Гүлнар Абдіхалықова

      Адам үшін үміт – жанармай секілді. Үмітсіз ол өмір сүре алмайды деген бар емес пе? Біз де көзге көрінбесе де, алға жылжуға көмек беріп жүрген осы нәзік сәулеге сенім артып келеміз. Ертеңгі күніміз бүгінгіден тәуір өтеді деп таң атады, күн батады. Кейде «Қалжыраған тән мен қасірет шеккен жанға үміттен асқан дәру болмайды» деген сөз ойға оралады. Оралып қана қоймай, ақиқат екеніне көзіміз жетті. Расымен, талықсып барып құлағанда үмітті таяныш етесің. Осы таяныштың арқасында қазандай қайнап жатқан тіршіліктің қамына қайта кірісесің.

      Міне, осылай үміттеніп жүріп өмірдің 9 жылын артқа тастадық. 9 жылдан бері үзілмейтін не үміт деп ойлап отырған шығар көбісі? Ол – батпандап кіріп, мысқылдап шығатын аурудан айығамын-ау деген үміт оты. Дильназ – 2008 жылы дүние есігін ашты. Жарық дүниеге шыр етіп келген күннен бастап, ота үстеліне барды. Содан бері аурухананың табалдырығын тоздырып келеміз. Дәрігерлердің қойып берген диагнозы – гидроцефалия. Мамандар менің босанарыма бір күн қалғанда сәбидің миында су бар екенін ескертті. Дильназды дүниеге әкелгеніме бір ай толмай жатып алғашқы отаға бардық. Кейін су қайта көбейіп, 6-7 айдан соң бассүйегін тесіп, эндоскопиялық ота жасалды. Содан бері арнайы психотроптық дәрілер беріп келеміз. Бастапқы кезде Астаналық психиатрлар: «Балаңыз адам болмайды, түк түсінбейтін «дебил». Арнайы мектепке өткізіп тастаңыз, қиындықты қайтесіз?» дегенде үйден оқытуға рұқсатты әрең алдым. Сол рұқсатты алғанымның арқасында мұғалімдер қызымды үйге келіп оқытады. Қызым Дильназ 3 тілде сөйлейді. Ағылшын тіліндегі 300-ге жуық сөздің аудармасын еш қиналмай айтып береді. Мұның өзі қиналған жанға демеу болып отыр. Негізі Дильназдың диагнозы гидроцефалия болғанымен, гипофиз бұзылуынан гармондық ауытқулар орын алған. Аурудың салдарынан бүгінде сол жақ аяқ-қолы жұмыс жасамай, левостороний гемипарез диагнозымен арбаға таңылды. 2016 жылы қалыпты салмағы 60 килограмға дейін жедел өсіп кетті. Қызымның жасына байланысты салмақ өлшемі – 28-30 кг.болу керек. Бірақ, басына бірнеше дерт қатар жабысқан Дильназдың салмағы – 73 килограмнан жоғары. Салмағы ауырлаған сайын жүрегі қысылып, мұрнынан қан кетеді,көп құсады. Анасы үшін баласының ауырғанын көруден асқан азап жоқ шығар. Біздің барлығымыз баламыздың табанына кірген тікен маңдайымызға қадалса екен деп жүреміз ғой. Осы қызымның тағдырдың сынына душар болғанына кейде жанымды қоярға жер таппай кетемін. Әсіресе, түнгі уақытта ұйқысы қашып,судіргісі ұстап, құсып мазасызданғанда шарасыздығым қоса қинайды. Алайда мен ертеңіме сенуді, болашағыма үміт артуды доғармаймын. Қазіргі таңда қажетті қаражатты жан-жақтан жинауға тырысып жатырмыз. Өзіміздің қалтамыз көтермейтін болғандықтан, елден көмек сұрауға мәжбүрміз. Өйткені, Дильназдың нақты диагнозын толық зерттейтін мединициналық аппарат Қазақстанда жоқ. Динамикалық CSF мониторинг жасайтын құрылғы Түркиядан табылған. Арнайы хатта түрік дәрігерлері зерттеу құны 5200 АҚШ доллары тұратынын айтты. Бар үмітіміз Алладан кейін ақ халатты жандарға артылып отыр. Қол ұшын созып, көмек беріп жүрген қайырымды жандар да аз емес. Жан-жағымнан қаумалай қолпаштап, демеп жатқан адамдарды көріп те сенімімді күшейте түсемін. Құдай қолын жайған пендесін құр қайтаруға ұялады ғой, сол себептен Тәңірден Дильназдың дертінен айығып, аяғынан тұрып кетуін тынбай сұрай беремін. Жаратқанның жаратылушысын жылатпайтынына сенім білдіремін. Сенім бар жерде береке де, өрлеу де, өсу де бар. Бір нәрсеге сенсең, соған жетуге тырысасың. Ертеңгі күніне жоспар құрып, әрекет етесің. Мен де Дильназдың жазылып кететініне сенемін. Сенімім ақиқатқа айналу үшін қолдан келгенше қарманып қалмаймын.