Жетісу облысы, Алакөл ауданының Көлбай ауылында 20 қараша күні кешкі сағат 17:00 шамасында үш оқушы құс атуға шыққан кезде қайғылы жағдай орын алды. Қару байқаусызда атылып кетіп, 2009 жылы туған оқушы аяғынан ауыр жарақат алды.
Жараланған бала алдымен Қабанбай ауылындағы ауруханаға жеткізіліп, шұғыл түрде ота жасалды. Қазіргі уақытта ол Талдықорғандағы облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде дәрігерлердің бақылауында. Жағдайы тұрақты деп хабарланды.
Полицияның мәліметіне сәйкес, оқиға кезінде қолданылған қару оқушылардың бірінің атасына тиесілі болған және рұқсатсыз алынған. Құқық қорғау органдары бұл оқиға бойынша тергеу жұмыстарын бастады, ал жасөспірімнің ата-анасына заң аясында шара қолданылды.
Тәртіп сақшылары қаруды сақтау және қолдану ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.
Дереккөз: Kazinform.