Үш күн ішінде 30-дан астам қару жасырылған жер анықталды Ішкі істер министрлігі ел аумағында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
— Үш күн ішінде 30-дан астам қару жасырылған жер анықталып, 360 түрлі атыс қару, 12 граната және үш мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді.
Сонымен қатар бұрын ұрланған жеті қару анықталды, оның төртеуі қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған. Бұдан бөлек, бұрын жоғалған алты қару тәркіленіп, 14 қару ерікті түрде тапсырылды, — деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов. Polisia.kz-тің мәліметінше шара барысында атыс қаруын заңсыз сақтау және алып жүрудің 120 фактісі анықталып, 200 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. — Ішкі істер министрлігі азаматтарға қаруды кез келген уақытта ерікті түрде тапсыру мүмкіндігі бар екенін және бұл үшін ешқандай құқықтық салдар болмайтынын еске салады, — делінген хабарламада.