Махаббаттың мақсаты өзгені өзіңе ғашық ету емес.
 
Негізі біздің махаббат деп жүргеніміз шын мәнінде – өзімшілдік пен инфантилизм.
Алайда адам біткен түпкі қалауын «маған тиесілі» деп өзіне-өзі теліп алады. Өз кемшілігін романтикаға аудара салады. Күнәсін тек әдемі жағынан көрсеткісі келеді.
Егер сізді қолмен ұстап, маңдайдан сипап, аймалап, құшақтасын деп тілесеңіз – бұл құмарлық.
Егер үнемі қамқорлық жасасын, сіздің қиындықты шешіп берсін, сыйлық сыйласын, толықтай қамтамасыз етсін десеңіз – бұл инфантилизм.
 
Егер тек мені сүйсін десеңіз, сізсіз өмір сүре алмай қалса екен деп тілесеңіз, бар уақытын тек сізге арнап, қалған өмірі маңызды болмай қалсын десеңіз – бұл өзімшілдік.
 
Егер нақты бір адамнан перзент сүйгіңіз келсе – бұл биология.
 
Егер дереу маған ұсыныс жасасын десеңіз, не мендік болсын деп тілесеңіз – қоғамдық пікірге тәуелділік.
Адам шын сүйген кезде ештеңе тілемейді. Жай ғана сүйеді.
 
Пәтерде өмір сүріп, тісіңізді тазалайсыз, жұмыс хаттарын жолдайсыз, нан сатып аласыз, шай ішесіз, анаңызға қоңырау шаласыз – осының бәрін істей жүріп бір адамды сүйесіз. Ол бұл сәтте басқа жақта, басқа біреумен серуендеп жүруі ықтимал. Сіздің оны сүйетініңізден хабарсыз болуы да мүмкін. Өмір өз ағысымен аға береді. Әдеттегідей. Бірақ сіздің жүректе ерекше мейірім тұнады. Әр адамға жымиып тұрғаныңызды байқамайсыз.
 
Әрине, бұл қалыптан тыс, иррационалды, бір түрлі қылық. Махаббат деген осы. Қалғаны – адам болмысында жиі кездесетін құмарлықтың түрлері.
 
Қарым-қатынасты түзуге болады. Махаббатты бір ретке келтіріп қою мүмкін емес. Баланың өмірі үшін, жарыстағы бірінші орын үшін, өзіңнің құқың үшін күресуге болады. Тек махаббат үшін емес. Сөз бен іс үшін жауапты боласыз. Адалдық пен түсіністік үшін жауаптысыз. Бірақ махаббат үшін емес.
Махаббат та сызып қоятын шекара жоқ. Әр нәрсені өз атымен атап үйренгенде есейесіз. Сонда бәрі өз орнына тұратын болады.
 
Махаббат деген жай ғана жүректі жылытатын ғажап сезім. Әр адамның өміріндегі ең ғажап сәт.
 
Анна Кирьянова
Аударған Шынар Әбілда