Қостанайда сырғанақты бұзу кезінде жұмысшы қаза тапты.Ер адамның құлаған кезде көпеген сүйегі сынған.
Бұл фактіні Қостанай облысының полиция департаменті растады.
- Еңбекті қорғау ережелерін бұзу салдарынан адам қаза болған оқиға бойынша полиция алдын ала тергеуді бастады. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, - деп хабарлады полиция қызметкерлері.
Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасы пациенттің ауруханаға жатқызылғаннан кейін көз жұмғанын нақтылады.
- 13 ақпанда сағат 19:22-де Қамысты аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне 1966 жылы туған науқас жеткізілді. Диагноз «Көп жерден омыртқа мен жамбас сүйектерінің сынуы» және «1-2 дәрежелі жарақаттық шок». Науқастың жағдайы ауыр болғандықтан, ол жансақтау бөліміне жатқызылды. Тексеру және емдеу медициналық хаттамаға сәйкес жүргізілді. Сот-медициналық сараптама нәтижесінде науқастың алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Өкінішке қарай, сағат 22:40-та науқас көз жұмды, - деп хабарлады дәрігерлер.
Дереккөз: КТК телеарнасы