Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын іске асыру аясында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы шет елдердің ұлттық және басқа да ірі кітапханаларында Қазақстан әдебиеті мен мәдениет орталықтарының ашылуына арналған халықаралық жобаны іске асыруда.

Жобаны жүзеге асыру басталғаннан бері бұл орталықтар әлемнің 18 елінде ашылып, жұмыс жасап келеді. Басты мақсаты – қазақ әдебиеті мен мәдениетін ілгерілету, шет елдердің жұртшылығын қазақ халқының салты мен дәстүрлік жолын және оның қазіргі таңдағы дамуын насихаттау.

АҚШ-тың Нью-Йорк көпшілік кітапханасына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен 200-ден астам басылым салтанатты түрде табыс етілді.

Нью-Йорк көпшілік кітапханасы – әлемдегі ең ірі ғылыми кітапхананың бірі болып саналады. Конгресс кітапханасы мен Британ кітапханасынан кейінгі үшінші кітапхана. 1895 жылы құрылған кітапхана қорында 54 миллионнан астам жарияланым бар және жылына 18 миллион оқырманға қызмет етіледі.

Қазақстан тарапынан орталыққа қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі Қазақстан тарихын, салтын, дәстүрін, әдет-ғұрпын, табиғатын насихаттайтын қазақ ақындары мен жазушыларының тарихи және танымал ғылыми әдебиеттері, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев туралы және оның еңбектері кітапханаға сыйға тартылды. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жаңа кітабы «Тәуелсіздік дәуірі» де оқырмандарға таныстырылды. Бұл Тәуелсіздіктің 26 жылындағы ішкі және сыртқы әрі маңызды тарихи шешімдер қабылдау қағидаларын көрсете отырып, егемен мемлекеттің құрылу кезеңінің сипаттамаларын көрсететін тарихи басылым болып саналады. Бұдан бөлек оқырмандар Н.Назарбаевтың әлемдік саяси аренадағы рөлі, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен оның қазіргі дамуы және негізгі бағыттары туралы кітаптармен таныса алады