Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әлеуметтік тапсырысы бойынша жүзеге асып келе жатқан «Жаңа өлеңмен жүздесу» жобасының кезекті бас қосуы Жезқазған гуманитарлық колледжінде өтті.

«ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген британдық қайраткер, ақын, прозаик Маколей Томастың: «Жан дүниесі дертке шалдықпаған адам ақын болмақ түгілі, онда өлеңді сүю сезімі де болмайды»,- деген екен. Ал жан сырқаты деген немене? Абайдың: «Ішім толы у мен өрт, сыртым дүрдей» деуінің мәні неде? Азуын айға білеген аға сұлтан баласының осыншалық күйзеліске түсуінің сыры не?

Осы жан күйзелісі ме Абайды ақын еткен? Астындағы атының, алдындағы асының барына масайрап жүре берер жанның бірі болса, қазақ бүгінгі күнге Құнанбайдың Абайынан бейхабар болып жетеді екен ғой. Түбегейлей берсең алдыңнан осы тақылеттес сансыз сауалдар шыға берері сөзсіз. Жарайды, жан жарасы ақын етті немесе поэзия құдіретіне тәнтті етті делік. Ал Юзефа Крашевскийдің: «Өлең авторды ақын етпейді,- жарқылы жоқ өлең жазып өлең құрастырушы атануға, сондай-ақ ештеңе жазбай-ақ та ақын болуға болады»,- деген сөзін қай қисынға жатқызсақ болар екен?

Әсілі, ақын дегенің - жұмбақ, құпия жаратылыс. Оның жан тынысын, тамыр соғысын, жүрек дүрсілін тап басып танып, «ақын деген осындай болады» деп анықтама бере алмай кібіртіктеп қала беретініміз сондықтан.

Біз дәйек еткен кейінгі пікірге қарасақ, ақынды өлеңшіден ажыратып тұрар белгі бар сияқты. Өлең жазғанына қарап емес, өлеңінің қасиетіне қарап айырып білуге болар сол белгіні қалай атасақ екен? Ол үшін өз пайымдауымызбен, өлеңге анықтама беріп алайық. Өлең – жүрек жарықтықтың тереңінде қайнап шығып, алпыс екі тамырыңды қуалай жүгіріп, тұла бойыңды сиқырлы сәулелермен буып, сонан соң санаңның сүзгісінен өтіп барып жарыққа ұмтылатын жан дірілі. Демек, өлең – ешбір аспаппен сезіп білуге болмайтын, тек өлең түсінер жаныңмен ғана түйсінер сиқырлы діріл, толқын, сәуле.

«Өлеңді туады» деген де сөз бар. Өлеңші мен ақынды айырып тұрар белгі осы дейікші. Ал әлгі туатын өлеңнің толғағын енді елестетіп көріңіз. «Поэзия – жан серпілтер куаныш пен жаныңа батқан дерттің ағысы» (Д.Х.Джебран) деген пікірдің растығына сонда көзіңіз жетеді». Осылайша ақын болудың қиындығын, оның азабының қандай болатынын енді бағамдай беріңіз,- деп  сөз бастаған кеш жүргізушісі,  филология ғылымдарының кандидаты, доцент, «Тілтану» оқу-әдістемелік орталығының директоры Ғазиз Ештанаев көрерменнің назарын бірден баурап алды. Жезқазғандық қаламгерлеріміздің жаңа өлеңдерімен танысып, сыр бөлісіп, ақын жанына саяхат жасауды мақсат еткен жыр кешіне киелі поэзия әлемінде өзіндік үн, өзіндік сыр, өзіндік бояу, ажары бар, сырлы да нәзік өлеңдерімен оқырман қауымын елең еткізіп, жырмен тербеп жүрген  Сара Смағұл, ұлтымыздың қанына сіңген өр мінезін, ақыл-парасатын, адал рухын, адамгершілік қасиетін, даладай дархандығы мен данагөйлігін паш ететін сыршыл жырдың кербездері Траисова Үміткүл, Гүлсін Айдарбекова, Ізтлеу Түсіп, Медет Қарахметов жан сүзгісінен өткен өлең туындыларын қалың қауымға паш етті.

Аға буынның өкшесін баса келе жатқан  жас дарындарымыз - Аружан  Оралбай, Ақелік Темірғали, Еркімбаев Нұрсұлтан, Жеңіс Тилекеновте өз үлестерін қосты. Олардың бүгінгі аяқ алысын қарап болашағынан үлкен үміт күтуге болатынына сенгендейміз. Кеш барысында жергілікті сазгер Айхан Мұсабековтің, zhez_жастар орталығының белді әншісі Мұхаммедәлі Мұсабековтің орындаған «Жезқазған ғашықтар қаласы», «Жезқазған жез қала» әндері  жыр сүйер қауымның жүрегінен орын алып, үлкен әсер қалдырды.  

Көзінің алдына күллі алаптың көрінісін әкеле алатын құдыреті бар,  кешегі мен бүгінді салыстыра алатын өз таразысы бар, мына ортаның тынысын бағып, тірлігін бағалай алатын өз өлшемі бар ақынның әлеміне бойлағандай болған бір сәт, тез арада өте шықты. Осы сәттен «Ақын дәуірінің арпалысқан ары болу керек» (Сен-Жон Перс) деген ойды ақын да, оқырман да ішке түйіп кетсе, жүздесуіміздің текке кетпегені.

Жаңа өлеңмен жүздесу жобасының өтуіне қолдау көрсеткен Жезқазған гуманитарлық колледжінің директоры Айгүл Сапарқызына, ақпараттық қолдау көрсеткен Жезқазған ішкі саясат бөлімінің басшысы Мереке Батырбекқызына алғысымызды білдіреміз.

Келесі жүздесуде жаңа өлең –жырлардың куәсі болуға барлық оқырмандарды шақырамыз.