Бақтыгүл Ауданова

Әңгіме

– Биыл көктем ерте келіп еді, – деді бөртегүлдің қар басқан баданадай-баданадай күлтелі басын қағып жатып. – Есесіне міне, қардың астында қалды.

Иіліп тұрған жеміс ағаштарын емес, алдымен бөртегүлдің бұталарын қардан арашалап тұрған көршіме таң қалсам да, оның сондай бір ерекше мейіріммен жасап жатқан ісіне сүйсіне қарап тұра бердім.

– Мұны неге өсіретінімді білесің бе? – деді қарт жанары көп нәрсе айтқысы келгендей жылы жымиып. Құлақ қойдым.

– Үй алдында бір түп бөртегүл жапырақ жаятын. Сәуірдің он бесінен ары қарай гүл жаратын. Ал, сәуірдің жиырма екісі Жәмиләнің туған күні еді.

– Ол кім? – деп сұрадым осы сәт шыдамай.

– Көршінің қызы. Өзі қараторының сүйкімдісі еді. Жылда туған күніне бір құшақ бөртегүл сыйлайтынмын. Құшағы гүлге толған Жәмилә баладай мәз болушы еді. Бозбала шақтың сонау бозала шақтарын менің оқуға түсуім күл-парша етті. Арамыз алыстады. Оның үстіне өзім де бір ауруға тап болдым. Сөйттім де, ауылда қалған Жәмиләнің бағын байлағым келмей одан бас тарттым. «Мені күтпе. Мен аурумын. Жиырма беске де жете алмаймын» дедім. Оқу бітіріп келсем Жәмилә да әлде қашан құтты орнына қонған екен. мен де ауруымдан сауықтым. Сол күйі одан хабарсыз кеттім. Өмір әр салада сынады. Жұмыс бабымен талай жерде жұмыс істедім. Уақыт ағысымен алға жылжыған сайын жүрекке жақын талай естеліктер ұмытылып, сананың терең қатпарларында қалып кете берді. Мен де ұмытқам. Оның орнын жаңа адамдар, жаңа мәселелер толтырып, бала-шаға, тірлік деген күйбеңі көп тіршілікке аяқ басқан кезіміз еді. Бірде жұмыс бабымен Жетісай өңіріне баруыма тура келді. Маңызды құрылыста гидротехникпін. Сол ауданның білікті инженерімен бір бөлмеде тұрдым. Өзім құралпы іскер жігіт. Жөн сұрастық. Жәмиләнің жолдасы болып шықты. Менің миымның мың қатпарында қалып кеткен баяғы Жәмилә. Жо-жоқ, әлі де әлдебір сезімдердің сарқыты сапырылып, бойымда біртүрлі сезім пайда болды. Оны көргім келе ме қалай? Әлде алғашқы махаббаттың ұмытылмайтыны рас па екен? Ол жайлы көбірек білгім келді? Қайда? Қалай? Қандай болып кеткен? Көз алдымда баяғы талдырмаш қара торы қыз. Ендігі өзгерген шығар? Мені тани ма екен?

Енді оны көруді аңсадым. Күйеуінен ол жайлы сұрай беру де ұят екен. Серіктесім екеуміз әр демалыста кезекпен үйге барып қайтатынбыз. Демалысты күтпей-ақ ауылға тартып тұрдым. Өйткені, сол демалыс Жәмиләнің күйеуінің кезегі еді. Сол себепті де бір күнге сұранып үйге барып қайтуыма тура келді. Құр қайтпадым, өзіммен бірге шетіне алтын түс жалатылған рамкаға әдіптеп салынған портрет ала келдім. Өз келіншегімнің студент кездегі портреті. Әкелдім де төсегімнің тұсына қағып қойдым. Сосын Жәмиләнің күйеуіне аз кем ақылсындым.

– Бұл менің жұбайымның жас кезі. Қазір әрине кішкене өзгерген, толықсыған, байыпты бәйбіше болған. Бірақ, менің көз алдымда да, жүрегімде де сол баяғы он сегіздегідей. Менің балаларымның анасы, ошағымның иесі. Сол үшін әр минутта оны ұмытуға хақым жоқ. Өйткені, дәл қазір мен жұмыс бабымен сыртта жүргенде, ол менің үйімнің отын жағып, түтінін түтетіп, есігін күзетіп отыр. Ол менің орныма әрі ер, әрі әйел болып балаларыма тәрбие беруде. Сол үшін де оны құрметтеп, портретін бас жағыма іліп қою міндетім деп санаймын. Не дейсің? – деймін әріптесіме қулана көз тастап.

– Дұрыс! Дұрыс! – деп қуана қоштады ол.

– Бұл саған да үлгі болсын, – деп қоямын. Бұл менің Жәмиләнің ең құрығанда суретін көрсем деген айлам болатын. Айтқанымдай, сол демалыста аулына барған әріптесім Жәмиләнің үлкен портретін көтере келді. Төсегінің тұсына ілуге өзім көмектестім. Содан үш ай бойы, құрылысымыз біткенше Жәмилә жылы жымиып маған қарап тұрды. Ал мен, әр түнде оған қарап жатып көз іліп, Жәмиләнің жылы жүзіне шағылысып барып менің бетіме құйылатын күннің нұрына шомылып оянатынмын. Жұмыс аяқталатын соңғы аптада әріптесім үйіне қонаққа шақырды. Қызға баратын жігіттей жүрегім өрекпіді. Ол кез өзі бір қиындау заман еді ғой. Кештетіп бардық. Жарық сөніп қалған екен. Әлдене сарт етіп есіне түскен әріптесім «оп-поо!» деді де, мені алдымыздан шыққан балаларына тапсырып, өзі «қазір дүкенге барып келем» деп шаба жөнелді. Үй іші ала көлеңке екен. Бой-сойы келіскен келіншек «Келіңіз, төрлетіңіз» деп бәйек болды. Жан-дүнием қанша жерден діріл қағып тұрса да білдірмеуге тірісіп ішке ендім. Алдымда жайнаған дастархан. Досым келгенше амандық сұрасудан артпадық. Жәмилә мені танымады. Қара көлеңке тамның ішінде тануы да мүмкін емес қой. Шәйін әкеліп, кесесін бипаздап сүртіп, үш қайтарып болғанша менің де тағатым таусылайын деді. «Жәмилә мен Қараманмын ғой» деп айтуға шақ қалдым. Қазір

айтпасам кейін кеш болатынын түсінем. Қою шәйін ұсынды. Қолым дірілдей мен де кесеге қол создым. Осы сәт жарық жарқ етті!

Бірақ, ештеңе де болған жоқ... Бір біріміздің бетімізге қарап қатып та қалған жоқпыз, Жәмиләнің қолынан кесесі де түсіп кетпеді... Жәй ғана кесені қолынан алдым. Бәсең үнмен «Қарамансың ба?» деді. «Иә» дедім. Ол да жымиды. Мен де күлдім. Екеуміз өткен-кеткен күндерді еске алып, таныс-білістерді сұрастырып, шүйіркелесіп кеттік.

– Мен сені сырттай қайда тұратыныңды біліп алғанмын, – деді Жәмилә мені таңқалдырып.

– Қалай?

– Қызым аудан орталығында оқитын. Бірде құрбы қызын ертіп келді. Ауылына баратын автобус болмай, жатақханада жалғыз қалатын болған соң үйге ерте келген екен. Сұрастырсам, сенің қызың болып шықты. Ертеңіне автобусқа шығарып салдық. Бірақ сені танитынымды балаға айта алмап едім...

Таныс болып шыққанымызға күйеуі де қуанды. Тек қана қайтарымда Жәмилә жүрек шымырлататын өтініш айтты. Мен жоқ дей алмадым.

– Ол не өтініш? – Үнсіз қалған көршіме сұрақ қойдым.

– Байқаған болсаң жолдасым орысша тәрбиеленген. Ата-енем де партияның адамдары болған. Бізді де сол ізбен некемізді АХАЖ-да некелестік те, мұсылманша неке қимадық. Қазір енді ұл-қызым ержетіп отыр. Жақында үлкен қызымды сұрап келді. Ал менің ішімде бір күдік. Мұсылманша неке қиылмаған соң қалай болады? Менің балаларым некесіз бе? Ертең олардан туған бала да некесіз болып есептеле ме?» деген сұрақтар жанымды жейді. Өзің білесің, ауылды жерде мұндай мәселелерді шешу өте қиын. Сол себепті алыс жерден, бейтаныс молда болса, біздің некемізді мұсылманша қиса деп едім. Осы істе көмектес, – деп қиылған Жәмиләнің өтінішін жерге тастай алмадым. Көп ұзатпай молда тауып, жүрегімдегі Жәмиләні күйеуіне қайта сыйлап, некелестіріп қайттым, – деп әңгімесін аяқтаған көршім әлі де асықпай бөртегүлдің әр бір күлтесіндегі қарды сілкіп жатты. Көршімнің қарт жүрегіндегі алғашқы махаббаттың әр көктемде бөртегүлмен бірге қайта бүрлейтініне қуандым.