Астана іргесінде үш баласымен пәтер жалдап, таксист болып күн көретін ананың кіші ұлы сал ауруына шалдыққан және эпилепсиямен ауырады. 8 жастағы бала өздігінен жүре алмайды, сөйлемейді. Пәтер жалдау ақысы мен тамақтан артылған ақшасына анасы баласын оңалту курстарына, массажға апарып тұруға тырысатынын айтады-деп жазады el24.kz тілшісі.
"Мен ұлыммен бірге таксилетіп ақша табуға мәжбүрмін. Қала сыртында пәтер жалдап тұрамыз, жедел жәрдемнің келуіне көп уақыт кететіндіктен 7 жылға несиеге көлік сатып алдым. Бұлай такси жүргізушісі болғым келмейді, мұндай өмір тіпті, ер адамдарға да қиын. Әбден шаршадым. Кейде өмір сүргім келмей кетеді", - дейді әйел.
Қара бетперде киіп, мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек көрсетіп жүрген жұмбақ жігіт үш баласын жалғыз тәрбиелеп отырған жалғызбасты анаға пәтер сыйлады.
Қайырымды жігіт әдеттегідей бұл жолы да кейіпкеріне көл-көсір қуаныш сыйлады.
"Бұл ақшаға балаң екеуіңіз емделуге барасыз, қалаған ісіңізді ашасыз, автокөліктің несиесін төлейсіз. Және одан басқа... үйлі болдыңыз", – деген қайырымды азамат әйелге баспана кілті мен конверт толы ақшаны ұстатты.