Пернебай Бердалыұлы Сапаров -1981 жылы ОҚО Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылында дүниеге келген. Халықаралық Қазақ-Араб (қазіргі Отырар) университетін араб тілі дінтанушы мамандығы бойынша бітірген, Республикалық «Халық үні »газетінде тілші қызметін атқарған.Қазір Республикалық «Жан мен Тән саулығы »газетінің редакторы.


Кәстөмімді киіп, галстугымды тағып алғам, бірдеңе сұрайын деп бетіне қарап ем, масқара болғанда әйелімнің атын ұмытып қалғаным. Біреу айтса сенбейсің ше, шынымен есіме түспей аңқайдым-ай кеп. Таң азанымен құрбақа көргендей ажырайып қалсам керек, «не болды-ии» деп күңк ете қалды анау.
- Осы сенің атың кім ед...
«Пәленшемін ғой» дей салса бәле де жоқ қой, ондай қатын қайда, «нағыласың» деп шап ете қалды ол. Шап еткен дауыстан шаң-шұң ұрыс боларын сездім, үндемей-ақ, әшейін дей салуға да болад, бірақ сорлаған басым, туған әйелімнің аты тарс есіме түссеші. Ары ойландым, бері ойландым, неге екенін ит білсін, Пәтөш дейтінбіз, тап осы жолы қызық болғанда, шын атымен атағым келген, шын атының кім екені тілімнің ұшында-ақ тұр, бірақ, білмейм ше...
- Шынымен сұрап тұрмын ғой енді, атың кім ед?
Әйелді адам баласы түсініп көрген бе, қарғанып айтсаң да сенбей күйдіреді емес пе, ол да сөйтті.
- Нағылайын деп ең, таң атпай маған тиіспесең ішің кебеді ғой, сенің, ішің кебед...
Жатқан жыланның құйрығын солай бастым мен, ол ысылдап басын көтерді, енді оңайлықпен жатпайтынын білем, тілі ащы, шақса оңдырмайд, ол да маған мәлім, бәледен машайық қашыпты қылайын десем, аты есіме түспей діңкелеп тұрғаным мынау...
- Ой бажылдамай айтш, атың кім сенің...
Бажылдамайды бекер айттым негізі, аттанға ойбай қостым, енді шегінерге жол қалмаған еді.
- Таң атпай давлениемді көтеріп, атың кім дейді ұялмай қызармай, ана Айман, Пайман, Гүлзира, Мұрзираларыңды ұмытпайсың, соларың со кезде-ақ әбден миыңды айналдырып тастаған да сенің, айналдырып тастаған...
Оталып алған әйел еңіске қарай зулаған көлікпен бірдей, қағып, соғып, қирамай, қиратпай тоқтаған ба, маған шегінгеннен басқа амал қалмады. Гүлзира, Айман дегендері баяғыда мектепте қап кеткен махабаттар еді, оларды қозғады дегенше ұрыс сериалға айналды дей бер. Үндемей-ақ кете бергім келген, төргі бөлмеден қызым шықты, мен байғұс пашталон көргендей үмітпен қарадым оған.
- Қызым, осы мамаңның аты кім ед?
Бұл құрғыр бала-шағаңның да керек кезінде кергіп қалатыны бар осы, «туу, папа-ай, сіз де таң атпай ойнап»... деді де, армансыз есінеп ап, далаға кетті қызым. Даладан екінші қызым кірген, «мамаңның аты кім ед, қызым» деп жұп-жұмсақ дауыспен сұрадым, «өзінен сұрасаңызшы» деп жұп-жұмсақ дауыспен жауап беріп төргі бөлмеге ол кетті. Екіортада күнім итке бергісіз боп мен қалдым, екі қызымның бірдей жауап бермеуі әйелімнің желкесін күжірейтіп кетті, ащы дауыспен айғайын жалғастырып кетті дейсің бір. Бұл жарықтық әйел дегенің ұрысқа келгенде ешбір логиканы, ешқандай ережені, уақытты керек етпейді, әсіресе байының мінін көзіне шұқып тұрып басқанда бар ғой, табаға тірідей қуырғанмен бірдей. Со екіортада менің түк ойламайтыным, бөлім басшысы деген аты бар, айлығы аз бастықсымақ екенім, соған қарамай сегізінші мартта жұмыстағы «сайқалдарға» подаркі жасағыштығым, екі қызымның оқу ақысын төлеу керектігі, ал менің құр босқа далақтап жүргенім, кіші баламның мектепке киетін крассовкасының жоқтығы, кредит төлеу керектігі, ең ақыры неге екенін қайдам, ауылдағы бажамның қызы күйеуге тигені, оған біздің үйден ешкімнің қуғыншыға бармағаны айтылды. Айтуынша жұмыстан келсе телевизор көріп, тамақ ішкеннен басқаны ойламайтын, үйде не болып жатқанымен ісі жоқ, барып тұрған арамтамақ, ақымақтың нақ өзі боп шықтым. Мен де ел қатарлы дамыған елу отбасының ортасына қосылсам деген ниетпен жүрген еркек ем, қатыным таң азанымен бәрін іске алғысыз етіп, күл талқанын шығарды. Ойпырмайдың осы күнге дейін қалай күн көріп келгенін, бала шағаның қай ақшаға киініп, кімнің табысына қарын тойғызып жүргеніне басым жетпей қалды. Қатынымның атын табуға жетпеген миым бұндай күрделі крассвордты қалай шешсін, құрысын деп күңк етіп үйден шықтым. Баратадан шығып кеткенше даусы естіліп тұрды, әсіресе, менің ішкен кездегі қылықтарым есіне түсіп кетсе қуаныштан ба, күйініштен бе білмейм, әйтеуір арқа басын еркін жазып ап, ұзаққа шабатынын бар. Өзімнен де кінә бар енді, тыныш жатпай қайдағы бір саясатты қозғап, нанның бағасын үш жүз теңгеге көтерейік деген әнебір депутатқа өкпелеп, бензинді қымбаттатып жібергендерді өзімше жазалап, ең арысы Американың президентіне тиісіп жүрген Кореяның президентін түк қалдырмай сыбайды екем, ол, ол ма, «осыдан таң атсын» деп, нағып екені белгісіз, кіжінетін көрінем...
***
Қызметіме көңілсіз аттандым. Сіздерді қайдам, біздің жұмыс бес минуттық деп аталатын, бастықтың пәлсапасынан құралған, екі сағатқа созылатын жиналыстан басталады. Бастығымыз жақсы адам, әуелгі сұрақты кешегі тапсырманың қалай орындалғанынан бастайды. Осы мекемеде істеген бес жылда бір де бір рет кешегі тапсырманың кеше орындалғанын көрген емеспін. Ең ұтымды жауап «бүгін бітіремін». Содан кейінгі отырыс бастығымыздың ұлан асыр тегін ақылымен жалғасады. Өз басым осы өмірімде екі-ақ ақылды адамға жолықтым, біріншісі қатыным, екіншісі, бастығым. Бастығымды бірінші айта алмайм, үйткені оның да қатыны бар.
Бүгін де әдеттегідей жұмысты жиналыспен бастадық. Бастық сөйлеп жатыр, әшейінде «сіздікі дұрыс, өте орынды» деп анда-санда бір қоштап қойып отыратын ем, бүгін оған шамам келмеді. Шынымды айтсам, ойымда бір сұрақ ызыңдап тұр, «Пәтөштің шын аты кім ед?» Мәселеңки, бастығымыздың әйелінің аты Гүлдариға, ойнасының... қой құрысын... ол жаққа барыспайық. Дегенмен өзі де, бастығымды айтам, қудың қуы, отырыстарда, бешірлерде, мерекелік кештерде, қымбат кәстөміне қымбат әтір сеуіп кеп, ең сұлу деген әйелдің жанынан табылатыны бар. Бір қарасаң «сіз ғажайып сұлусыз, мен маспын, ә» деп ыздиып отырад. Енді бір қарасаң әлгі сұлу мастың қолтығында... мәселеңки өткенде Жазира деген келіншекті... Қойш құрысын, нем бар... Бастықтың бер жағында мекемеміздің бухгалтері отыр, аты Әмина. Аванс сұрасаң, «өткенде ғана алып ең, айлыққа дейін шыдасайш, бірдеңе шірдеңе» деп сөйлеп кететіні болмаса, ол да жақсы адам. Тек осы күнге дейін аванстың садақа емес, айлықтың есебінен алынатынын не ол білмейді, не мен дұрыс түсіне алмайм. Оның бер жағында бухгалтердің бірінші көмекшісі Сәбира, оның бер жағында бухгалтердің екінші көмекшісі Толқын. Айналдырған он төрт адам істейтін мемлекеттік мекеменің бухгалтеріне екі бірдей көмекшінің не керегі барын білмедім, ғұмырымда миым жеткен де емес, мүмкін екеуі де бастықтың жиен қарындастары болғасын шығар... Оның бер жағында... обшым, біздің мекемеде істейтін он төрт адамның он бірі әйел, әйелім айтатын сегізінші мартта сыйлық алғыш «сайқалдар» осылар, қатынымның жылайтынындай-ақ бар, айналдырған үш еркек дастарқан жасаймыз, подаркі аламыз, бастық арнайы ақша бөледі, обалы не керек сүйтеді, бірақ сол ақшаны айлығымыздан ұстайды кейін. Басқаны қайдам мен үшін март айы банкрот айы болатыны сондықтан. Мейлі, оны қоя берш, айтайын дегенім, сол он үш әйелдің атын түгендеп шыққанда Пәтөшке жақын келер бірі болмады ше.
Жиналысымыз уақыт әбедке жақындағанда бастығымыздың даналық сөздерінен құралған, Сократтың өзі тентіретіп жіберетін керемет ойтүйінімен аяқталды, бұрын біткеніне қуанатын ем, бұл жолы үйтпедім, кәйтіп үйтесің, жан жарымның аты кім екенін әлі таппай отырмын. Жиналыстан кейін кофе ішетінім бар-тын, бүгін ол да батпады, кофе түгілі түскі тамақты да шұқылап іше алмадым, мына бір сорақылық миыма шөңге боп қадалды, одан да сорақысы, «менің әйелімнің аты кім еді?» деп біреуден сұрай да алмайды екенсің, сол күні ұзақ күнді зорға батырдым.
***
Өмірімде бірінші рет, жұмыстан кейін сраз үйге қайттым, ертерек барып, құрыс тырысы жазылған шығар, әйелімнен атын сұрамақшымын. Келсем, как раз күн сенбі, отбасым түгел үйде екен, әйелім азандағыдай емес, аздап жібіп қапты. Менің ерте келгенім Керқұла атты Кендебайдың аман есен қайтқанымен бірдей әсер етті-ау дейм, аңқайып ұзақтау қарады, қарағаны болмаса бірдеме деген жоқ, ернін шылп еткізді. Атының сыры иесіне мәлім, келе сап, сұрауға болмайды, шынын айтсам аздап ыңғайсыздандым, сосын кешкі тамақты күттім. Тамаққа тойып ап, ол да тойған соң, мән-жайды түсіндірмекшімін да, өзімше дипломатиялық жол тапқан түрім, енді. Еркек дегенің бір бейбақ та, қай айтқаны боп жатыр, әсіресе, еркектің намысы Кесентаеваның көлеңкесінде қап кеткен қоғамда, мен кім боппын, кешкі тамақтың үстінде «атың кім едіні» енді бастай беріп ем, «ырбыңдамащ, сен құсап ерігіп жүрген жоқпын» деп, тоқ еткізгені. Осы сөзі үшін-ақ сілейтіп салуға болар ед, өйтсем, сотталып кетуім мүмкін, Кесентаевадан кейін қатын атаулыдан үркіп қалғанбыз, амал жоқ, жәутеңдеп бала-шағама қарадым. Екі қызым, екі балам бар, соларға ортақ сауал жолдадым, жолдағанда да ананың жанды жеріне тиіп кетпейтіндей етіп, өте бір биязы дауыспен, бұрын соңды бойымда кездеспеген таңғажайып үнмен сұрадым, «аналарыңның есімі кім еді?»... Сұрақ түсінікті болғанымен ешкім сенген жоқ, сенімсіз сұраққа қайбір оңған жауап аласыз, дегенмен, үлкен қызым ғаламат ой тастағаны.
- Үйленген кезде таныспағансыздар ма?...
Қызымның осы сөзі күні бойы қатып тұрған басымды жібітіп, миыма қан жүгіртіп, ақылымды оятты, батуптан секіргендей ытқып тұрдым-ау, ытқып тұрдым да залтамға жүгірдім. Залтамда сандық бар, үстінде көрпе төсек жинаулы, оны төңкере салу қиын емес, сандықта альбом бар, альбомда, баяғыдааа, үйленген кезде түскен суретіміз болатын, «бірдеңе, бірдеңе, ананың орындалды басты арманы, бірдеңе, бірдеңе» деген бір шумақ өлең жазылған, кәдімгі черный-белый сурет қой, астында әйелім екеуміздің атымыз жазылған, менің іздегенім сол еді, таптым. Сол кездегі қуанышымды тілмен жеткізе алмайм, әйелімің аты...
- Е-ее-еее, сенің атың Бибіғайша екен ғой, Бибіғайша.... Бибіғайша....
Қолымда сурет, дәл бүгін кредиттен түгел құтылғаннан бетер қуаныштымын, өзім күліп жүрмін, өзім қуанып жүрмін, өзім мәзбін, бала-шағам, әйелім, Бибіғайша ше, әйелім Бибіғайша, ол да бала-шағамен қосылып аң-таң, аң-таң емес, шамасы қорқып та отыр-ау дейм, бақырайып қарап қапты, мен болсам шат-шадыман....
Әлден уақытта Бибіғайша тілге келді.
«Ойбууу, сен шынымен атымды ұмытып қалып па ең, қайдан білейін, әдейі істеген шығар десем, кешірш» деген сияқты жылы сөз күткем мен, бәлені ма, «өлгенің тойдан қызыыыййқ» дейді маған.
...Сол күннен бастап әйелімді атымен атайтын болдым, Пәтөшті қойдым, Бибіғайша дейм, әйеліңді атымен атасаң әжептеуір боп қалады екен, соңғы кезде ашқан жаңалығым сол болды, өткенде, Бибіғайшаның өзіне, бір көңілді кезінде айттым, «әйелдерді өз атымен атасаң әжептеуір көңілденіп қалады екен, ия» дедім, «елементарны нәрсенің үлкееенн жаңалық екенін басқа еркектер білмейді ия» дедім, сүйтіп ем «а-а-а, сен битсей, бұл жаңалығыңды ертерек патенттеп алсай» деді маған. Шыныңды айтсаң сенбейтін кәдімгі қатын да, кәйтем енді, ең бастысы ертегіге бергісіз бір күнімнің ойдағыдай біткеніне, сол ертегінің мақсат мұратына жеткен кейіпкері секілді іздегенімді тапқаныма, оқиғаның көңілді аяқталғанына қуандым. 
...Айтпақшы, сіздің атыңыз кім еді?...