(әңгіме) 
ЕРБОЛАТ БАЯТҰЛЫ
      

   Суыт жүрген салт атты Суықсайдан құлағанда түн әлдеқашан тау ішіне шөгіп, жұлдыз біткен жамырай қалып еді. Жаздың жайлы түні. Ара-тұра үкінің үһілегені болмаса аңғарлы сайдың іші тып-тыныш. Жүрісті қарагердің аяңы жақсы-ақ. Басы қатты демесең шұлғып тастап, лекіте жөнелгенде желісті аттың өзіне бергісіз еді. Сәл тебініп қалсаң ала қашатындай еліріп, ауыздығын шайнап, қамыс құлақтарын қайшылап ойнақтап шыға келетін әдеті сол. Әнтек басы қатты. Оған иесі де үйренген. Сыралғы досына бұл да сенімді. Теріскейді қапталдап жалғыз аяқ сүрлеумен ызытып келеді. Үйреншікті жол. Салт аттының басында сырып тіккен жалбағай.

 Ықшам киінген. Қанжығада аз-маз бөктергісі және жанынан өмірі тастамайтын қырық құлаш қайыс арқаны бар. Саптама етіктің тізелігінен барқыт байпақтың қонышы көрінеді. Екі тізесі аттың екі қапталын жауып отыр десе де болады. Орыс ерде сол жамбастай тіп-тік қаздиып қалған. Қапсағай денесі ат үстінде таудай боп қарауытып, қорқынышты көрінеді. Ырғай сапты қамшының бүлдіргісін оң қолының білезіктігіне іліп алған. Көңілде күпті дүние жоқ. Кенет есіне түсіп кеткендей саптаманың ұзын қонышына қолын жүгіртіп, таутекенің мүйізінен жасаған өткір сапысын іздеген. Құрым киізден тіккен қолақпандай қынға тыққан сапысы орнында екен. Осы сапымен қанша қылды құйрықтының жанын жаһаннамға жібермеді бұл. Қыл тамақтан орып жіберіп, ту биенің терісін әп-сәтте сыпырып, жілік-жілік қылып бұтарлағанда бір қыңқ демейді ғой бұл бар болғыр!

      Қайрақ тасқа жанып-жанып жібергеннен соң әлекедей жаланып, қан қайда деп тұратындай. Тұрқы да ұзын. Сұсты. Таутекенің қу мүйізінен орнатқан сабы да ұстаған қолға мелжемді, мұның сіңірлі, күшті, тарамыс саусақтарына ыңғайлы. Қарагер де аяңның бір қалыпты ырғағына түскен. Әредік пысқырып қояды. Ауада жусан мен изенннің қышқылтым иісі бар екен. Түнгі ауаға құмығып, көкірек кере жұтқан. Дөңес мұрыны сорайып, шүңірек көздерімен Суықсайдың тұмсығын бағып келеді. Ел орынға отырған шақта бұл да межелі жеріне ілініп қалар. Алла Тағала өзі кешірсін, көптен ойға алып жүрген шаруасы осы жолы ыңғайланып қалар. Суыт жүріп келе жатқан жалғыз жолаушы - осы өлкеге аты шыққан атақты баукеспе ұры Қанжарбай болатын. Өзен бойындағы көк өзекке шалқайта тіккен киіз үйдің топаны үшеу. Бірі Терлікбайдың өз үйі болса, оң жақтағы жұмыртқадай ақ отау үлкен ұлы Мәрдендікі, ал шеткерірек қонған үшіншісі балдызы Жаңқаштікі. Қазір Терлікбайдың алты қанат ақ ордасында гу-гу әңгіме. Әңгіменің негізгі арқауы, Нұрмаштың бүрсігүні болатын тойындағы ат бәйгесі. Жүйрік ат баптап, құс салу Терлікбайдың бұрыннан келе жатқан машығы болатын. Соңғы үш жылда Терлікбайдың Кертөбелісі алдына ат салмайтын өрен жүйрік болып тұр. Басы қалақтай, қаз мойынды жануардың жаратылысы бөлек . Осы атты арабы шатыс деп сан-саққа жүгіртіп жүргендері сол.

       «Шаппай бәйгемді бер!» демесе де, Алла асылық қылмасын, Кертөбелінің дара озып келетініне еш шүбәланбайды бұл. Тек қана, арғы беттен Әйтілестің көк жүйрігі келеді еккен - деген жел қуық әңгіме әптік көңілін әңкі-тәңкі етіп қойған.

    - Темеке, сіз де бір бала секілдісіз-ау, баяғыда осы Әйтілестің жүйрігін арғы бетке барғанда көргенмін. Асып тұрған ештемесі жоқ болатын. Жылқы деген жануар жершіл келеді. Көбісі өз топырағында ғана мықты. Мен білсем Кертөбелінің алдына түсетін жылқы малы осы Алтайдың екі бетінде де жоқ!- деп көкезу Қаумет есіп отыр.

    Арасында жуан, быртиған саусақтарын жас бағыланның дөңгелек астаудағы майлы етінен көсіп-көсіп алып, бүркітше қылғытып қояды.

      Дөнен қымыздың төрт шарасын едел-жедел жемсауына төңкеріп тастап кейінірек шегінген. Терлікбай «ым» деп қана ыңыранып қойып, дөңгелек қызыл шырайына жараса қалған қырма сақалын сипап отыр. Марқаның үйеме табақ етінен екі-үш рет шоқып жеп қана қойған. Расында көңілі бір нәрсеге алаңдаулыдай көрінген.

    – Баяғыда – деп ,Қаумет тағы бір ескі әңгімені жаңартқан болып, қызыл тіліне жанып-жанып қояды. Нені айтса да, «баяғыда» деп бастау оның үйреншікті әдеті. Онсыз дәм-тұзы келмейтін секілді. Былайғы жұрт үйренген. Аздап малсақтығы, атбегілігі бар адам. Терлікбайға жамағайындығы бар. Тілеуқорының бірі. Үйдегілер сорпаны енді ала бергенде белдеудегі ат осқырынған. Елең ете қалған жұрттан бөлек ,Терлікбай аяқ жаққа таман отырған ғЖанқащқа «Шық. Қара!» деген ишаратпен аласы көп көзін ақитып, иегін қаққан.

       Лып етіп тысқа тұра жөнелген балдызы үйді бір айналып, дыбыс беріп, Аламойнақ төбетті шақырып, қайтып келген.

    – Жарықтық Кертөбелі де есті жануар ғой, алдағы дүбірді сезіп, тықыршып тұрған сияқты. Үрейленетіндей ештеме жоқ.– деп үйге самбырлай кірген.

– Жә, тыныш болса болды! – деп үй иесі күңк еткен.

- Баяғыда осы, Көңбай жарықтық бәйгеге ертең қосамын деп отырған да атынан айырылған – деп ,Қаумет жайсыз әңгіменің шетін күңірсіткен. Терлікбай оқыс селк етіп қараған.

-Иәй, жағыңа жылан жұмыртқалағыр! - деген ішінен ызыттанып.

 – Жаман айтпай жақсы жоқ деген. Ұры-қары да басылмай тұр ғой. Әдейі белдеуге әкеп байлатқаным осы емес пе?!- деп, Терлікбай жаймашуақтана қалды.

 - Терлікбай-ау, менікі қысыр сөз емес пе?! Сақтықта қорлық жоқ демейтін бе еді. Қанжарбай секілділер бір бүйірден қадалмасын де. Бетін аулақ! Аулақ! – деп Қаумет шыр ете қалған.

 – Ее, жүйрік атқа, қыран бүркітке, сұлу әйелге кім қызықпайды?! Көңілдің желігі, көздің құрты да. Іргеме байлап отырғанда іліп кетсе өз обалым өзіме. Ұры-қары деп көп айтамыз. Сол ,Қанжарбайың он жігітіңе бергісіз. Осы бетте ондай әбжіл, епті, ширақ адамды көргенім жоқ. Баяғының заманы болса барымташы емес, батыр болатынның тап өзі сол! Амал не... Барымта-сырымта...Ол да бір кәсіп сияқты ғой. Оған да бейімді, бекем адам болады тумысынан. Қанжарбай қадалатын адамына қадалады. Тап Терлікбайға соқтықпайтынына менің өзім кепіл! Ол анау жылғы Шүмектегі оқиғаны ұмытпауға тиіс...- деп Терлікбай басы бар, аяғы бұлыңғыр бұрынғы бір оқиғаны ширатып тастай салған.

        Кертөбелі тағы осқырынған. Үйдегілер умақ-шумақ тысқа шыққан. Ауылдың айналасы тып-тыныш. Шілденің мақпал түні. Алтайдың түйе өркеш шыңдарына жақын ғана биікте жұлдыздар жымыңдайды. Өзеннен салқын самал есіп тұр. Нілді көк шалғынның иісі мұрынға келеді. Өзеннің арғы жағынан ат пысқырған. Аламойнақ иесіне келіп еркелеген.

 - Кертөбеліні, анау майсаға таңға дейін арқандаңдар. Онан кейін бір рет суарып, қаңтарарсыңдар! – деп баласы Берден мен балдызы Жанқашқа нығарлай сөйлеп , Қаумет пен Нығметке ештеңе деместен Терлікбай үйіне кіріп кеткен еді. Таңертең елең-алаңда, Берден Кертөбелінің шоқтығына байланған қызыл шүберекті көрген. Көрген де таңқалған. Асығыстау байлаған қызыл шүперектің ішінен сарғайған ескі қағазға араб әрпімен айбақ-сайбақ жазылған тілдей хатты көрген. Көрген де тағы таңқалған. Бейтаныс хатты жездесі Терлікбайға әкелген. Терлікбайдың қызыл көздері үш бу хатқа түскенде, онда мынадай сөздер жазылған екен: «Мен Қанжарбай, түндегі әңгіменің бәрін үй сыртында тұрып естідім. Атыңды өзіңе қалдырдым. Арғы бетке кетіп барамын. Қош!»

 - Ее, түндегі Кертөбелінің осқырынысы осы екен ғой. Өзеннің ар жағынан пысқырған Қанжарбайдың Қарагері болды – ғой сонда. Өзім де бірдеңені сезіп едім – деп ойланған Терлікбай иығынан ауыр бір жүк түскендей жеңілдеп қалған. Берденге де тіс жарып ештеме демеді. О, құданың құдыреті, ол енді бәйге туралы мүлдем ұмытып, Қанжарбайды көргісі келген. Қаумет айтқандай баяғыда, иә баяғыда Қанжарбаймен бірге жүрген бір дәуренін еске алып тұр еді. Әй, қимастық-ай деген! Еңкілдеп жылағысы келген...
P.S. Терлікбай ертеңінде су жағасынан Қанжарбайдың текемүйіз сапысын тауып алған. Қапыда түсіріп алған болар. Жаман ырымға жорыған. Сол күні Кертөбелдің алдыңғы оң аяғы ақсап қалған. Қанжарбайдың көзі тиді деп ойлаған. Бір айдан соң «Қанжарбайды арғы бетте атып тастапты» деген суық хабар да жеткен. Бұл Алтайдың арғы бетінде бағыда болған оқиға еді. Иә, баяғыда...