Төлеуов Заман Самалбекұлы

(Шағын повесть)

 

Ол Porsche Cayenne-нің артқы орнына бір жамбастай жығылды да сәл

жантайып барып, бойын әрең түзеді. Өзінің епетейсіз қимылына:

-         Мені сүйейтін де кісі қалмады-ау! - деп күлкіге ұқсас шиқыл шығарды.

Жыламсырай танауын тартқылап, өзінің осы күйіне өзі аяушылық танытып, көңілі мүлдем босады.

-         Мен маспын... жақсы іштім... бүгін ішпегенде қашан ішем... кенжемді

ұзаттым... менде бәрі бар!.. - деп қолдарын сермей шалқи сөйлеп, жүргізушінің желкесінен нұқыды.

-         Менің сөзім дұрыс па?

-         Иә, Айман ханым...

-         Сендер шеттеріңнен залымсыңдар! Көкейлеріңді тескен тек ақша

ғана... менің ақшам!..

-         Айып етпеңіз Айман ханым, басқалар үшін жауап бермеймін, өз басым

Сізге адалмын!..

-         Иә, барлығың да адалсыңдар... Хи-хи-хи... Кеттік, айда желдетіп!..

Өзімен-өзі іштей сөйлесті. «Жетімсіреп, мені тосып жатқан жұмсақ төсегіме жеткіз... Маған енді ұйқы ғана керек... Дәл бүгінгідей мен құсап ешкім бақытқа кенелген жоқ! Бақыттың айдынында бүгін мен ғана жүздім. Қандай адамдармен шыны қағыстырғанымды көрсең, олардың қызыға, қызғана қараған көздерін көрсең!.. Қызым қандай көрікті еді, сұлулығымен елдің көзін қарықтырды ғой...мойнындағы Chopard-тың кольесі мен алмас көзді Tiffany & Co-лық неке жүзігінің шырайы  жолда қалды!..» 

Көлік табаны жерге тимей, құс тәрізді қалықтай, сұлу жүріспен жүйтки жөнелді. Манаптың табиғаты қалайтын Әбікен Хасеновтің орындауындағы Тәттімбеттің шертпе күйі «Көкейтесті» мамырлай төгілді.

-         Өшірші дыңғырыңды! Маған бүгінге музыка жетерлік, басым сынып

барады!

Манап бұйрықты екі етпеді. Бала кездерінде бұғынбақ ойнап, сандықтың ішіне тығылғанда осындай бір тынши, тұншықтырған тыныштыққа қамалушы еді. Айман ханымнан парфюм Chanel N5 бұрқырай жайылды да артынша түп желкеден шыққан күбірлі дем алыстан - ағзадағы тамақпен араласып жұпары азған қымбат арақ Diva мүңкіді. Салон қойыртпақ иіске толды. Сырт әсерге өз бетінше әрекет етуге қабілетті ақылды машина ластанған ауаны түзге сорып, тазасын кеулетті.

 

Еркін мырза Айман ханымның көлікке отырғанын сырттай бақылап тұрды. Екеуара бөтендік соңғы жылдары тым үдей түскен-ді. Ортасындағы екі қыз – тек, ата-аналық парызды ғана өтеуге себепкер. Оның өзінде де барлық проблеманы ақшамен шешу қалыптасты. Иә. Тек ақша ғана барлығын шешеді және ақша ғана проблема. Үлкен қыздары естияр болып қалғанда Еркін мырза өзге әйелмен көңіл қосып, бұл отбасын тастады. Тастады деген сөз орынды болмас, бұлардан бөлек кеткенімен көмегін аямады. Айман ханымға қаржыландыруды өз мойнына алып, жеке компания ашып берді. Бұның барлығы сырт көз үшін де және уақытында тәрбиесіне аса мән бермеген қыздары алдында да ақталу сияқты еді.

-         Дүйсенбі күні ертеңгілік кеңесті өзім өткізем. Мені тосыңдар. – деді ол,

қайтуға бет алған атқарушы директор қызды тоқтатып.

-         Мақұл, Еркін мырза... Сізді тосамыз.

-         Айман ханымның құттықтау сөзін неге дұрыстап пысықтамадыңдар?

Ұят болды ғой!

Атқарушы директор қыз ақталуды жөн көрмеді. Себебі, істің салдары осындай нәтижемен аяқталған соң, оны ешқандай ақталу өзгерте алмайды. Айман ханымға құттықтау сөз мәтіні бір апта бұрын қолына тапсырылған-ды. Мәнерлеп оқып, жаттығып жүргенін де көздері көрген. Бұны Еркін мырза да біледі. Бірақ, Айман ханымның беталды, бәтуасыз тілегі бүгінгі кештің шырқын мүлдем бұзбаса да әдемі ауасына жағымсыз иіс бұрқ еткізгендей әсер етті. Дейтұрғанмен кілең қалталы, не істесе де еркеліктері жарасым табатын орта бұған аса мән бермеді де. Тек, Еркін мырза әруақытта әрнәрсеге аса кірпияздықпен қарауды соңғы кезде ғадетке айналдырған. «Кісінің бет-бейнесі мен киімі ғана емес ойы мен сөзі де әдемі болуы тиіс» деген қағидаға жүгіне бастаған-ды. Бір әттегенайы, бұл - ішкі мазмұнсыз, уақытша пайдаланатын сырты ғана жылтыр, ойын заты сияқты еді. Бұндай қағиданы толассыз арқалап жүру мүмкін де емес, және ол біраздан соң жағымсыз проблема да тудыруы мүмкін. Неге десеңіз, туа біткен діңінен қанат жаймаған бұтақ – жасанды шырша тәрізді ғана. Ұқсауы мүмкін, ал негізіне келсе – тексіздік аңқып тұрады.

«Аптаның басы тағы сәтсіз басталатын болды» деп іштей уайымдады атқарушы директор қыз. Қол астындағылардың көзінше Еркін мырза Айман ханымды сөкпесі анық. Тек, бір анығы - кінәлі кісі болмаса да «кінәліні» табады. Сыйақысын кесер, әйтеуір бір жаза қолданады. Қарсы пікір білдірсең: «Тым сауатты болсаң, мемлекеттік жұмысқа бар!» деп есікті көрсетеді. Іштей тынудан басқа амал жоқ. Тегі, Еркін мырзаның ашулы кезінде үндемей құтыла алсаң, кейін мейірбандығына бөленерің күмәнсіз. Еркін мырзаның ашуланғаны да қызық. Өзімен-өзі сөйлесіп жүргенін, әлде ұрсып жүргенін ажырата алмай қаласың, түсініксіз бырқылынан. Ол жаза ретінде кестірген сыйақыны келесі бір көңілді сәтінде жан қалтасынан екі есе ғып қайтара салады. Осындай ұсақ-түйекшілдігін кейде өстіп - мәрттік қылықпен жуып-шаятыны да бар. Ал Айман ханым компания өзіне тиесілі деп шешкендіктен көбіне-көп мамандар мәселесін өзі реттеуге тырысады. Бірақ маманды іскер, біліктілігіне қарап таңдағанның орнына құрбыларының өтініштерін орындауды жөн көріп, сылтау тауып, қызметтегі біреуді босатпақ болады. Осындай кикілжің ақыры Еркін мырзаға жетіп, ол Айман ханымды өз орнына отырғызып, қателікті түзеп, әділ шешім шығаруына тура келеді...

«Бұл жолғы таяқтың зоры маған тиетін шығар» деп күрсінді атқарушы директор қыз. Осындай мыжыңға қолды бір сілтеп, басы ауған жаққа кетіп-ақ қалғысы келеді... бірақ үйреншікті және айлығы да айтарлықтай жерді оңайшылықпен айырбастай салу да мүмкін емес. Бір емес оншақты жылдық итіс-тартысқа еті де үйренді, аракідік әділетсіздік үшін тулап алып, қайта тіл табысу да ғадетке айналған-ды. Тек, «Свято место пусто не бывает» деп жаттанды ділмарсып, сол сөздің байыбына да бармай, Айман ханымның қадір мен еңбекті еш еткені жанға батады. Бір ғажабы, осындай жекеменшік мекеме басшысының мамандарға деген көзқарасының олақтығы қайран қалдырады... Мемлекеттік немесе бюджеттік қызметте қип етсе есікті нұсқау қансіңділік болса, әр білікті маманды ардақ тұту жеке салаға тән болуы тиіс-ақ...  Атқарушы директор қыз осындай ойға қалды.

 

Түнгі қала көліктен біршама аршылған шақ. Қызылды-жасылды болып ойнақшыған төңірек әбден көзі үйренген адамға еш таңсық емес. Сірә, пенде баласы жұмаққа тап болса да біраздан соң еті үйреніп зеріге бастар ма екен. Қаланың көркемдігі жай - өзінше бір қызметтей ғана көрінеді. Иә. Осы жалт-жұлт еткен дүние, мына күжірейіп отырған жүргізуші, барлығы Айман ханымның жекеменшігі тәрізді. Себебі, көңілі қаласа осының біразын өзгертуге құзыры жетеді. Ол өзінің бойынан сондай құдіретті сезінді. Жасы елуді еңсере бастасада әлі күнге бетінің қызылы сарқылмаған, аса күтіммен келе жатқан тәні де жібектей үлбірейді. Тек, соңғы біраз жылдар... Иә, он – он бес жылды да біраз деп айтуға болар ма еді, егер ол осынша ұзақ, жалғызсыраумен өтпесе... Әлі де қос тізесімен күрестіретін, шәрбаттай нәпсі сезімдері ер адамның алақанын аңсайды. Бұл - атақтаған, тірі күйеуі бар әйел заты үшін ең ауыр жаза болар. Әсіресе, ол жұрт алдында сені қолтықтап, сосын іс-шара тәмамдалған соң өз жайына кете барса... Louis Vuitton, Roberto Cavalli және Parmigiani  мен Alfieri & St сияқты небір брендтік сән үйлерінің  әшекей-бұйымдарына бөленген, ғажап иіс-суларымен аңқыған денең ешкімге де керек болмай, тек сені ғана тосатын салқын төсекпен оны бөлісу қандай азап?! 

Осындайда Айман ханым Еркін мырзаны мейілінше жек көріп, оған деген өшпенділігін қалай қандырсам деген сан түрлі қиялдарға батады. Ақыр-аяғы осы алқып-шалқып жүргені соның арқасы екенін мойындап, ертеңгі күннің нәпақасы жеңеді. Еркін мырза өстіп, әр кез болмай жүрген төсек қатынасының парызын ақшалай өтейтін-ді.   

-         Сен мырза болуды армандаған жоқсың ба? Шыныңды айтшы...

-         Ол туралы ойламаппын... Айман ханым...

-         Мен ханшайым болуды шынашақтай кезімнен армандадым... е,

шіркін, сол бал татыған күндер!.. Жоға, ол күндерді сағынғым келмейді, кейде сол өмір өзге біреудің басынан өткен секілді. Жай бір елес... елес... ал мына өмір нағыз шындық! Сенің есімің кім еді?

-         Манап...

-         Иә, Манап... өмір деген өте күрделі дүние, оның тізгініне ие болу екінің

бірінің қолынан келмейді. Бұл дүниенің кілті ақша ұстаған адамның ғана қолында, соны білесің бе? Әрине білмейсің. Себебі, сенде ақша жоқ. Ақшасы жоқты адам деуге бола ма, ол жарымжан мүгедекпен бірдей. Мен өз өмірімнің тәжірибесінен соны түсіндім.

жалғасы бар...