Моңғолия қыздар поэзиясының ханшайымы саналатын Ичинхорлоо Баярхүүқызы-1973-жылы Моңғолияның Өвөрхангай аймағының Тарагт елдімекенінде дүниеге келген.
1990,91-жылдары Поэзияның бас жүлдесін жеңіп алған.
"Қасиетке қарай"жыр кітабымен Моңғолия Жастар Одағы сыйлығының иегері.


Менің монголымның көгін тілем деп,
Өзгенің жұлдызы жанбаған!
Менің монголымның көгіне еркелеймін деп,
Өзгенің жұлдызының құмары қанбаған...
Менің монголымның көгінде түлеген құсы,
Өзгенің көгінде қауырсынын шашпайды!
Менің монголымның көгінде өскен бүркіт,
Өресіз жерді ешқашан баспайды!

* * *

Бар әлемді көңіліне сиғызатын даралық-
Басталатын құрсағынан жаңа өмір жаралып.
Адамзаттың бақыты үшін сиынатын жүрекпен,
Аруларға бақ тілеймін құрметпен,ізгі тілекпен!



 



Төрбурам Сандагдорж-1968-жылы Моңғолияның астанасы Улаанбаатар қаласында дүниеге келген.Моңғолиядан шыққан қайшылау сурет өнерінің мастері,суретші,мүсінші,ақын.

Жартыкеш ай,
Жалқын самал,
Жабыса өпкен жапырақтай,
Жанымды мұңмен шалар,
Менің сүйіктімдікі.
Асылдың көзі,
Аңқыған жұпар,
Аялы жылы көзқарас,
Алыстан ғана балқып,ән жұтар,
Менің сүйіктімдікі.
Көктемдей қыс,
Көктегі күздей жаз,
Көп сырдың шешілмес жұмбағы,
Көркем жүректі наз,
Менің сүйіктімдікі...


* * *

Балалықтың ұмыт қалған естелігін қозғаған,
Бар үміттің шамшырағы батып қолым созбаған.
Атқан таңның шұғыласы,сен келесің қай жақтан?
Ашқан көзін бақыт гүлі жанарымды байлатқан...
Жанталаспен жасағаным бір-ақ сәтте жоқ болып,
Жасын жұтқан жүрегіммен отырамын от сорып...
Күмістелген қанатының сусылында жай жатқан,
Күнде сол үн еститінім содан бері ай жақтан...
Түймеқыздың түсіп көзге түйірдей мұң тозаңы,
Түпсіз терең сыршыл сезім тұңғиыққа озады...

Баршындаған ғұмырымның бар түйсігін жоғалтар,
Батқан күннің қызыл нұры көңілге не оралтар?
Қарағандай дүние бұл қадіріме жете алмас,
Қанжар сынды қаруы бар,жүзі өткір,беті алмас.
Тікенімен тілгілеген,жарақаттап жанымды,
Тірімін бе деймін тағы жасыра алмай таңымды. 
Қанатымнан қауырсынды жұлып алдым қаншама,
Қақ маңдайдан көзімді де ойдым,қаны тамса да...
Өз-өзіңді өзге үшін аямау ма керегі,
Өзегіңді өртейтұғын бұл неғылған шер еді?!
Құдіретің жетпей тұрса арылуға бұдан шын,
Құдайдың да керек емес үкімі рас,шыдарсың...


 



Моңғол халқының жаңа заман әдебиетінің өкілі,өлеңдерінде өзгешелік бар ақын Энхтуяа Рэнцэндоржқызы- 1973-жылы Говь-Алтай аймағының Алтай қаласында дүниеге келген.
Поэтикалық псевдонимі-Эмүжин.


Гүл сыйлар деп сенгем жоқ,
Көк жейдең ойдан шықпады.
Жарқын жүзің мен түндей көздерің,
Махаббатымнан менің бұқпады.
Сол күннің күні қалай батқанын-
Сол түннің нұрлы айы салды еске.
Жыл,айдың соңынан қорықпадым,
Сайраған құстардың үні талды есте.
Бекерге емес сүйіс,кездесу,қоштасу,
Бейтаныс біреудікі болған-ау,дегенге.
Күні бүгінге дейін сенбеймін(бос басу).
Тек ғана айналып кеткендей өлеңге.
Ләззатты уәде еткен еріндерің сенің,
Сыбыр сөздерімде адасып қалғанда,
Қабырға сағаттың сазымен жарысып,
Есікті жапқандай болды сол арман да...
Мен сені ұмытамын деп серт бергемін!
Гүл сыйлар деп сенгем жоқ,
Көк жейдең ойдан шықпады...


* * *
Айналып қайта келмесін білемін анық.
Жиырма беске толдым деп рас түңілмегің,
Өштік пен өзімшілдіктердің артында жүрегім жанып.
Өз жасымды жасырып бәлкім,жүрермін,
Еркін,ерке деуші еді жастықты бұла.
Естеліктен басқа не қалады екен білермін,
Жасады деп айта алмас ешкім жастықты күнә.
Жайылған бұрымдай бостандығымнан,
Жатырқауым керек пе еді?
Алыс сапарда достан да құрбан,
Армандасым болған емес ерек тегі.
Қалай болғанда да сәнденудің керегі болмады,
Қазір қайта келеке...қажет емес ол дағы.
Оу,менің оттай жанған жастығым!
Жалғыз өткізген сәттерім үшін,
Жастанған қолды түнгі дәттерім үшін,
Ортада қалған құтылар үшін,
Орынсыз сағы сынған мықтылар үшін,
Сенің алдыңда мен кінәлімін! Аударып жазған: Гүл Зарқұмар.