Құрметті біздің Отандастар! Біз, қазақ елі ежелден-ақ өзінің тектілігі мен батырлығына өзгелерді сүйсіндірген елміз. Біздің арғы тегіміз сонау Сақ пен Ғұннан бастау алып бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Біздің ержүрек ата-бабаларымыз ел мен жерді қалай қорғап, тәуелсіздікті мығым ұстап тұрудың озық үлгісін көрсетіп кеткен. Тарих сахнасында талай сынды өткерсек те сағымыз сынып, ар намысымызды ешқашан аяққа таптатқан емеспіз. Бұл да біздің әлем елдері алдындағы абыройымыздың асқақ болуына бір себеп.

Сондай сындарлы уақыттың бірі сексен алтыншы жылдың ызғарлы желтоқсаны. Бұл жыл, бұл ай біздің халқымыздың жүрегін мұздатқан уақыт. Бойында ата бабасының текті қаны тулаған ұл мен қыз елімізге жасалған қиянатқа көз жұма алмады. Оларды алаңға кеуделерінде жанған жалын, қазақы рух жетелеп келді. Сол намысты ұл мен қайсар қыздардың арқасында тәуелсіздікке апарар даңғыл жол ашылды.

Шүкір! Бүгінде біздің еліміз бейбіт ғұмыр кешуде. Жас ұрпақ алаңсыз өсуде. Еліміздің әр саласы өзінше жетіліп дамып келе жатыр. Келешектен күтеріміз мол. Міне осы күнді біз қанша күттік? Тәуелсіздік. Егемендік. Осы сөздердің қадір-қасиетін еш уақытта естен шығармағанымыз жөн. Егемен еліміздің, Қазақстанымыздың тәуелсіздік күні құтты болсын!

«Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық

қорының төрағасы

Айткаримов Бауыржан Берікқанұлы