Талдықорғанда қаңтар оқиғасында изоляторға қамалған «күдіктіні» өлтіріп алған полицей 10 жылға сотталды. Ал, осы фактіні жасырған әріптесіне 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.


Талдықорған қалалық сотында абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан азаптау фактісі бойынша (146-баптың 3-бөлігі 2022 жылғы ҚК редакциясында), сондай-ақ қылмысты жасыру бойынша (ҚК 432-бабы) қылмыстық ісі қаралды.

Анықталғанындай, 2022 жылдың 8 қаңтарында полиция басқармасының қызметкерлері «жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан» деген күдікпен жәбірленуші М.-ны уақытша ұстау изоляторына (УҰИ) жеткізген. УҰИ ғимаратында өзінің қызметтік міндеттерін атқарған сотталушы Б. жәбірленушіге жарақат келтіріп, ол ауруханада қайтыс болған.

Екінші сотталушы С. осы ауыр қылмыс фактісін жасырған. Тараптардың ұстанымы бойынша, прокурор Б.-ны 11 жылға бас бостандығынан айыруды, С.-ны 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушінің өкілдері прокурорды қолдады.️ Сотталушы Б. кінәсін мойындамады, соттан өзін ақтауды сұрады. С. кінәсін мойындап, өкінді. «Айыпталушылардың кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденді.

Сот үкімімен Б. ҚК-нің 146-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. С.-ға ҚК-нің 432-бабы бойынша 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», - делінген Жетісу облыстық соты баспасөз қызметінің хабарламасында. Сондай-ақ, сотталғандардан жәбірленушілердің пайдасына 15 млн теңге сомасында моральдық зиян өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Дереккөз: ҚазАқпарат