Қазақша жыл санауға сәйкес келер жылдың иесі – ұлу. Халық арасында Ұлу жылы өте жайлы, жақсы жыл болады деген сенім бар. Бейбіт өмірді сүйетін, жайлы, тыныштықты жаны қалайтын, ақылды да зерек адамдар осы жылы туады деседі. 
Астролог мамандардың сөзінше, 2024 жыл қытай күнтізбесінде Айдаһардағы Ян ағашы немесе Ағаш айдаһар деп аталады. Сондықтан, келер жылы денсаулыққа қалай көңіл бөлу керегі қытай күнтізбесі бойынша негізделген екі элементке қарап болжанады.
 
Бірінші элемент – Ян ағашы
 
«Ян ағашы жоғары эмоционалдылық, бүлікшіл, ашуланшақтық, қыңырлық, қоғамға қарсы мінез-құлықпен байланысты. Сондықтан, 2024 жылы денсаулыққа көп көңіл бөлген жөн. Мысалы йога, медитация жасап, психолог кеңесіне жазылып, дұрыс ұйықтап, иммунитетті нығайтып, бірқалыпта ұстау үшін дәрумендер ішу керек. 2024 жылы психологиялық саулық үшін барлық нәрсеге шыдамдылық танытып, кез келген шешімін кикілжіңсіз табуға тырысу өте маңызды» дейді мамандар.
 
Қытай медицинасы тұрғысынан Ян ағашы адам ағзасындағы бауыр, ұйқы безі, бұлшық ет пен сіңір сияқты мүшелермен байланысты, ал, Айдаһар асқазан-ішек жолдарының жұмысына жауап беретін жер элементімен байланысты. Бір қызығы, психосоматика бойынша бауыр мен ұйқы безінің аурулары адам ашуланған кезде ұстамды болуға септігін тигізеді, ал, асқазанның тамақты қорыта алмауы адам өміріндегі қиын жағдаймен байланысты болуы мүмкін. Кез келген аурудың алдын алу үшін ағзаны улы заттардан тазартып, дұрыс ұйықтап, физикалық белсенділікке назар аударуларыңыз керек.
 
Қандай кәсіп түрлері үшін сәтті болмақ?
 
Астрологтардың айтуынша, 2024 жыл бірнеше маусымға созылған күрделі кезеңнің соңы болады. Өйткені, 2013-2017 жылдары ел экономикасы алға қарай жылжыса, 2018-2019 жылдары қайта құлдыраған, 2020 жыл бүкіл әлемді дүр сілкіндірген коронавирусқа байланысты құлдыраудың ең қиын маусымы орын алды.
 
«2024 жылдың бірінші жартысы экономиканың жандануына оң әсер береді. Дегенмен, тамыздан кейін экономика қарқыны баяулайды, бірақ бұл сәттілік алдындағы тоқырау болуы мүмкін» деп болжап отыр астрологтар.
 
Келер жылы табысқа кенеліп, сұранысқа ие болатын салалар қатарына банк секторы, жоғары технологиялар, бизнес-процестерді автоматтандыру жүйелері, автомобиль жасау, машина жасау, сұлулық индустриясы (тері күтімі), фармацевтика, биотехнология кірмек.
Сонымен қатар, медиа, сән, экология, жасыл энергетика, байланыс, логистика сияқты бағыттарда қаржы ағыны жақсы болады. Ойын-сауықты жандандыру, мейрамхана бизнесі, концерттік қызмет, түрлі мәдени және іскерлік іс-шаралар, шығармашылықпен байланысты барлық сала жаңа серпін алады.
 
Жылдың қауіпті айлары мен кезеңдері
 
Сонымен қатар, астрологтар келер жылы қауіпті кезеңге қандай айлар кіретінін айтты.
«2024 жылдың қауіпті кезеңіне сәуір және қазан айлары кіреді. Айдаһар жер элементіне жататындықтан, барлық қауіпті көрініс жермен байланысты, мысалы жер апаттары, жарылыстар, көшкіндер. Сондықтан осы кезеңде алыс жолға және тауға шығудан бас тартқаныңыз абзал» дейді мамандар.
 
Әзірлеген Ерболат Айнабеков