Көкем (әкемді осылай атаймыз) 1972 жылдың қаңтарында қайтты.

Біздің жақтың қысы қарлы болмайды. Жәй борасын, өңменіңнен өтер ызғырық желмен-ақ қысты шығарып сала береміз. Сол жылы да солай болды.

Ағайын-тума, дос-жаран, көрші-көлем абыр-дабыр тез жиналды да тоғызын атағаннан кейін тарқап кетті. Аудан орталығында мектеп-интернаттағы апаларым да оқуда. Үйде үрпиіп мамам, мен, бір сынып жоғары оқитын кенже апам үшеуміз қалатын болдық.


Айдалада. Қорқынышты.

Ертеректе бір жазғанмын, әкемнің қырсықтау мінезінен колхозды орталықтандырғанда елден бір-екі шақырым жырақ қоныстанғанымызды. Әсіресе, қыста қиын. Ойын баласы түгіл келді-кетті кісі болмайды. Жағдайды түсінген кіндік шешем Сәбилә ғана.

- Келіннің көңілі орныққанша Кенжестің қырқына дейін бола тұрайын, - деп қалды ақ көңіл аңқылдақ апам. Негізі ол кісі де көрші, қыр астында тұрады.

Ауылда қыста ерте жатамыз. Оның үстіне үйде не телевизор, не радио жоқ. Малды қоралап, кешкі шәйіңді ішкеннен кейін қисая кетесің.

Бірнеше күннен бері дабырлаған көп адамға үйреніп қалған ба мамам мен Сәбилә шешем көпке дейін көз ілмеді. Шамның бұлтыңдаған жарығымен отырып өткен-кеткенді біраз әңгіме қылды.

- Әй, Үнзира, құдайға шүкір осы жасқа дейін көрмегеніміз жоқ, талайды бастан өткердік, мен тұрғанда ештемеден қорықпа, - деп қояды Сәбилә шешем.

Ертең сабағы бар кіші апам ұйқыда. Мен ғана көпшікті кеуделеп тыңдап жатырмын. Қорқатыны несі, деп қоямын ішімнен. Әкем жоқ енді, ағам әскерде. Бірақ, мен бармын ғой! Жасым жетіге толды, батырлар жырын жатқа білмесем де зуылдатып оқимын.
Әне, біресе Қобыланды болып, біресе Алпамыс, біресе Ер төстік болып көлбеңдеген шам жарығында бойым өсіп төбеге жетті, бір қолымда найза, бір қолымда қылыш, кез келген жауды жапырардаймын.

Сөйтіп қиялданып отырғанда, сыртқы есік "шиииыыық" деп ашылды.

"Бұл кім екен?" - деді Сәбилә шешем. "Қой, кім келуші еді", - деді елеңдеген мамам. Бәріміз бір сәт үнсіз қалдық.

Әлдекім табанын тарсылдатып сенекке кірді. "Тырп-тырп, тырп-тырп, тырп-тырп". Сенектің төріне барып, ыдыстарды төңкеріп, шелектерді салдырлата бастады. Күрек алып жер қазғандай болды.

Біз әлі үнсізбіз.

Мамам сәл еңкейіп: "Жаңа есіктің күршегін салып, арқанмен тартып байлаған сияқты едім!" - деп күбірледі.

Сәбилә шешем ернін қыбырлатып "бісімаллаға" салды. Өмірі атамаған аталарының аттарын атап, әруақтарына сиынып жатыр. Менің де жаңа төбе тіреген көлеңкелерім жымпиып өзіммен бірге жер бауырлап қалыпты.

Абырой болғанда сенектегі әлдекім ішкі есікке тиіспеді. Ыдыс-аяқты салдырлатып, тұрған заттарды әрі-бері ысырып, тарпыл-тарпыл біраз жүргеннен кейін сыртқы есікті шиқылдата кері ашып "Сарт!" жапты да жоқ болды.

Үрпиісіп біз қалдық. Содан таңға көз іле алсақшы. Байқаусызда есік ашық қалып, ит-құс кіріп, қадеден қалған асты ойран қылды-ау деп те қоямыз.

Таң қылаң бере қолымызға шам алып, үшеулеп сенекке шықтық. Батырлығымыз тасығаннан емес, кешкі әңгіменің үстінде шәйді еселеп жіберген болармыз, шыдай алмадық).

Сенекте ойран болған дәнеме жоқ. Есік те байлаулы. Ыдыс-аяқ та, ілінген ет те орнында.

Қуықтан қысса құдайыңды да ұмытарсың - дәл сол жерде оны ойлайтын шама болған жоқ.

Содан...

Кеше әкемнің қырқына дейін қастарыңда боламын деген Сәбилә шешем түскі шәйді ішер-ішпестен етегіне сүріне үйіне қашты. Барар жері жоқ біз «бісімаллалап», ата-баба әруақтарына сиынып, дәрет етер шелегімізді сүйреп кіріп, сыртқы есікті де, ішкі есікті мықтап байлаудан басқа амалын таппадық.

Қандай құдірет екенін білмедім, әлгі әлдекім сол күні тағы келді. Түн ауа. Баяғы сол есіктің шиқылы, «тырп-тырп», салдыр-сұлдыр. Әйтеуір ішкі есікке соқтықпайды.

Бара-бара бой үйрене бастады. Не де болса бізге қиянат жасамайтынын түсіндік. Сенекте сартылдап жатқанда бергі бөлмеге шығып, шаруамызды шаруалай беретін болдық.

Бір қызығы, әкемнің қырқы өткеннен кейін бәрі сап тиылды.

Әлі күнге түсіне алмаймын, бұл не сонда?
Әлде, әруағы ма екен әкемнің?