Бүгін Алматы облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев келіп, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовпен бірге Панфилов ауданындағы бірқатар маңызды нысандарда болды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алдымен «Алтынкөл» станциясына атбасын бұрып, ондағы кедендік посттың жұмысымен және темір жол станциясының инфрақұрылымымен танысты. 250 га аумақты алып жатқан темір жол бекеті «Жетіген - Қорғас» темір жол желісінің құрамында бола отырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы екінші халықаралық шекаралық темір жол өткелі арқылы ел аралық транзиттік тасымалдың артуына ықпал етіп отыр. Темір жолдың жалпы ұзындығы 16,8 шақырымды құрайды.

Үкімет басшысының орынбасары жүк тасымалдау кезіндегі декларация толтыру процесіндегі цифрландыру мен автоматтандырудың жүйесін жетілдіру және жеңілдетілген бағдарламаға көшіруді қарастыруды тапсырды.

Мұнан соң ресми делегация «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына барды. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жүзеге асырылып жатқан бұл жоба Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін арттыруға зор серпін беріп, сол сияқты Жаңа Жібек жолы экономикалық белдеуін қалыптастыруға ықпал етуді мақсат етуде. «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағы 4591,5 га болса, соның ішінде Құрғақ порт 129,8 га жерді алып жатыр.

Сапар барысында Вице-Премьерге «Қорғас» ХШЫО-ның бас жоспары және алдағы даму мүмкіндіктері таныстырылды. Кеден және шекаралық қызмет өкілдері Бақылау-өткізу пунктіндегі кедендік бақылау және төлқұжаттық тексеруден өту процесі жайлы айтып берді.

Орталық аумағында 91 инфрақұрылымдық нысан жоспарланған. Бүгінгі күнге соның 77-сінің құрылысы бітіп, 56-сы іске қосылған. Жұмыс жалғасып жатыр. Сонымен қатар 63 инвестициялық жобаның құны 300,96 млрд. теңге болатын 18-і бөлініп беріліп, айқындалған. 2018 жылдың екінші тоқсанының соңына қарай 5 инвестициялық жобаның құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Күнделікті «Қорғас» ХШЫО-ға 5 мыңға жуық адам келіп кетеді.

Сол сияқты осы күні А. Жұмағалиев «Нұрлы жол» кеден бекетінің құрылысымен танысып, «Нұркент» кентінде де болды.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.