Маңғыстау облысының полицейлері “Қару” іс-шарасы аясында мал шаруашылықтарын тексеруде, – деп хабарлайды Polisia.kz ке сілтеме жасап el24.kz.
 
Маңғыстау облысы аумағында 17 мамыр мен 17 маусым күндері аралығында “Қару 2021” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – тиісті қоғамдық тәртіпті сақтай отырып, атыс қаруын қолданып жасалатын қылмыстардың алдын алу және жолын кесу. Іс-шараның 16 күнінде маңғыстаулық полицейлермен 16 дерек анықталып, заңсыз сақталған 20 қару мен 108 оқ-дәрілер тәркіленді. Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша шараға барлығы 333 қызметкер жұмылдырылып, кешенді жүйелі жұмыстар жүргізуде. Өңірде барлығы 1 289 мал шаруашылығы болса, іс-шара басталғаннан бері соның 980-і , сонымен бірге, 2 877 қару иелері тұрғылықты жерлері бойынша тексерілді. Мал шаруашылықтарын тексеру барысында Бейнеу ауданында тіркелмеген теріс ұңғылы бір қару тәркіленді.

 
– Бір айға созылатын жедел алдын алу іс-шарасының басынан бастап бүгінгі күнге дейін ҚР ӘҚБтК 484-бабы 1-бөлігі, 486-бабының 1-бөлігі бойынша 159 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Облыс аумағында қаруды ерікті түрде тапсыру акциясы өткізілуде, бұл акция азаматтарды қандай болмасын жауапкершілік түрінен босатады, – деп атап өтті облыстың полиция басшысы Ж.Бақтыбаев.