты ер шапқан бел еді. 
Шаңырағым- Шығыс Түркістан, 
Еркіндігі үшін қырқысқан, 
Оспаным көкжал бөрі еді. 
Сұлубайым мен Бүркітбай- 
Ұлдар еді ұлттың бегіндей, 
Үкінің үлпілдегіндей, 
Тұқымым қара көк еді. 
Атамыз Алтай- ақ бөрік, 
Анамыз Ертіс ежелден, 
Несібем кімнен кем еді?! 
Жапырағым ұшты-ау жан-жаққа, 
Шайқалып заман терегі. 
Бәлен де түген десең де, 
Тәңірдің болар дегені!

Қытайда қалған бабам бар, 
Моңғолда қалған атам бар, 
Әмірін екі етпеген, 
Қай құдайыма кектенем?! 
Төс айыл қатты, ер батты, 
Тағдырым тоқсан толғақты, 
Қай бақытымды жек көрем? 
Жайлап та қыстап жүргенде, 
Опынтып өмір бір демде, 
Шекара сызып шеттегем. 
Өкпек жел ұрды- ау өкпеден. 
Тәңірі Түркі тегімнен, 
Елімнен солай бөлінген, 
Ұлыған айға көкбөрі ем. 
Асаулығынан қанымның, 
Ардақтылығынан арымның, 
Шекемнен ешкім шертпеген. 
Мен - ТӘҢІРІМ шашқан тары едім, 
ӘР ТОПЫРАҚҚА КӨКТЕГЕН! 

               * * *

Аңсар...

Толыбай да жоқ заманда Күреңбай да жоқ,

Қазанат тұқым кеттің бе кілең майда боп?

Әбдіғайса шал жасаған ауыздығымен,

Ауылға барсам іздеймін жүген қайда деп?!

Басымнан менің аса алмай бұлт табандасын,

Жүйрік деп өткен бабамның ұрттағам жасын.

Құмарым қанбай қойды бір, тақымым толмай,

Құмарбек шапқан ертоқым жұртта қалғасын.

Елеңдеуменен құлақты еліме түріп,

Сонау күндерге қызығам шегіне тұрып.

«Халықтың жауы» Құмар шал қатал ед, неткен,

Жез сыбызғысын ап кеткен жеңіне тығып.

Туған жер сені көп болды жырламағалы,

Көліңнен аққу-қаз әнін тыңдамағалы.

Әке, сен аңғал екенсің, «қожанасырлау»,

Құлынға құда түсетін тумаған әлі.

Еңіреп ерлер жетеді ел деп арманға,

Жүйріктер сүйреп жүйткиді кең даламды алға.

Құрдастарың да есімде, әлі сенбейтін,

Жотасы биік сол құлын жорға болғанға.

Мінем деп талай құлынды өскенде ат қылып,

Бәсірелерді санаушы ем, бас бармақ бүгіп.

Тайқызыл жорға тағдырың қандай болды екен,

Әкеммен бірге жылаған көштен қап тұрып?!

Заманның мынау жеткендей заңды асқарына,

Көшпелі кербез тірліктен мән қашқаны ма?

Сұлу жорғаны әспеттеп сөйлеп қайтейін,

Сұлы дорбаны білмейтін қандастарыма.

Бабын тапсам ба деп едім бабамдай жырдың,

Бүгін де жүйрік мінбедім, соған қайғырдым.

Атам басына барар ем, білмеймін қайда,

Алаяқ аттың басына бара алмай жүрмін!!! 

                   * * *

Алтайдан күн көтерілді,

Ақ бесік-нұр мекенімді еске сап.

Аманат қылдым кімге төрімді?

Қайқы бас ер мен бірге тебіңгі,

Есіме түсті-ау, ескі ошақ.

Менің айбалта төзімімді төске сап!

Көгеннен қозы ағытқанда,

Бозқырау бозамық таңда ұйқы ашып.

Қозы-лақ таңнан шұбырып,

Көнектен саумал сіміріп,

Кеудемнен қоңыр күй тасып.

Табиғат жатар таңғы мезгілмен ұйқасып!

Сабаны күрпілдеткендей,

Даланы дүрсілдеткендей қарқынмен.

Жотадан жортқан күндерім,

Додадан көкпарды ілгенім-

Самалды жұтқан, салқын дем.

Балалығымды жырлай алам ба бал тілмен?!

Тартпа айыл тартылып қатты,

Асаукер алқынып бақты - тасып қан.

Жүрісін жолға сайлатып,

«Дәй-дәй, дәй, жорғатайлатып»

Кештер-ай, ауылға асыққан.

Тілініп езу, астымдағы асау басыққан.

Алтын күн күңгейден асып,

Қотанда «күргейге» басып- кешкілік.

Түн жайып алып қанатын,

Ұйқыға ел қарық болатын.

Құтпанның даусын сес қылып,

Ырғайлы сайдан байғыздың үні естіліп.

Ұйқыда уыздай ұйып,

Ата мал күйіс қайырып саркідір.

Түсіме көкдөнен кіріп,

Кететін кермеден мініп,

Тәтті елестейсің таңғы бір.

Қайран да менің, балалығым-ай, бал ғұмыр!

... Алтайдан күн құлап келеді,

Алтын жал судырап келеді- бабында.

Емгесін төсіңнен нәрді,

Алтайым, есімде мәңгі-

Жанымды орап жалынға.

Тәңір сыйлаған тақ төбемде Күн барында!

                        * * *
Жанторсығымды жанға алған,
Жүрісі шайқап жорғамның.
Таңдайға татып саумал дәм,
Таңалды атқа қонғанмын.
Өткелсіз өзен кештім де,
Жағаға шықтым жар бойлап.
Берері қиын бес күнде,
Жалтарып қайтем, жанды ойлап?!
Танытып арман таң шырай,
Атымнан түсіп қалмадым.
Салымы қайтқан аңшыдай,
Салымды суға салмадым.
Қабырғалатып қар кештім,
Ат кірпігіне мұз қатқан.
Қасқырдай қызыл қанға өшпін, 
Қорқаудың жанын сыздатқан.
Таңғы бір нәсіп Тәңірден,
Жортуыл да көп, жол қиыр.
Әкешім берген әмірмен,
Ертеңім болды елге үйір.
Дәуренім осы, шіркін-ай,
Жығасын күннің түн жықты.
Тебіндеп шыққан жылқыдай,
Теуіп жеп келем ырзықты!

               * * *

Тарбағатай...

Бозталың бүршік жарғанда бозбала ақындай,

Қусақтың күйін жататын боз дала тыңдай.

Қоңырлап самал ескенде қоңырқай кеште,

Қонжық жон қоңыр жоталар қозғалатындай.

Аюлысайдың ну тоғай жынысы-ай қалың,

Аққайран өзен-тасыған күміс айраның.

Алланың ісі- деймін де басымды иемін,

Алманың иісі аңқыған ұры сайларың.

Бидайлы бөктер масаты -пүліш аймағым,

(Жұдырықтай құс, қарашы тілі сайрауын.)

Шаң жуытпастан шыңыңды сүртіп жүретін,

Асқарыңдағы ақ бұлтпен туыс ойларым.

Көгеріп беткей біткенде- көктемде атырап,

Баба тау күйін жамбастап шерткен жатып ап.

Керемет қандай- кереге қанатын керген

Қыран шәулі жүр ұясын көктен бақылап!

Көшкен бұлтпенен көрінген құзы сыңар боп,

Көктеді ме екен өткеннің сыры шынар боп.

Сайларды қуып беремін, сүрлеуге түсіп,

Қытайға асқан бабамның ізі шығар деп!

Заманың жетті сорыңа бағың алмасқан,

Іздесем әрбір тасыңнан табылар дастан.

Мойыл мұңыма батам да, телмірем саған,

Суырлы тауым, сырыңа қаныға алмастан.

Қарағаштарың қаз-қатар жол үсті емініп,

Тамылжып тамыз жеткенде жеміс төгіліп.

Табиғатыңның табынам ғажайыбына,

Танытып пенде пейілден періште қылық.

Шалқығанменен төсіңде шайыр-ақының,

Мақтауға сені жетпейді қайыра тілім.

Апам айтатын сен бе едің, сол –Тарбағатай,

Төрт түлік түгіл адамы жайылатұғын?! 

                       * * *
ЖОЛ БЕРЕМ...
Жол берем есектерге де дәмесі дардай,
Бұрыннан қиып ап жүрген мәресі бардай.
Көлденең өтсін алдымнан, тізгінім тартам,
Кетсін деп есектігін ол тағы есіне алмай.
Жол берем қара қарғаға қарғалығы үшін,
Іштарлық емес, бұл – нағыз тәубалық ісім.
Қарқылдап жүре бермей ме, не бәлесі бар,
Қиядан шалар қыранның арманы құрсын!
Жол берем дұшпандарыма «жасақтасым» деп,
Жайраңдап күліп, жеңіске жасап қалсын деп.
Жасағаным ғой жақсылық жалғанда мына,
Тасада тұрып сыртымнан тас атпасын деп.
Жолымды бірақ бермеймін тұлпарға нағыз,
Қалжың деп ойлап, шынымнан күлкі ауламаңыз.
Шын жүйрік озып алады өресі жетсе,
Арыңның аппақ жолынан бұлтармасаңыз.
Жолымды бірақ бермеймін қыранға текті,
Тырна емес болса көшпейтін тыраулап көкті.
Құзғындай құлдиламасын өлексе көрген,
Қос жанарында тұрса егер Күн аунап кекті.
Жолымды бірақ бермеймін адал досыма,
Қан жұқтырып ап жүрмесе ақ алмасына.
Жолымды кессе... кесер тек адалдығымен
Алланың берген бағы үшін адам басына.
...жалғанның мынау жамалы ерікті арбаса,
Кереметіне көз жетер көріп-барласа.
Жол берем бірақ, ажалға, алдымнан өтсін,
Қасқа маңдайдан қасқайып келіп қалмаса!



                   * * *

Тобылғы торы тіршілігім –ау,

Көбеңсіп қапсың көптен шын.

Дүлдүл тұяқтың дүрсілі дырау,

Дүр рухыма от берсін!

 

Сексеуіл шоқты жанарым менің,

Жасын ойнатшы жалғанға.

Бақытқа байтақ бала күндерім,

Алақан жайсын арманға.

 

Бала күндерім- балауыз бақыт,

Баяның кеткен жырақтап.

Қаймақ ерінге қара уыз қатып,

Қаймана жылдар жұбатпақ.

 

Жұбаныштарым-жыр ағыстарым,

Балауса белдің тұмасы.

Жанымның жазға құрақ ұшқанын,

Сарғалдақтардан сұрашы.

 

Бөрте жусанды,бұйырғын белді

Үйірлі жылқым жусаған.

Құйғыта шапқан құйын күндерді,

Талғажау етіп жүр санам...

              * * *
Көне жота көз тастап, қырымына,
Туған далам телмірдім тұғырыма.
Құлынымда қоңырау таққан елім,
Риясыз сеніп ем ырымыңа.
Төбемізден төнгенде төбет іңір,
Күн Қыранға қызыл тау- көне тұғыр.
Есіңде ме, туған ел, жұмасына
Екі тайдың қолтығын сөгетін ұл.
Құба белден жортқанда өмір құлан,
Көкке самғап кететін көңіл қыран.
Есіңде ме, әкесі ұрсатын ұл,
Шеки басып қалғанда шегір құнан.
Шаңын қосып шапқанда белге белдің,
Тізгін бермей көзұшы дөңгелендім.
Есіңде ме, еңкілдеп жылайтын ұл,
Тайдырып ап сырғасын кер дөненнің.
Шапқан сайын сезімім тасқындарға,
Айналатын арманым ақшуланға.
Есіңде ме, кемсеңдей беретін ұл,
Қоңыр бесті тұрасын тасқа ұрғанда.
Тасқа, талға, жыраға соғылам- деп,
Ойламаушы ем, бір қазық жолығар- деп.
Әкем сонда ұрсатын « осы сенің
Тақымыңның, әйтеуір, желі бар»-деп.
Апам « сақта, Құдай» деп күбірлесіп,
Тербететін жанымды қыдыр бесік.
Додаға ендім құйғыта шапқан күйде,
Домбыраға жырыммен дүбір қосып!
Базарында бал күннің, бұла шақтың,
Тізгін тисе қолыма тұра шаптым.
Асау мінгім келетін ауыздықтап,
Жалықтырса мимырты жуас аттың.
Соның бәрін түсірсем есіме бір,
Келер ме екен қайтадан хошы көңіл?
Қайыс арқан сүйреткен қашағандай,
Қайда зытып барасың, есіл өмір?

                * * *



Қайың сауған қазақ едім, Алтай – атамекенім, 
Тағдыр маған ұсынбаған балы менен шекерін.
Иранда да иланбадым, басқа түскен тағдырға,
Жүрегімді баурамады бөтен әуен, бөтен үн.
Париж бенен Германия, Омбыда да қазақпын, 
Шартараптан тапқан едім жұмыр бастың жетегін.
Аяғымды аңдып бастым қия-құзда, мұздақта,
Тік басатын сақтығындай шыңдағы таутекенің. 
Нүкістегі Төлегеннің сағынышы ем сарғайған, 
Қайда жүрсем қазақтығым – жүректегі қан майдан.
Көкмойнақпен Түрікпеннің түгел шарлап даласын,
Бесқала мен Қожаеліндей қол бұлғадым шалғайдан. 
Қырғыз бенен Қырым астым, әділетсіз уақытта, 
Сарыарқаның бал қымызы тамсандырып таңдайдан.
Өлекшіндей өмір кешу – намысыма қиянат,
Ал, тағдырым сипамаған тайқы туған маңдайдан! 
Ақыт қажы, Оспан едім, Алтайдағы ақ боран, 
Қарсы келген ажалға да қас-кірпігін қақпаған.
Гималайда киіз төсеп түйетайлы асуға, 
Такламакан шөлінде де жанға дауа таппаған. 
Кәшмірге де жеткен көшпін Елісханның жолымен,
Дүниенің бұрышында дәм бар ма мен татпаған?!
Атажұрттан кіндік үзіп, ұрпағымның қамы үшін, 
Тағдыр кештім, кішігірім – шұбырынды ақтабан! 
Қазақ үшін қайда жүрсем қайталаумен дұғамды,
Халифа Алтай боп оралдым қазақшалап Құранды. 
Өзтүріктің Мұстафасы ем, жатқа намыс бермеген, 
Күндерде де адаспадым найзағайлы, тұманды.
Ән боп естім Майра салған жүректерді тебірентіп,
Атам кешкен ғұмырды ойлап, жаным жасқа шыланды. 
Бейбарыстай жусан аңсап, жырақта өскен қозыңмын, 
Аңсағаным – Қыпшақ далам, құт тұғырым – Тұран-ды!
Мен байырғы қазақ едім Бай-Өлкеде бапталған,
Үмітімді үзбегенмін арайланған ақ таңнан. 
«Жаламаның жаласынан» әупірімдеп жан қалып, 
Тірі сойған тұлыбым да Кунскамерада сақталған. 
Бостандықтың рухына бесігімде талпынып,
Қасқырдайын сирағымды шайнап үзіп қақпаннан.
Елге әкелген Қаржаубаймын Күлтегіннің көктасын,
Таңдайымда балдай еріп, Ұлтқа деген тәтті арман!
Құдайменен арамызға ақ тілекті елші етіп, 
Ешкімге де бас имеген өр қазақпын, еңсе тік, 
Көксеркесі секілденіп ту-талақай көкпардың, 
Жалғандағы ғұмырымды қайсарлықпен өлшетіп. 
Қазақстан – жүрегіме бойтұмардай жазылған,
Тарыдайын шашылуды өміріме енші етіп.
Атамекен, саған жетіп көз жасымды құрғаттым,
Көк Тәңірі көзімізге көкбайрақты көрсетіп!
Алтынордам күннен күнге құлпынайдай құлпыра, 
Тарланбозым тақымымда, тізгінімді қымқыра.
Бар қазаққа құтты болсын, сауын айтқан құрылтай, 
Көкбайрақтың қыран ұшқан биігіне ұмтыла.
Тәңіріме тәуба айтумен дұға қылдым, бас иіп,
Атажұртқа жетпей қалған боздақтардың рухына. 
«Елім-айдың» зарын енді құлағыма естіртпе,
Елбасымен болашаққа қадам басқан жұртыма! 
Уай, Нұраға, қазақ үшін адамзаттың асылы, 
Астанасы – Алтынорда, иранбақтың жасылы. 
Күнге құлаш сермеп туған Күлтегіннің қылышы,
Сары алтыннан сауыт киген Сақ пен Ғұнның хас ұлы.
Әлемдегі бар қандастың ықыласын қабыл ал,
Атажұртта басын қосқан ақ жүректің шашуы.
Қайта өрлеген қазағыма көк Тәңірі қуат бер, 
Жасай берсін, жайнай берсін Қазақстан ғасыры!

 

 

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ.