Қаражатыңызды қайда жұмсайтыныңызды анықтап алыңыз! Бүгіннен бастап зейнетақы қорындағы артылған ақшаны пайдалану мерзімі 20 күнге дейін қысқарды. Жауапты министрлік зейнетақы аударымына қатысты шартты неліктен өзгерткенін түсіндіруге құлықсыз  деп хабарлайды el24.kz порталы ktk. арнасына сілтеме жасап.


Екі күннен кейін қазақстандықтар жинақтың бір бөлігін «Отбасы банкінің" депозитіне аудара алады. Бірақ бұл қаражатты үш жыл ішінде кәдеге жаратпасаңыз, ақшаңыз қайта қорға аударылады. Зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға қатысты тағы қандай өзгеріс енгізілді?  

Бүгіннен бастап қазақстандықтар зейнетақы қорындағы артылған ақшасын қайда жұмсайтынын алдын ала анықтап алуы тиіс. Өйткені жинақтағы қаражатты пайдалану мерзімі 45 күннен 20 күнге дейін қысқарды. Бұл мерзім қаражаттың арнайы шотқа түскен сәтінен бастап есептеледі.

Ал осыған дейін ақшасын аударып үлгергендерге аталған талаптың қатысы жоқ. «Отбасы банкі» де баспана алуға ниетті отандастарымызға тамаша мүмкіндік беретін бірқатар өзгеріс енгізілгенін жеткізді.

Гүлмира Даткаева, «Отбасы банк» АҚ департамент директоры: - Бүгіннен бастап зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалануға қатысты өзгерістер күшіне енеді. Азаматтар жинақтағы бір бөлігін біздің банктен депозит ашып, соған аудара алады. Сосын осы ақшамен несиеге баспана алуға болады. Аударым жасау 16-желтоқсаннан бастап іске қосылады. Бірақ банктен ашылған депозитке үш жыл ішінде үй сатып алу керек. Осы шотты жабу және жақындарына аудару мүмкіндігі жоқ.  Егер осы талап орындалмаса, ақшаңыз қайтадан зейнетақы қорына қайтарылады. Демек депозитке қомақты қаражат аудармасаңыз, баспана алу өте қиын.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов та қартайғанда бейнеттің зейнетін көру үшін шекті мөлшерден асқан соманы алуға асықпай, жақсылап ойлануға шақырды. Ералы Тоғжанов, ҚР премьер-министрінің орынбасары: - Зейнетақы қорында жиналған ақшаның көлемі іс жүзінде болашақтағы зейнетке шыққан уақыттан бастап өмірге қамтамасыз етуге бағытталған ақша. Рұқсат берілді. Бұл мүмкіндік деп қабылдау керек. Болашақта қордағы ақшаның көлемі ең төменгі зейнетақы шегінен құлдырап кетпеуді ойластыру керек.

Болашағын ойлайтын әр азамат осы мәселені де ескерген жөн. Жыл басынан бері алдын ала қамданған 600 мың адам жинағын ем-дом мен баспана алуға жаратып үлгерген. Қордан азаматтардың шотына 2 триллионнан астам қаражат аударылыпты. Вице-премьер зейнетақы жинағының шекті мөлшері екі есеге дейін көтеріледі деген жаңалықтың тым кеш жариялануы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қателігі деп отыр. Яғни жауапты ведомство түсіндіру жұмысын жүргізіп үлгермепті-міс. Президент бұл шартты өзгертіп, бұрыңғы межемен жинағыңызды сәуір айына дейін алуға мүмкіндік берген.