Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов елімізде жол-көлік оқиғаларының көбейіп кеткенін атап өтті. Ол ауа райының қолайсыз жағдайында жолға шықпау жөнінде тұрғындарға дер кезінде ескерту жасаудың маңыздылығына тоқталды- деп хабарлайды el24.kz тілшісі.

"Қазіргі таңда көлік апаттарының саны алаңдатарлық деңгейге жетті. Әсіресе, ауа райының қолайсыз кезінде жолға шығу үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан тиісті органдар халыққа ескертуді күшейтіп, жүргізушілерге қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ұсынуы қажет", – деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, көлік қозғалысына жауапты мемлекеттік органдар ауа райына байланысты жолдың жағдайын алдын ала хабарлап, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізуі тиіс. Сонымен қатар, жүргізушілерге қыс мезгілінде қажетті қауіпсіздік ережелерін сақтау, жылдамдықты шектен тыс асырмау және жолдың тайғақ учаскелерінде аса мұқият болу қажеттілігі ескертілді.

Статистикаға сүйенсек, соңғы айларда елімізде көлік апаттары көбейіп, оның басты себептерінің бірі – ауа райының қолайсыздығы мен жүргізушілердің немқұрайлығы болып отыр. Осыған байланысты құзырлы органдар енді жүргізушілерге SMS хабарламалар, әлеуметтік желілер және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ескерту жұмыстарын күшейтпек.

Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бұл бағытта нақты шаралар қабылдап, алдағы күндері қауіпсіздік шараларын қатаңдату жоспарланып отыр. Жол апаттарының алдын алу үшін жүргізушілерге ауа райын мұқият бақылап, жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырды.