Әңгіме

Салтанат Айдарбекова

  Қылықсыз әйелдей сұрқай тартқан қаланың тіршілігінен иінім салбырап үйге келгенде әзірленбеген дастарқан, бір-бірімен дауласып, бірі жылап, бірі үйдің шаңын аспанға көтере асыр салып шуылдаған балаларыма қарап, еркек болып дауыс көтеріп, май құйрықтарынан бір-бір салуға оқталып тұрып, ол райымнан лезде айнып, киімшең күйде жұмсақ диванға сұлай кетемін.
Не балаға, не қатынға қол көтермек былай тұрсын, осы күнге дейін дауыс көтеріп те көрмеген мен кейде осы ұстамдылығыма өзім іштей таң қалатыным бар...
 
  Мен ес білгелі жамағайын туыс болып келетін атамыздың үйінде қора толы малының тегін жалшысы болдым. Атамыз да, апамыз да біртоға момын жандар еді, жарықтықтар. Обалына не керек, бәйек болып, ас-ауқатымнан еш қаққан емес.
 
Мұнда көресімді жалғыз ұлдары Нұргелдіден көрдім. Нұргелдіден жеген қатты таяқтың ізі әлі күнге дейін жүрегімде жылан терісіндей шимайға толы. Бала күнгі запыранның беті қатса да, бітеу жараға айналатыны қиын екен. Қандай сәтте де болмасын, санамда қалған ескі суреттер бояуы кеппеген картинадай көз алдымда көлбеңдеп тұрады да қояды.
 
  Нұргелді жасы қырыққа таяп кеш үйленген тоң мойын, сөзге шорқақ, ашуланған кезде онсыз да аласы көп қой көздері екі жаққа ақшиып кететін, дәл сол мезет жазатайым қолына түсе қалсаң өз туған әкесін де аямайтын дүлей еді. Әсіресе ащы суға тойып келгенде қалт-құлт етіп, таяғына сүйеніп зорға жүрген қарт әкесінің сақалынан сүйрелеп, таяққа жыққанын да мына көзім талай көрген. Ондайда шаужайына жабысқан анасын да иетіп тастап, көздері құтырған иттей қанталап, аузынан ақ көбігі ағып құлағанша жолындағысын түгел жайрататын қосүрей жынды еді.
 
«Арқасында қап-қап жыны бар күйік, күйік!» -деп солқылдай жылап, жаулығымен кепкен қақтай бетін айғыздаған жасын сүртіп, апамыз ошақ басындағы көсеу, пышақ, атаулыны жасырып әлек болатын.
 
Ал жас қатыны тіпті төркініне қашуға да қорқатын, маңдайының соры бес елі, момын еді.
 
Ондайда үрейден қалшылдаған мен жеңгемізді былай қойғанда өз ұлдарына не пәрмені, не дәрмені жетпейтін қос бейбақты ішім езіле аяп, шарасыздықтан алқымыма келген ащы өксікті сыртқа шығаруға да жасқанып, қораның бір бұрышына барып, бүрісіп отырған күйі таңды атыратынмын. Тіпті бала болып дұрыстап жылай да алмаушы едім.
 
Бұндай көрініс Нұргелдінің ішіп келген әр кештерінде жиі қайталанатын.
 
Қос бейбақтың құдайдан тілеп алған жалғыздарының осынша қояншық болғанына налып, Тәңірден бұндай перзент бергенше, перзентсіз өткенім жақсы дейтінмін кіжіне. Сондайда басыма не бір ойлар қылаң беретін. Осы үйдегілерді Нұргелдінің құқайынан құтқарғым-ақ келуші еді. Кейде қасыма жеңгем келетін. Ол таң атқанша солқылдап жылап шығатын. Оны жұбатарға бір ауыз жылы сөз таппай қиналатынмын. Кей күндері ерні жыртылып, кей күндері қабағы жарылатын жеңгемнің талай мәрте баласын тастап қойып, сыңсып, құмыға жылаған дауысы әлі күнге дейін құлағымда тұрғандай. 
 
  Нұргелдінің ащы суды сімірмей жүрген күні де алдыңғысынан сәл-ақ ілгері еді. Сонысына қарамай, дәулеті тегешіне сыймай тасыған, қора толы қойы, өріс толы жылқысы бар.
 
  Сықырлақ ескі кебеженің түбі еттен тақырлана бастағаннан кемпір де қипақтай бастайтын. «Ет таусылды, мал сою керек» дегенді баласының шекесі жазыңқы сәтінде ғана жаспақтап отырып зорға жеткізетін. Жұмбаздай иленген денесі саба толы местей бүлкілдеп, қоңыр қошқыл беті май шамның сызылған жарығымен жылтырай, саусағының саласынан аққан майды сылп еткізе жалап алып, тоқпақтай қолының қырымен тоқпан жілікті бір ұрып, қақ бөліп, құрқ-құрқ еткізе майын сорып, еттен арылған жілікті «итке де бірдеңе қалсын»- деп босағаға қарай лақтыра сала, асқазаны аузына шыға кекірген ол шалқалай жатып, төбеге қараған күйі:
- Немене, демде таусылып қалды ма? – деп дүңк ете қалушы еді.
- Е, титтей тоқтының еті демде өшіп кетеді ғой, етсіз тағы тамақ ішпейміз... – деп шешесінің мұрын астымен міңгірлеп, дауысы жалынышқа ұқсас, аянышты шығатын. Әрі қу жазған қатынына да бірдеңе деп қала ма деп қыпылықтап отырушы еді.
- Соямыз ертең... –деп құрақ көрпешеге шынтақтай бере Нұргелді тарқ еткізіп жел шығарып, ет кірген тісін шұқылауға мені шырпыға жұмсайтын. Тіл алғыш, қожайынына берілген құлдай мен мұның әр қимылынан алдағыны іштей болжап отырушы едім де, маған бұрыла бастағаннан-ақ орнымнан ұша түрегеліп, елден бұрын қамдап, пеш қуысына қойған сіріңкені әкеліп беретінмін. Ал ертеңіне қой союдың өзі бір кішігірім соғыспен пара-пар қиямет еді. Шындығында еттің бәрін Нұргелдінің өзі ғана жейтін. Қой сойып жатып, гүж еткен кезінде оқыс естімей қалсаң, біттің дей бер. Таяқтың көкесін сонда көресің...
   
  Тоғызыншыны бітірер жылы көктемде малдан аузының салымы мол Нұргелдінің отыз шақты ешкісі егіз лақтап, нағыз майдан сонда басталды. Таңертең және кешкісін лақтарын жамыратар кезде бірінің лағы біріне ауысып, кей ешкілер өз лақтарын алмай, әбден зықымызды алып, егіз лақтың бәріне парлап бірдей түсті шүберектер байлап, әбігерге түстік те қалдық. Уақ малды жамырату – қияметтің қияметі еді.
         
  Бірде сондай қарбаласта ала шұбар тоқал ешкінің лақтары ауысып кетіп, өзге ешкінің желінін тартқылап жатқан жерінен енесіне апара жатқанымда қазықбас ақ ешкінің өзінен аумаған, секеңдеген ақ лағы өзге ешкілерді жағалап жүргенін көріп, Нұргелді еңкейіп ұстай берем дегені сол, абайсыздан тұмсығымен жер сүзе құламасы бар ма? Әлгіні көріп шайтан күлкі қысқаны сонша, одан өлердей қорқатыным есімнен шыға күлгенім бар, сол сол-ақ екен белім қайқаң ете сұлап түстім. Әуелгіде ештеңені бағамдап үлгермеген мен тыпырлап жатқан ақ лақты көрген сәтімде езуімді жиып ала қойдым. Тажалдай төніп келе жатқан Нұргелдіні көргенде тіпті тілім кеңсірігіме жұтылып кетердей зәре-құтым қалмады. Қайдан, қашан алғанын білмеймін, қолында темір шолақ сапты өткір қара балтаның жүзі батар күннің қою күрең шапағына жарқ еткенде сонадайдан ақ жаулығы жалбыраған кейуананың ащы даусы саңқ етті.
 
 Таяу келген Нұргелді шешесін алғаш мәрте тыңдады ма, әлде мендей жетімекке мейірімі оянды ма, білмеймін, енді секеңдегелі пысқырынған ақ лақтың артқы аяғынан шап берді де, жерге қайта атып ұрып, балтаны бір сілеген кезде-ақ лақты екіге бөліп түсірді.
 
Бойынан жан кете қоймаған лақтың денесі біразға дейін шапшыған қанымен жағаласып тыпырлап жатқанына қарамастан, арсылдаған дәу төбеттің алдына қос бөлікті лақтыра салды. Тап мына көрініс маған қаншалықты ауыр тигенін, сол кездегі күйімді жеткізуге сүйексіз тілімнің шамасы келмес, сірә! Іштей: «Тоғызыншыны бітірсем, көшеден қайыр тілеп кетсем де, Нұргелдіні көрмей кетейін»- деп тас түйін бекінгенім де сонда. Лағын жоғалтқан қазықбас ақ ешкі көпке дейін маңырап жүрді де, жеңгем сол күні түнде тағы бала тастады...
   
  Міне, содан бері арада қанша жыл жүйткіп өтті. Мен қазір сол Нұргелдінің жасынан да асып кеттім.  Бүгінде ол да әкесінің жасынан асты. Алдына барып, амандық-саулық сұрауға арада үлкен бөгет тұрғандай, ауылға ат ізін салғанда тек зират басынан қайтамын...
 
  Шегімнің шұрқырай бастағаны сол,дастарқанға буы бұрқырай кешкі ас келді. Балаларымның да шулағаны саябырсып, шүпірлей асқа бас қойды. Бағанағыдай емес, шаршауым басылып,біраз сергіп қалыппын.Орнымнан көтеріліп,терезеден сыртқа көз тастадым.Тас қаланың аспанын батар күннің қызыл шапағы жаулап алыпты.Көз алдыма құрсағындағы шаранасын жоқтап жылаған жеңгем мен   қанға бөккен ақ лақ келді...