ГҮЛ ЗАРҚҰМАР 1974 жылы 15 қыркүйекте Монғолияның Улаанбаатар қаласында дүниеге келген. Монғолия қазақ ақындары арасында өткен "Алтын жебе" жыр мүшәйрасының (1992ж), Ақтан Бабиұлының 100 жылдығына арналған мүшәйраның (1997ж) бас жүлдегері. Монғолия Жастар одағының алтын медалінің иегері, ақын. 2012 жылы Жалын баспасынан "Жүректегі жүзік" жыр кітабы жарық көрді.


Көздерімнің мұңын жұтып алсаңшы?!
Іңкәрліктің маржанындай әр тамшы...
Жалғыздықтан арылмаған көңілдің,
Аспанынан ақтарылдым,төгілдім...
Түндер мені әлдиледі мұңымен,
Күндер мені ойландырды шынымен...
Қадіріме жете алмаған жалғанның,
Қасіретін талай бұзып-жарғанмын...
Дұшпаным бар тасын атқан тасадан,
Құшқаным зар...жасымды тый,Жасаған!
Жалқылығым жаныма шын батқанда,
Бір жылылық күтем тіптен,жаттан да...
Өксік қысқан кеудем кектен таза әлі,
Жүрек жырын тағдырыма жазады...
Өмір маған қарыздар боп қалмасын,
Бақ-ғұмырын,махаббатын арнасын!

         
             * * *


Сүйгенің үшін алдыңда айыптымын ба?!
Шырмалдың бекер аспанға лайықты мұңға...
Ал,мен ғой,жасын сапырған сағыныштардың,
Кеудесін кесіп сан мәрте жарып ұшқанмын...
Түндердің түнек пердесін жарыққа малып,
Жұмақтың шамын жақтым да тамұққа барып...
Сүйгенің үшін сен мені жазықтымын ба?!
Жүректің жырын о баста жазыпты мұңға...
Алыс пен жақын өлшенген аралықтардың,
Ғашықтық шыққан көзінен жаралып зардың...
Бар мен жоқ бақталасқандай тірлікте кері,
Махаббат деген дерт барын білдік пе,тегі?!


           * * *
Сағыныштар-ай...
Сағым боп көшіп көктеммен,
Жауқазын болып,
Жайқалып шығар бөктерден...
Сен едің мені,
Сезіммен келіп тербетіп,
Жүрекке сөнбес,
Жүз жылдық алау,от берген...
Сағыныштар-ай,
Сарыла күткен шақтар мың,
Астында қалған,
Ақпанда жауған ақ қардың...
Сен менің мынау,
Сезімтал көңіл көгімнің,
Көктем боп келіп,
Көкірек шерін ақтарғың...
Сағыныштар-ай,
Самалмен жеткен сыр сынды,
Аласың неғып,
Алаңсыз шақта шырқымды?!
Сен мені іздеп,
Сен мені аңсар сәттердің,
Таңдайы жібіп,
Тамырына да нұр сіңді...


       * * *

Аққулар ұшқан аспанда қалды сыршыл ән,
Аңсаудың құса-мұңдарын жұтып тұншығам...
Жетсе егер сұлу құстардың үні неге екен,
Жел тербеп кеткен сағыныштарым сыңсыған...
Көктеде арман,жерде де арман,сол арман,
Көзімнің нұрын көктем боп өбіп жоғалған...
Қадірі бөлек жүрекпен сүйдім мен сені,
Қас-қағым ғұмыр махаббат үшін соға алған...

              * * *


Түн.Айдың алтын нұры-
Ойнайды бұғағымда.
От демі алқындырды,
Күлдім бе,жыладым ба?!
Түн.Жұлдыз тамды көктен,
Жансебіл жастығыма.
Жанды күз,жанды көктем,
Өзекке жас тығыла.
Түн.Таулар қарауытқан,
Көздерім шағылысып..
Көкжиек алау жұтқан,
Тынады лағыл құсып...


            * * *
Көктегі жасындай көздерім,
Көміліп барады-ау, бір отқа...
Өзімді өртейді өз демім,
Өлмейтін шығармын,бірақ та?!
Аңсары ем аспандық тағдырдың,
Айменен сырласып,мұңдасқан.
Қара түн қанатын талдырдым,
Қарашығымда тұнды аспан...
Әдемі жұлдыздар жарық тым,
Ән тілеп тұрғандай сазды бір.
Махаббат аңсадым,талықтым,
Маған да керек бір наз ғұмыр!
Көктегі жасындай көздерім,
Көміліп барады-ау,бір отқа...
Өзімді өртеген өз демім,
Өлмейтін шығармын,бірақ та?!


         * * *
Менің сыршыл ғұмырымнан тосылып,
Көкжиекке мұң көшеді жосылып...
Бұлт ішінде бұлқынады жай оты,
Жүрегімнің соғысына қосылып...
Жаңбыр жауар...түсім бе екен,өң бе екен?
Аспан қалай арпалысқа көнді екен?
Қалай мынау қара жердің кеудесін,
Жасын өртеп,жанып барып сөнді екен?
Осылай деп ойлануым мұң екен,
Кетті оянып ес дүнием...түн екен...
Жаңбыр көксеп,жанып жатқан жанымды,
Түсім болып шайқап өткен кім екен?!

                 * * *


Жаңбыр жауып басылды,
Алматының аспаны да ашылды.
Жүрегімді тыңдай бергім келеді,
Жан сырымды жасырды...
Жол үстінде ағылады мың көлік,
Көкжиектен ымырт көшер түнге еріп.
Мен келемін жол бойында шашылған,
Жапырақтың жанарынан мұң көріп...
Алатау да көлеңкесін көрсетті,
Жалған дүние ай мен күнін өлшепті.
Көк пен жердің арасында сағыныш,
Аспан біраз шер төкті...


                 * * *
Ақбұлттар сәлем айта бар,
Алтай ғой,менің аңсарым?!
Менің де жаным жай табар,
Мекенін нұрдың аңсадым...
Аңсадым,қалай жасырам,
Алыстай алмай мұң-зардан...
Бөкеннің тауы,тасы да ән,
Бөлейді жанды ізгі арман...
Адалдық бар ма десе жұрт,
Алтайда қалды дер едім...
Төбемнен аппақ көшер бұлт,
Төгіліп жасым келемін...


        * * *
Ғасырдан да ұзақ күн мен ұзақ түн,
Біз құрбаны,уақыт деген тұзақтың.
Сенен мені алыстаты-ау,асулар,
Мына өмірде өкіну бар,жасу бар...
Саған мені апарады келер күн,
Бүгін бірақ,не дей алам,не дермін?!
Өлең мені,мен өлеңді жұбатып,
Махаббатпен өмір өтсе құба-құп...


        
               * * *
Көздерімнің мұң көрсең тереңінен-
Жазылмаған, жасырын өлеңім ең...
Бұл дүние ғажап қой,адамдарға,
Махаббаттың барына сене білген...
Кездеспеген,кешіккен кезім үшін,
Жазықтымын мен бәлкім,өзім үшін?!
Бұл дүние ғажап қой,адамдарға,
Сүйе білген жүрекпен,сезімі шын...
"Тәңір бер деп, махаббат жүрегіме...",
Бәлкім,өзім күні-түн тіледім бе?!
Бұл дүние ғажап қой,адамдарға,
Сүйгеніне қосылған бұл өмірде?!




                * * *

Ертең тағы күтіп алар таң нұрлы,
Ертең талақ етемін мен тағдырды...
Армандардың гүлі ашылар бір демде,
Ақын болып менше өмір сүргенге...
Бақыт деген өзі қағар есікті,
Бар жаныммен күткен едім,кешікті...
Алтайыма апарады тағы... түс,
Аршасы аңқып, ермен тұнған сағыныш...

                * * *


Датым бар менің,
Саған да!
Хатым бар менің,
Ғаламға...
Ақын боп келдім,
Өмірге,
Айнала алмай,
Адамға...
Жатыңды көрдім,
Жақыннан,
Татыңды көрдім,
Татырдан...
Шындығың қайда,
Ей,өмір?!
Шықпаған ба әлі,
Жатырдан...
Жалқылық па еді,
Көрерім?
Жалғыздық па еді,
Көнерім?
Ниетім адал,ісім ақ,
Өлтірмес мені,
Өлеңім!


 * * *
Алыстардан қол бұлғайтын армандар,
Сағым ба екен,шын ба екен?!
Бұл өмірде ақиқат бар,жалған бар,
Жүректің көзі мұңды екен...
Егер өмір өкінуден тұрмаса,
Өлең-дұғам жетер еді көкке шын?!
Бұ дүние бақытын шын бұлдаса,
Маған қарсы беттесін...
Жазымыш деп отыратын күн емес,
Уақыт күтпес,өте шығар ол-ағын.
Тағдыр деген қайшыласқан мың егес,
Мен бақытты боламын!         

                           ГҮЛ ЗАРҚҰМАР